ТӘУШЕН ӘБУОВАМЕН АЙТЫСТАН

1  331 көрілім

Апашым, өлеңiңдi қоштайды елiм,

Көремiн өзiңiздi достай керiм.

Қиналды-ау шайқар iнiң,

Мына қыздар,

Әншейiн, қойыпты әкеп бос шәйнегiн.

Өлеңнiң арқаладым қара жүгiн,

Ұшында тағдырымыз таразының.

Ежелден iргелес ел, ағайынбыз,

Бәрiңнiң құтты болғай жаңа жылың!

Жүйрiктер қиқу салып жарысқан шақ,

Достарым, менi iздесең – алыстан тап.

Ақынның ауызымен сәлем айтты –

Бәрiңнiң әулие атаң Арыстанбаб!

Айтыстың Көпбай едi ақтангерi,

Қазақтың Көпбайды айтып мақтанды елi.

Армысың, қосжанымның туған жерi,

Қажымұқан бабамыздың жатқан жерi!

Қазақта бiлем жақсы ырым барын,

Әлсiреп барып қайта тiрiлдi әнiң.

Бөгенде қайта құру болды нағыз,

Қайтадан құтты болсын құрылғаның!

Өлеңдi құрамаймын мен ғайыптан,

Адаммын күнәсiнен ендi айыққан.

Қызылқұм қимай-қимай қоштасып ед,

Бөгенiм, айрылмағын Кенбаевтан!

Өтiптi осы арадан Жiбек Жолы,

Жылы орап жүрушi едiк жүрекке оны.

Қайысып керуендер жылжиды екен,

Артылған қызыл-жасыл тiлек толы.

Тәушен-ау, құм iшiнен тапқаным ең,

Өлеңмен үлкен жұмыс атқарып ең.

Қуанып сенiң әрбiр жеңiсiңе –

Өзiмнiң жеңiсiмдей мақтанып ем!

Апажан, қыялыңның жай құшағын,

Жарқырап туған жаңа Айға ұқсадың.

Тәушендi тапқаныма қуанғанда,

Өзiммен бiлiппiн бе айтысарын?!

Бұл Тәушен ақиық қой естi елдегi,

Өкiнiш емес жырға кеш келгенi.

Бiрақта, менiң осы еңбегiмдi ,

Я аудан, я уалаят ескермедi.

Осымен кезегiмдi доғарғаным,

Есiңе түскен шығар жоғалғаның.

Алдалап iнiңiздi көресiз де,

Қиын ғой Көпбайыңдай бола алмағым.

Емессiз әшейiн-aқ бiрi адамның,

Теңiсiз Көпбайымдай ұлы ағамның.

Қазаққа қадiрi артқан апайым-ау,

Тағы да жиырма минут сұрап алғын.

Айтатын өлеңiмiз дайын ендi,

Риза етушi едiк дәйiмi елдi.

Ендi бiр терлейтұғын шығармын-ау,

Бұрқырап қарындастың шайы келдi.

Әркiмдер жүр сыртымнан күндеп, күлiп,

Достарым жүр, бiрақта, құрметке iлiп.

Тәушен-ау, азын-аулақ қызметiмдi,

Халқыма отырғам жоқ мiндет қылып.

Сыр бермес шәйi мата көнергенше,

Лекiлдеп төгiлемiн өлең келсе.

Солдаттың тiрi қалған жалғыз көзi ем,

Екеумiн өзiңiзбен өле-өлгенше!

Дерегiм жарытымсыз қолда расы,

Қызыл тiл оңды-солды жорғалашы.

Қазақта «Орда» сөзi – қала болса,

Қалалар патшасы ғой – Ордабасы!

Қазақта арзымайтын бос егес көп,

Тұрады қай-қайдағы қоса елестеп.

Ауданды екiншi рет құрарыңда

Қоятын аттарың да осы емес пе ед?!

Жетедi жетпiс үш жыл бөгелгенiң,

Қамаудан шықсын барлық өнерлерiң.

Қажет-ақ қайта құру заманында,

Бөгендi бұзып-жара жөнелгенiң.

Бөгенге арналады осы өлеңiм,

Тiлеймiн көгеруiн көсегенiң.

Көпбайдың есiмiмен аталыпты,

Мектебiң және-дағы көшелерiң.

Қамалған қара жердiң түрмесiне,

Көпбайға бұйырсыншы жыр-несiбе.

Ағасын аңырап бiр еске алмаса,

Қаныбек жердi басып жүр несiне?!

Шықпайды ол досы түгiл, жат есiнен,

Апажан, бұл сөзiмнiң қатесi кем.

Апаммен айтысуға қысылмадым,

Кәрiм де айтысқан ғой әкесiмен!

Қаныбек САРЫБАЕВ.

7.01.1990 жыл.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы