Қант диабетінің алдын алу – өз қолыңызда!

32 көрілім

                    

        Қазіргі таңда әлем бойынша ең жиі кездесетін созылмалы аурулардың бірі – қант диабеті. Дәрігерлер бұл дертті «үнсіз індет» деп атайды. Себебі аурудың бастапқы кезеңінде адам ешқандай ауырсыну сезінбейді, бірақ ағзадағы зат алмасу процесі біртіндеп бұзыла береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл дерт жүрек-қантамыр аурулары, бүйрек жеткіліксіздігі және көру қабілетінің жоғалуы сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Дегенмен, қуантарлық жайт – кең таралған 2-типті қант диабетінің алдын алуға толық мүмкіндік бар.

                 Ауру қалай пайда болады?

    Қант диабеті ұйқы безінің инсулин гормонын жеткілікті мөлшерде бөлмеуінен немесе ағза жасушаларының осы гормонды дұрыс қабылдамауынан туындайды. Соның салдарынан қандағы қант (глюкоза) деңгейі шамадан тыс көтеріліп, тамырлар мен ішкі ағзаларды зақымдай бастайды.

                Кімдер қауіп тобына жатады?

      Мамандар аурудың дамуына әсер ететін бірнеше негізгі факторды атап көрсетеді:

  • Артық салмақ және семіздік: Әсіресе бел аймағына майдың жиналуы инсулинге төзімділікті арттырады.
  • Аз қимылдау: Отырықшы өмір салты ағзадағы глюкозаның дұрыс жұмсалуына кедергі келтіреді.
  • Дұрыс тамақтанбау: Тәттілерді, газдалған сусындарды, ұн өнімдері мен фаст-фудты шамадан тыс тұтыну ұйқы безіне үлкен салмақ түсіреді.
  • Тұқым қуалаушылық және жас ерекшелігі: Жақын туыстарында қант диабеті бар адамдар мен 45 жастан асқан азаматтар ерекше сақ болуы тиіс.
  • Тұрақты күйзеліс пен зиянды әдеттер: Созылмалы стресс, темекі шегу және ішімдік ішу қан қысымын көтеріп, зат алмасуды бұзады.

     Алғашқы белгілерге мән беріңіз

Егер бойыңыздан төмендегі белгілерді байқасаңыз, дереу дәрігерге қаралып, қан құрамындағы қант деңгейін тексерткеніңіз жөн:

  • Ауыздың жиі құрғауы және тоқтаусыз шөлдеу;
  • Кіші дәретке (әсіресе түнде) жиі бару;
  • Тәбеттің артуына қарамастан, дене салмағының күрт төмендеуі;
  • Тез шаршау, әлсіздік және ұйқышылдық;
  • Денедегі ұсақ жаралардың баяу жазылуы мен терінің қышуы.

Қорғанудың 5 қарапайым қадамы

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Қант диабетінің алдын алу үшін күнделікті өмір салтыңызға мынадай өзгерістер енгізіңіз:

Тамақтану мәдениетін қалыптастырыңыз. Рационыңыздан қантты, тәтті сусындар мен дайын кондитерлік өнімдерді азайтыңыз. Олардың орнына көкөністер, жеміс-жидектер, қарақұмық, сұлы жармасы және кебекті нан сияқты өсімдік талшықтарына бай тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Тамақты аз-аздан, күніне 4-5 рет уақытылы ішуге дағдыланыңыз.

Қимыл-қозғалысты арттырыңыз. Күніне кем дегенде 30 минут таза ауада серуендеу, жаяу жүру, жүзу немесе велосипед тебу қандағы қант деңгейін қалыпқа келтіреді.

Салмағыңызды бақылаңыз. Артық салмақтың небәрі 5-7 пайызын тастаудың өзі қант диабетінің даму қаупін екі есеге дейін төмендетеді.

Күйзеліске жол бермеңіз. Ұйқы режимін сақтап, жүйке жүйесін тыныштандыратын істермен шұғылданыңыз. Зиянды әдеттерден (темекі, алкоголь) толық бас тартыңыз.

Уақытылы скринингтен өтіңіз. 40-45 жастан асқан азаматтар және қауіп тобындағы адамдар жылына кемінде бір рет емханаға барып, қандағы қант мөлшерін тексертіп тұруы қажет.

       Денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық. Қант диабеті – үкім емес, бірақ оған бейжай қарауға болмайды. Бүгіннен бастап дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстану арқылы сіз өзіңізді және жақындарыңызды бұл қауіпті дерттен сақтай аласыз!

Түркістан қалалық емханасы

                                                                            эндокринолог дәрігер

Азимова Ирода Эркинқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы