Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілді онлайн контент жасаушылардың «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» IV форумы өтті. Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі мен Қазақстан Баспасөз клубы бірлесіп ұйымдастырған ауқымы кең шараға 250-ге жуық медиа нарығындағы жетекші мамандар, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері сондай-ақ, блогерлер мен влогерлер қатысты. Медианың жаңа мүмкіндіктерін айқындаған форумда Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев пен ҚР-дағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Мозер құттықтау сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жаңа онжылдықтағы БАҚ: өзгерту уақыты және өзгеру уақыты» тақырыбы талқыланған басқосуда Қазақ қоғамына қандай медиа қажет деген сауалға арнайы шақыртылған спикерлер дәйекті дәлелдемелер ұсынды. Бейресми қарым-қатынас құруға арналған шағын конференция қызу пікірталас алаңына айналды.

«Біздің қоғамда жастар мен аға буын өкілдері газет оқығаннан гөрі, әлеуметтік желінің оқырманына айналып кетті. Әлеуметтік желіде адамдар шынайы ақпаратты емес ұнату белгісін (лайк) көп жинайын деген пікірде, ол болмаса көңіл күйі түседі дегендей. Вайнерлер мен мессенжерлер қажет емес дегенге келісе алмаймын. Жылдамдық жағынан сайттар бірінші болғанымен газет иық тіресуге тырысады. Баспаханаға жіберіледі, бірақ ақпаратты таратуда өзгелерде жоқ дүниені бере алады. Сәйкесінше, болып жатқан, ең жиі талқыланатын тақырыптарды журналист барынша сараптап, жан-жақты терең зерттеп жазуы тиіс. Газет өзінің цифрлық медиясын міндетті түрде дамытуы керек. Яғни, сайтын бүкіл аккаунттарын (әлеуметтік желідегі парақшаларын). Басқа баспасөз құралдарына жауап бере алмаймын, дегенмен біздің ұжым да барынша осы бағытты ұстануға тырысып жатырмыз”,-деді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев.

Спикер Ерік Рахымның да ақпарат тарату бойынша айтар ойы Нұрмұхамед Байғараевтың пікірімен шамалас. Оның сөзінше, газеттер баспаханада басылып, келесі болмаса арғы күні оқырманға жетемін дегенше ақпаратта мән қалмайды. Өйткені қазір салынған ақпарат ұзамай ескіріп жатыр. Сондықтан газет тілшілері оқиға желісіне сараптама жасап, мақала жазғаны дұрыс. «Nege.kz» сайтының бас редакторы тұжырымды ойын: «Nege media» «Время» газетімен контент алмасу жөнінде келісім-шарт жасастық. Енді біз екі жақта жарияланған эксклюзивті жаңалықтарды бірмезгілде аударма жасап сайтымызға салудамыз»,-деп қорытындылады.

Қазақ тілді онлайн журналистиканы дамыту, қазақ тілді онлайн-контенттен ақша табу, Қазақстандағы саяси БАҚ нарығы жайында сөз болған «Qazforum 2020-да» жетекші медиа сарапшыларының шеберлік сабақтары және тренингтеріне кезек берілді. Digital-сарапшылардың да пікірі көпшіліктің қызығушылығын арттырды.

«Internews Kazakhstan» ұйымының аймақтық медиа кеңесшісі Асхат Еркімбай Орталық Азия елдерінде адамдар ақпаратты қалай тұтынады және медиа сауат деңгейі қандай деген сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргізіп көрген. Нәтижесінде, қазақстандықтардың телеарнаны көруде, ғаламторды, әлеуметтік желіні қолдану бойынша белсенділігі едәуір жоғары екендігі анықталған. ҚР Ақпарат министрлігінің сайтында БАҚ ретінде 540 онлайн ресурс тіркелген. Онлайн ресурстың 468-і қазақша ақпарат ұсынады.

«Отырар» медиахолдингінің тәжірибесімен бөліскен директоры Айгерім Жұмағұлова ақпарат таратудағы ұжым еңбегін атап өтті. Шымкент қаласында орналасқан ақпарат орталығында 100-ге жуық азамат жұмыс жасайды. Айтуынша, телеарна экранына шыққан жаңалықтарды әлеуметтік желі арқылы таратып оқырман санын арттырып отырған парақшалар бар. Авторлық құқық қорғалсын деген мақсатта ұжым еңбегін рұқсатсыз пайдалануға шектеу қойып, ресми әлеуметтік парақшаларына тұрақты жариялап отыруды жолға қойған. «You Тube» арнасына 170 мың жазылушы тіркелген.

Форум аясында «You Тube» платформасында жұмыс жүргізу: өз контентін ілгерілету үшін журналист нені білуі қажет?» және «Baursak party» бюджет үшін нешеге түсті секциялары қатар өткізілді. Тимбилдинг ретінде ұйымдастырылған кездесу ақпарат айдынындағы әріптестерді жақындата түсті. Ақпарат тарату саласының өкілдері тығыз қарым-қатынаста болып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.