СОҒЫС ӨРТІ ЕРТЕ ЕСЕЙТКЕН АРДАГЕР

1  018 көрілім

Нұрболат Оңалбайұлы Бейсенов 1969 жылы 1 қазанда Түркістан қаласында туылған. Қаладағы Никитин атындағы жалпы орта мектебін бітірген. Әскерге дейін қалалық «коопторг» мекемесінде дайындаушы болып қызмет атқарған. Нұрболат Оңалбайұлы 1988-1989 жылдары Баграм провинциясы мен Саланг асуында барлаушы батальонының құрамында болады. Бізбен кездескенде ардагер ағамыз сол кездегі отты жылдарды әңгімелеп берді.

– Мен Баграм мен Чирикардың ортасында орналасқан барлау батальонының развед-десант ротасында бөлімше командирі болып қызмет еттім. Бір айдан соң шабуыл басталды. Колоннаны бақылап, Хайратоннан Саланг-Кабул арасында 3 ай болдым. Саланг асуында қару-жарақ пен азық-түлік тасыған автоколонналарды күтіп алып, БМТ мен БТР әскери техникасы арқылы күзетіп, межелі жеріне дейін жеткізіп отырдым. 1988 жылы желтоқсанда Түркістан әскери округінің басшысы полковник Громов келіп, бүкіл батальонды Парван мен Пандилер шатқалындағы операцияға дайындалуға бұйрық берді. Ол операция 21 желтоқсанда басталды. Алдымен таңғы сағат 6-дан 9-ға дейін үш сағат бойы истребитель самолеттер шатқалды бомбалады, содан соң кезек катюшаға тиді. Ол да ұзақ, аз төмпештемеді. Шатқал іші шаң мен түтінге, от пен ұшқан оқтың жарықшағына толып жатты. Үшінші кезек біздерге тигенде «жаны бар тіршілік атаулы қалмаған шығар» деген оймен алға жылжыдық. Бірақ, содырлар біздің ол ойымызды жоққа шығарды. Соншама атқылаудан аман қалып, шатқалдың әрбір тасының арасынан шыға келген содырларды көргенде «шайтан ба, әлде жын ба екен» деген ойға берілдік. Дұшпандар өліспей беріспеді. Қарсылық қатты болды. Шығын да аз болмады. Қолға түскеннен жанын шейіт еткендер көп болды. Сол операцияда «За боевые заслуги», кейіннен «За отвагу» медальдарымен марапатталдым, – дейді Нұрболат Оңалбайұлы.

Сонымен бірге, ардагер ағамыз 1989 жылы 15 ақпан күні дивизияның Ауғанстандағы ең соңғы жауынгері ретінде көпірден өтеді. Ұрыс кезіндегі ерліктері үшін «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Инструктор парашютист» және тағы басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы