ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ЖАЗБА МӘДЕНИЕТІ

2  615 көрілім

Жошы ұлысын жеке дара мемлекет деп жариялаған құрылтай Талас жерінде 1269 жылы өткен. Талас Қазақстан жерінде, қазіргі Жамбыл облысындағы таулы мекен. Негізі Алтын Орда «менікі, сенікі» деп бөлуге келетін тарих емес. Бұл – біздің жалпы мұрамыз. Ноғайлар, қазақтар, қазандық, сібірлік, қырымдық, польдік-литовтық татарлар, қарақалпақтар, өзбектер және тағы басқалары үшін Алтын Орда – ортақ тарих. Алтын Орданың тарихы соның ішінде Жошы ұлысының мәдениеті көбінесе кең көлемді әскери жорықтар мен моңғол армиясының әсерлі жеңістерінің көлеңкесінде қалып отырды. Сонымен қатар, билеуші Жошы әулеті әр түрлі халықтардың басым жағдайында тиімді және тұрақты этносаяси ұйым құра алғаны белгілі.

Рухани мәдениет тарихында ең аз зерттелген уақыт – бұл Жошы ұлысы кезеңінің мәдениеті. Ұлыстың мемлекет басқару жүйесін ұйымдастырудың ерекше сипаты бірнеше ғасыр бойы көптеген халықтар мекен еткен кең-байтақ кеңістіктерге үстемдік етуге мүмкіндік берді. Қазіргі қоғам Жошы ұлысының көптеген мемлекеттік-мәдени жетістіктерін мұра етті. Этникалық топты анықтайтын фактор – бұл рухани мәдениет. Егер дәстүрлі мәдениеттің ерекшеліктері жоғалып кетсе, этнос та, халық та жоғалады. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл мемлекеттік механизмнің ажырамас бөлігі бола отырып, Жошы мемлекетінде болған этномәдени және қоғамдық-саяси процестердің өзіндік көрсеткіші болды.

Мемлекет басқарудың жаңа құрылымдарын құру жаңа басқарушылық тетіктердің тиімділігін қамтамасыз ету үшін тиісті іс қағаздарын жүргізу қажеттілігін туындатты. Шыңғысхан әулеті өз мемлекетінің қол астында әртүрлі этномәдени орталықтарды біріктірді. Жошы ұлысының маңызды аумақтары мұсылман мәдениетіне қарасты болды. Оның қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде Жошы ұлысының ресми құжат жүргізуші қызметкерлері араб графикасын қолданған. Ресми құжаттарды дайындауда ең көп кездесетін қолжазбалар – дивандар болды. Жошы ұлысының құжаттарында куфикалық жазу қолданған. Жошы ұлысының жазбаларын зерттеуші М.А.Усманов осы хаттың жаңа нұсқасын, Алтын Орда – түркі-куфикалық жазбасы деп атаған. Моңғол мемлекетінің ірі және көп ұлтты мемлекет ретінде құрылуы оның іс қағаздарын жүргізудегі көп тілділікті анықтады. Бұл факторлар сайып келгенде моңғол тілінің ресми іс қағаздарынан тез арылуына ықпал етті.

Алтын Орданың негізгі орталықтарында қағазды өңдеудің кең таралған және танымал әдістерін білген. Қағазбен жұмыс жасауда мөлшері қатаң шектелмеген және көп бөлігі мәтіннің көлеміне және қолжазбасына, каллиграфияға байланысты болды. Көбінесе қағаз өлшемі құжаттың адресатының дәрежесі мен мәртебесіне байланысты болды. Қағаздармен жұмыс жасау түрлі түсті сияларды қолданумен ерекшеленген, бұл хаттың ерекше әсерлі болуы үшін пайдаланылған. Олардың негізгілері қара сия болды. Мұхаммед Хиндушах Нах-чивани өзінің трактатында хатшыға қажетті барлық заттарды тізімдейді. Бүгінде Царевский кентінде, Болгарияда, Жошы ұлысының басқа қалаларында оннан астам сия құтылары табылған, Жошы кеңсесінде көбінесе қауырсындар немесе «кальям» яғни қалам жазу құралы ретінде пайдаланылған. Ұлыстың жазбаша мәдениетін сипаттайтын ең маңызды олжа – бұл Волгоград облысының Бахтияровка ауылынан табылған көшірме жасаушының аксессуарлары. Осы жазу құралдарының футляры яғни қабы іс қағаздарын жүргізудің ерекше жағдайларын нақты көрсетеді.

Жазба жұмыстары хан сарайында болсын, соғыс алаңында болсын хатшының құралдарының сақтығы сақталу керек болған. Жазу мәдениетінің жоғары деңгейінің дәлелі Царевский қонысынан табылған қоладан құйылған сия құтысы мен қауырсын. Зерттеуші археолог М.А.Усманов осы артефакттарды талдай отырып, бұл қалам – Шығыс Еуропада металл қалам қолданудың алғашқы фактілерінің бірі екенін айтады, осыған байланысты қаламды белсенді және жиі қолдану туралы қорытынды жасауға болады. Хан кеңсесінде қамыс қауырсындарымен қатар құс пен сүйек қаламдар қолданылды. Хатшылардың сия құтылары әйнек, металл, қорғасын, керамика және қыштан жасалған бөтелке пішінді бұйымдар, пішіні әсем және әдемі безендірілген. Сия құтылары аз сияны соңына дейін қолданатындай етіп аса ұқыптылықпен жасалған. Кейбір сия құтыларында иесіне сәттілік, бақыт, ұзақ өмір тілейтін жазулар бар. Осындай құтылар Кульбаево-Марас ауылының аумағында, Татарстан Республикасы, Нурлат ауданында табылған. XII ғасырдың аяғы – XIII ғасырдың басында Иранда жасалынған сия құтысы айналдыра үш жолақпен безендірілген. Төменгі және жоғарғы жолдарда «Осының иесіне даңқ, табыс, күш және ұзақ өмір», ал қорғасын сия құтыларының бірінде Құранның «Фатиха» сүресінің мәтіні жазылған. Археологиялық дереккөздері қазіргі уақытта тарих қойнауын зерттеу үшін өте маңызды. Осы мақалада көрсетілген ұлы ұлыс мұрасының хатшы атрибуттары Казань мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы тұр. Эрмитаж қызметкерлері жыл көлемінде Алтын Орда мұраларына арнап арнайы іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырып тұрады.

Дилорам ТАУАСАРОВА,

тарихи –мәдени этнографиялық орталық қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы