ТҮРКІСТАНДА ОТБАСЫ ПСИХОЛОГТАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР БАСТАЛДЫ

14 көрілім

Түркістан қаласында еліміздің 11 облысы мен Шымкент қаласынан келген Отбасын қолдау орталықтарының психолог мамандарына арналған үш күндік оқу-семинар басталды. 16–18 қараша аралығына жоспарланған іс-шара «Отбасын қолдау орталықтары үшін онлайн психологиялық қызметті ұйымдастыру» жобасы аясында өтуде.

Ауқымды басқосу Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «QOLDAU» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Оқу-семинарға Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Атырау, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан келген психолог мамандар қатысуда.

Айта кетейік, жиынның басты мақсаты – мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, жастарды отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан даярлау және некеге дейінгі білім беру бағдарламасын өңірлерде жүйелі түрде енгізуге әдістемелік қолдау көрсету. Үш күндік оқыту Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің №383-НҚ бұйрығымен бекітілген некеге дейінгі оқыту бағдарламасының бес модулі негізінде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, қатысушылар серіктестік пен жауапкершілік, отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық, құқықтық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, сондай-ақ эмоциялық интеллект пен отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.

Аталған бес бағыт бойынша бес тренер теориялық және практикалық сабақтар өткізіп, мамандарға отбасылық қатынастарды нығайтудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйретеді. Әсіресе, жастардың некеге саналы түрде қадам басуы, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру, отбасылық жанжалдардың алдын алу және психологиялық қолдау көрсету мәселелеріне басымдық беріледі.

Сонымен қатар, семинар барысында қатысушылар отбасылармен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасады. Практикалық тапсырмалар арқылы түрлі отбасылық жағдайларды талдау, жанжалдарды шешу және психологиялық кеңес беру дағдыларын жетілдіру көзделген.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқу-семинар нәтижесінде мамандар алған білімдері мен тәжірибелерін өз өңірлеріндегі Отбасын қолдау орталықтарының күнделікті қызметінде қолдана алады. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін психологиялық қызметтің сапасын арттырып, некеге дейінгі білім беру жүйесін дамытуға ықпал етпек.

Жалпы, Түркістанда ұйымдастырылған тағылымды басқосу – отбасы институтын нығайтуға, жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауына, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен отбасылық дағдарыстардың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Өйткені берік отбасының негізі – өзара сыйластық, сенім мен саналы жауапкершілік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы