АБАЙ ЖОЛЫ – АЙҚЫН ЖОЛ

1  154 көрілім

Биыл ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толатыны мәлім. Осы орайда, «ақынды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз», – деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы көпшіліктің көңілінен шықты ғой деген ойдамыз. Ел Президентінің Абай ілімін негізге ала отырып, ел басқару барысында оны орынды пайдалануға деген талпынысы – әділет пен шындықтан адастырмайтын ақ жолға бастайды деп сенеміз. Біздіңше, ұлтымыз өзгеден кем болмауы үшін әрбіріміз Абай нұсқаған жолмен жүруді мақсат етсек, жетістікке жетеріміз анық.

Мемлекет басшысы мақаласында: «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», – деген тұжырымымен толықтай келісе отырып, ұлы ақын шығармалары бүгін ғана емес, болашақта да өзектілігін жоғалтпайтынын пайымдаймыз. Сонымен қатар, Президент айтқандай: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес». Десе дегендей, Абай даналығы дәл осы жаңғыру даңғылындағы темірқазық. Мақаланың кез келген жерінен, мысалы: «Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек», – деген тәрізді, ойып алып, дәйексөз келтіре беруге болады. Бірақ дәйексөз тізбелеумен іс бітпейтіні бесенеден белгілі.

Басқа да әлем оқымыстыларынан бұрын, жастайынан Абайды оқып, көңіліне тоқыған С.Ерубаевтың білімге құштарлығы – қазіргі жастарға үлкен өнеге. Ақын әрі жазушы болып қалыптасуына «ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз»,-деп Абай айтқандай, балалықтың бал қызығын қиып, ойын орнына білім жинаумен айналысқан. Саттардың саналы ғұмыры – оқумен, жазу-сызумен өткені еш өкініш емес. Тек, өмірден ертерек кетіп қалғаны кейінгі ұрпаққа кем пенделік өкініш тудыратыны табиғи заңдылық.

Арманы алға жетелеген Саттардай жастар кемеңгер тұлғаның ақылын оқып немесе айтып қоя салмай, күнделікті өмірде жүзеге асырып, оны өмір сүру салтына айналдырса алынбас қамал жоқ. Бұған Қасым-Жомарт Кемелұлының төмендегі сөздері дәлел бола алады: «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді».

Ақсүмбе БОСТАН,

С.Ерубаев атындағы музейдің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы