«ЖАПЫРАҚ ҒҰМЫР»

1  308 көрілім

Жақында түркістандық зиялы қауым өкілдерінің және шығармашылық ұжымның қатысуымен ақын Айдар Сейдәзімнің «Жапырақ ғұмыр» атты тырнақ алды туындысының тұсаукесері өткенін бұған дейін газетімізде жариялаған болатынбыз. Сонымен ақынның өмір жолына үңіліп көрейік.

Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы 1980 жылы 26 желтоқсанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ақжол ауылында дүниеге келген. 1997-1999 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдеби шығармашылық бөлімінде дәріс алған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. Ақынның бұған дейін өлеңдері республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланып, оқырмандарының ыстық ықыласын алған. Осы тұрғыда біздер Ақын Айдар Сейдәзімнің сиясы кеппеген «Жапырақ ғұмыр» атты кітабында жарық көрген бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

САҒЫНЫШ

Қара жердей қарысып қар аңсаған,

Ынтық боп қалқа жаным, барам саған.

Қазан түбі қаспақтай қалды естелік,

Екеуміз сыр ақтарған қарашадан.

Сарқылып бара жатыр ерік, жігер,

Мен өзіңсіз жайым жоқ өмір сүрер.

Сарқытып сабырымды, тағатымды,

Ортамда айналдым-ау көңілсіз ер.

Сен де, мен де мың тәуба, еріктіміз,

Сағынышқа салынған бөріктіңіз…

Сағыныштың мендегі символындай,

Жүрекке көшіп алдың көрікті қыз,

Бір тілерім жүректен ауа көшпе,

Кездесейік кел, қалқам, ала кеште.

Екеуміз кездескенде тыңдаған ән,

Ұмыт болсаң өзіңді салады еске.

Қара жердей қарысып қар аңсаған,

Ынтық боп қалқа жаным, барам саған…

*   *   *

Кәрістің қызы Есiмде әлі Арыстың күзi,

Тым жылы қызбен таныстым жүзi.

Қап қара көзi, сүттей ажары,

Қайда екен сол бiр кәрістің қызы?

Тамсанғам сонда ғажап екен деп,

Сендей сұлулар аз-ақ екен деп.

Уақыт сұрадым қырындамақ боп,

Арыста туған қазақ екен деп.

Жұрттар ескерттi: «Кәрiстiң қызы, Ата жұрты тым алыстың қызы».

Үйленгiш болсаң, Қоңыраттан ал!»,- дедi де ата-анам тағы да ұрысты.

Ұнаған маған биязы екенiң,

Әкең ауылда пияз егетiн.

Өзге ұлттан әйел алғанның,

Ескерттi ауыл сыйы аз екенiн.

Тиынға айналды ғашықтық құны,

Сезімнің суыққа шалт үскен гүлi.

Әкең жиналып көштi «Камазбен»,

Қол бұлғап қалдым қар түскен күнi.

Қайда жүр екен кәрicтiң қызы?..

*   *   *

МЕҢДІ ҚЫЗ

Жылытып кеткен лебіздей мені,

Алаңдап көңіл сені іздей берді.

Күлкісі көркем кекілді қыздың,

Есімде қапты мейіздей меңі.

Есімде қапты мейірімді көзі,

Қасы тым сұлу, иілген кезі.

Ұялып шіркін, ұрлана қараған,

Қанбай қалып ед мейірдің де өзі.

Кекілі төгілген жасырма қабақ,

Жанарын үлгердім жасынға балап.

Есеңгіредім де мен қала бергем,

Ғажайып сәтті ғасырға балап.

Көңілсіз еткен кешімді керім,

Кербез сұлуды кешірген едім.

Кекілді қыз көрсем алаңдай берем,

Өйткені меңі есімде менің.

*   *   *

ҚЫС СУРЕТТЕРІ

Қара жерден қыс келіп құн сұрайды,

Қардың бетін қатқақпен күн сылайды.

Ұялшақ қыз дегендей, қысылмағын,

Аяз-жеңге қар бетін шымшылайды.

Шымшылайды қызықтап сыр сұрайды,

«Қашырма» деп бұйырып құр шырайды.

Дауыл-жігіт билетіп тербетсе де,

Қайың-қыз жыламайды, сыңсымайды.

Сыңсымайды, қайың – қыз жыламайды,

Сырлас қып алған ол да бұлаң Айды.

Аппақ әлем, Ай көркем, түнемеге,

Жалғызсырау оған да ұнамайды.

*   *   *

АЯЛДАМА

Ай болатын, шыжыған асыл тамыз,

Аялдама көп тұрдық қасында біз.

Жанымыздың шулатып жапырағын,

Ей, табиғат, сіз бізді басынбаңыз!

Балалықтың балауса алаң бағы,

Сонда оянған естелік санамдағы.

Қызғанатын ауылдың бар баласы,

Қызғанатын, сонан соң, ағаң-дағы.

Ұмытамыз жаздың сол кешін неге,

Шойындайын балқыған есіл дене.

Ай болатын шыжыған асыл тамыз,

Сүйіскенбіз сол сенің есіңде ме?

Жолама деп айтатын «жаман» ағаң,

Үй сыртыңнан сонда да жағалағам.

Жақсы қыз деп өзіңді шамалағам,

Содан, кейін бақытқа бағалағам.

Ұқсамаушы ек сірә да жасыққа біз,

Жаздың орнын алыпты басыпта күз.

Аялдама күтеді… мен де күтем,

Кездесеміз әлі де асықпа қыз.

*   *   *

ЖИДЕ ГҮЛДЕГЕНДЕ

Жиде гүлдеді, жиде гүлдеді,

Құлпырып шықты жеңгем үйдегі.

Тәңір сыйы ма, сәйкестік пе әлде?

Ауылға бүгін сүйгенім келді.

Жиде гүлдеді, бақша тым сұлу,

Жарамас, енді, әсте қымсыну.

Жиде тал түбі – кездесер нүкте,

Ернінен қыздың мақсатым – сүю.

Жиде гүлдеді, сайрады бұлбұл,

Әнші құстардың сұлтаны бұл дүр.

Жаратқан ием, сұранам сенен,

Інісі құрған, жоспарын бүлдір!

Әтір – жиденің иісіне елтіп,

Қызды күтудің қисыны кетіп,

Тұрғанда келді інісін ертіп,

Болмайтын жандай, түйсігі жетіп…

Інісін іштей жақтырмай тұрдым,

Ұрлаған желдей қызығын қырдың.

Сол жолы кетті сұраққа байлап,

Ұстатпай, құрбым ұштығын сырдың!

Недеген, қарғам, күйгелек едің,

Білмедің бе, әлде, жиде гүлдегенін…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы