ТҮРКІСТАННАН ТҮЛЕГЕН ТҰЛҒА – САТИРАНЫҢ СЕРКЕСІ

29 көрілім


Бүгін Сауран ауданында қазақ сатирасының сергек сарбазы, белгілі сатирик-жазушы, журналист-публицист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ермахан Шайхыұлы ағамыздың «Жансарай» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Рухани кешке қатысып, ағамызбен жүздесіп, өткен күндерден сыр шертетін естеліктерді тыңдадық.
Негізі, кеше Түркістан қаласында ағамыздың «Жансарай» кітабының кең көлемдегі тұсаукесері өткен болатын. Белгілі себептермен ол кешке қатыса алмадым. Ал бүгін Сауранға арнайы ат басын бұрып, ағамыздың қуанышына ортақтасып қайттық.

Бұл кеш тек кітап таныстырумен шектелген жоқ. Әзіл мен әңгіме, естелік пен рухани әсерге толы тағылымды кездесу болды. Жиналған қауымның жүрекжарды лебіздері мен естеліктері кештің мазмұнын байытып, қаламгер болмысының тағы бір қырын аша түсті.
Белгілі композитор Бекжігіт Сердәлі, медиа-менеджер Тельман Бейсен, Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова, «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева сынды руханият өкілдері қатысқан жиында қаламгердің шығармашылық жолына шолу жасалды. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы атынан дәстүрге сай ағамыздың иығына шапан жауып, құрмет көрсеттік.

Ермахан ағамыз – Түркістанның төл перзенті. Осы қасиетті топырақта түлеп, еңбек жолын туған жерінде мемлекеттік қызмет пен ақпарат саласында бастаған ол кейін шығармашылығының жаңа тынысын ашқан Алматыға қоныс аударды. Дегенмен туған жерден тамырын үзген емес.
Осы орайда жерлес інілері атынан ағамызға ақжарма тілегімізді арнаймыз. Қаламыңыз мұқалмасын, шығармашылық шабыттың қайнары сарқылмасын!
Кітап – қаламгердің жан дүниесі болса, «Жансарай» – сол жан дүниенің оқырманға жол тартқан жаңа парағы.
Биыл асқаралы 60 жасқа толған Ермахан Шайхыұлы ағамызға мықты денсаулық, шығармашылық табыс, оқырман ықыласы мен толағай шабыт тілейміз!
Туған жердің төрінде осындай қуаныштарыңыз көбейе берсін, аға!

М.ДӘУЛЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы