«ҒАШЫҚСЫЗ ҒАСЫР» ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

27 көрілім

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы, публицист, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасы Түркістан қалалық Мәдениет үйінің сахнасында көрерменмен қауышты. Қоюшы режиссер – республикаға танымал театр және кино актері, жиырма жылдан астам уақыт Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрында және «Алдараспан» әзіл-сықақ театрында өнер көрсетіп келе жатқан сахна шебері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шәкен Амантуров.

Көпшіліктің сүйікті актері бүгінгі күні жаңаша қырынан танылып, түркістандықтарға терең ойлы туынды ұсынды. Өмірдің шындығынан тұратын керемет спектакльді сахналаған – Мәдениет үйі жанындағы Түркістан халықтық театрының әртістері. Қойылым кейіпкерлері Қайырбайды Ғалымжан Жакипов, Фариданы Жадыра Сейдахметова, Русланды Талғат Қарынбаев, Райханды Данагүл Индемесова, Жұлдызды Жадыра Әлімжанова, Нәзікешті Айым Каленова шынайы, жүрекке жеткізе ойнап, көрермен қошеметіне бөленді.

Драмалық туындының басты тақырыбы – бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың әлсіреуі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, сезім мен жауапкершілік, өмірлік таңдау мен сол таңдаудың салмағы, материалдық мүдде көздеп, пендешілікке бой алдырған бір адамның шаңырақтың шырқын бұзуы, бірнеше адамның тағдырына әсер етуі, балаларға тигізер зардабы. Шын мәнінде де, қазіргі таңда актуалды болып отырған тақырып жүректерді қозғады.

Спектакль соңында сахна төрінен сөйлеген Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қыдырәлі Рысбековтің «кіп-кішкентай нәрестенің үлкен шаңырақтың тағдырына әсерін» көңілі қобалжып, жанары жасаурай айтуы – сахнада жанын сала ойнаған актерлердің шеберлігінің, тақырыптың өзектілігінің айғағы.

Түркістан халық театрының жаңа сахналық туындысының премьерасында Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев Мәдениет үйінің жетістіктері мен табыстары туралы айта келіп, шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледі. Жалпы, орайы келгенде айта кетейік, өнерге жол ашатын қасиетті орда – Мәдениет үйінде төрт шығармашылық ұжым бар. Атап айтқанда, Түркістан халық театры, «Шұғыла» мәдени-үгіт тобы, «Яссы» және «Бойтұмар» би ансамбльдері – Түркістан қаласының рухани өмірінде ойып алар орны бар өнер ұжымдары. Ал бүгінгі көрермен көзайымына айналған театр тарихы 1953 жылы құрылған драма үйірмесінен бастау алады. Өнерге деген құштарлық пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде 1964 жылы халықтық атағына ие болды. Яғни, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт бойы өнерпаздардан құралған театр сахна төрінде талай тағылымды қойылымдарды көрерменге тарту етіп, көпшілік ықыласына бөленіп келеді.

Өнер адамдарының мойнына тағылар алтын алқа да – осы көрермен сүйіспеншілігі. «Ғашықсыз ғасыр» драмасының басты кейіпкері Фарида образын сомдаған өнер иесі Жадыра Сейдахметованың тақырыпты жан-тәнімен қабылдап, беріле ойнауы – жүрегімізді елжіретіп, өнер құдіретіне тәнті етті. Халық театрының премьерасы өнер ұжымының өсу, даму, ізденіс үстінде екендігін тағы да бір паш етті. Театр әр жылдары қазақ драматургиясының таңдаулы туындыларын сахналап, республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. «Ана жер Ана», «Жаңғырық», «Қырсық келін», «Үлкен қателік» сынды қойылымдар ұжымның шығармашылық жетістіктерінің бір парасы ғана. Көрермен қауымды бір жылатып, бір күлдірген бүгінгі күрделі драмалы қойылым – осындай ізденісті еңбек нәтижесі. Халық театры 2024 жылы жергілікті драматург Елтай Бимаханбетовтің «Қырсық келін» драмасымен облыстық «Театр – өмір айнасы» халықтық байқауында жүлдегер атанған болатын. Бүгін де театр өмір сабақтастығын жалғастырып, көрерменге ой салатын, өмір шындығын бейнелейтін жаңа қойылым қойды.

Көрермен қауым спектакль аяқталса да, көпке дейін қол соғып, дауыстап алғыс-сезімдерін білдіріп, залдан кетуге асықпады. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өнер иелеріне тарту еткен «Ықылас гүлі» одан сайын көңілге шуақ төкті. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Төлегенқызы Шамет қорытынды сөз сөйледі:

«Бұл – әрбір отбасын «дір» еткізген қойылым болды. Өмірден алынған оқиға. Театрдың өзі – өмір. Сондықтан осындай керемет шығарманы сомдаған қалалық Мәдениет үйінің халық театры ұжымымен мақтанамын. Өнер иелерінің дарыны әрбіріңіздің жүрегіңізден орын алғанын ыстық ықыластарыңыздан көріп тұрмын. Бүгін – біз үшін тарихи күн. Бүгін келген көрермендеріміз де тарих беттерінде қалдыңыздар деп есептеңіздер», – деген тілектермен Лиза Төлегенқызы халық театрының әртістеріне «Алғыс хаттар» мен сый-сияпат табыс етті.

87 жастағы көрермен әжеміз Рыс Тәшметова шашу шашып, ақ батасын берді. «Ғашықсыз ғасыр» драмасының премьерасын түркістандықтар екі күн бойы тамашалады.

Кімге де болсын үлкен ой салатын туындымен қауыштырған өнер ұжымына, іскер де білікті басшы Лиза Шаметке айтар алғысымыз шексіз! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Роза Нарымбетова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы