Қылышын сүйретіп қыс келсе, төбесінен түтіні кетпейтін түркістандықтар күз мезгілінің орта тұсынан бастап көктемнің алғашқы айларына дейін қара түтінмен тыныстайды. Соңғы жылдарға дейін бірді-екілі мәселе көтерілгенімен көпшілік бұл жайттың шешімін елестете алмайтын. Сондықтан шығар Түркістанның экологиялық жағдайына лажсыз түсіністікпен қарайтын еді. Ал, бүгінде бәрі басқаша. Қалаға табиғи газ келіп жатыр. Қазіргі таңда билік өкілдерінің мәлімдеуінше шаһардың 65 пайызына газ құбыры тартылған. Амандық болса биыл аталған көрсеткіш 100 пайызға жетуі керек. Осы жайды көзімен көріп отырған тұрғындар Түркістанның көк аспанын торлаған қара түтіннен құтылуды зарыға күтуде. Өкінішке орай, Түрленген Түркістанның табиғатын аялауға яғни, көмір жағуды тоқтатып, табиғи газ кіргізуге құлшыныс танытпай отырған жандар көңілге қаяу түсіруде. Соның ішінде қыс ауасында шаруасы қыза түсетін моншалардың біразы әлі күнге дейін ауаның ластануына себепші болып отыр.
Түркістан облысы экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Қуанышбек Ақылбековтың айтуынша, қалада жалпы саны 31 монша бар. Оның 25-і жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 14 моншаға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма тарапынан мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген. Сондай-ақ, барлық мекемелердің жылыту қазандықтарына қатты көмірді жаққанда қаланың 6 нүктесінде атмосфералық ауасы: күкірт тотығы, шаң, көміртегі тотығы нормадан жоғары ластанғаны анықталған. Экология департаменті тарапынан жүргізілген тексеріс нәтижесінде «Ұлы дала» және «Тұран» моншалары белгілі талапқа сай еместігі анықталған. Экологиялық ахуал сақталмағандықтан «Ұлы дала» моншасының иесіне 75750 теңге айыппұл салынып, қоршаған ортаға залалы үшін 25332 теңге қаражат төлеген. Бұдан өзге «Тұран» моншасының иесі 50500 теңге, қоршаған ортаға залал келтіргені үшін 482811 теңге айыппұл төлеген. Қаладағы 17 моншаның рұқсат құжаты жоқ.Талапқа сай емес, рұқсаттамасы жоқ мекеме әлі күнге дейін жұмыс жасауда. Ол үшін кім жауапты? Тиісті мамандар бұл жайтты біле тұра көз жұмғандығы ма, әлде бейхабар ма?
Жоғарыда көрсетілген сандар қыруар қаржы екендігі жасырын емес. Монша иелері сол қаражатқа көгілдір отын кіргізсе болмас па еді? Көмірді пайдалану бейнеті көп, зияны жетерлік дүние. Одан қалса оның қалдықтарын тазалау тағы бар. Жеке кәсіпкерлер өз қалтасын емес, халық қамын ойласа екен. Себебі, ол ауамен өзі де, оның жақындары тыныстап жүр. Қатты отынды пайдалану тынысты тарылтып қана қоймай адам денсаулығына тигізер зияны орасан.
Қазіргі таңда газ кіргізу шаралары көңілге кірбің ұялатады. Осы орайда, әр жеке тұлға, жеке кәсіпкер табиғи газ тартуда белсенділік танытса игі еді… Қара алтынның экологиялық тұрғысынан қаншама зиян келтіретіні белгілі. Десе де, әлі күнге дейін көгілдір отынға көшкен кәсіпкерлік нысан, мемлекеттік мекемелердің саны саусақпен санарлықтай. Облыстық мәртебеге ие болған өңір үшін бұл үлкен сын болып тұр.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».