Түркістан қаласында Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының (ҚҮББҚ) «Сала үні – қоғамдастық күші» атты республикалық съезі өтті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген қауымдастық 14 жылдық қызметі барысында білім беру саласындағы ірі қоғамдық бірлестіктердің біріне айналды. Бүгінде ұйымның еліміздің 17 өңірінде филиалдары жұмыс істейді. Қауымдастық мемлекеттік органдармен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру саласының институционалдық негізін қалыптастыруға, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге елеулі үлес қосып келеді.
Республикалық съезд мемлекет, бизнес және кәсіби қоғамдастық өкілдерін бір алаңға жинап, білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жандос Шарабасов және ҚР «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төрағасының орынбасары Тимур Нахипбековқатысты.
Съезде сөз сөйлеген Аслан Қалиғазин білім беру саласындағы кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-қоғамдастықтың әлеуетін арттыру және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы тиімді әріптестікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Білім беру саласы – елдің адами капиталы мен экономикалық дамуының маңызды негізі. Бұл бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету және мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді байланысты нығайту аса маңызды. Кәсіби қауымдастықтардың жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады», – деді Аслан Қалиғазин.
Ал съездің ашылуында Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы, «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрайымы Ләйлә Күленова құттықтау сөз сөйлеп, кәсіби қоғамдастықтың бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Білім беру саласының дамуы – мемлекет, бизнес және кәсіби қоғамдастықтың ортақ жауапкершілігі. Қауымдастықтың 14 жылдық жұмысы барысында біз сала өкілдерінің мүддесін қорғауға, олардың бастамаларын қолдауға және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар атқардық. Бүгінгі съезд осы тәжірибені саралап, өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашады», – деді Ләйлә Күленова.
Ресми бөлімде қауымдастықтың 14 жылдық қызметінің қорытындысы шығарылып, негізгі жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірлік филиалдардың есептері тыңдалды.
Съезд аясында жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім беру, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру және балабақша басшыларының қаржылық құзыреттілігін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, мемлекеттік гранттар арқылы кәсіп бастау тәжірибесі, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, мектепке дейінгі ұйымдарға арналған отандық білім беру өнімдерін өндіру және білім беру үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу бағыттары қарастырылды.
Республикалық съезд аясында белгілі журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігітпен кездесу де ұйымдастырылды. Кездесу барысында ол қатысушыларға «Көлеңке» атты кітабын таныстырып, оқырмандармен ой бөлісті.
Сондай-ақ қауымдастықтың лотереясы өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі – білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан қауымдастық өкілдері мен серіктестерін марапаттау рәсімі болды. Сала мамандарына «Атамекен» ҰКП, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы, «BI Жұлдызай» қоғамдық қоры және қауымдастық атынан марапаттар табысталды.
Марапаттау рәсімі білім беру мен кәсіпкерлікті дамыту жолында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби жетістіктері мен ортақ іске қосқан үлесін мойындаудың айқын көрінісіне айналды.
Жалпы, республикалық съезд кәсіби қоғамдастық өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуына және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылауына мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы алдағы уақытта да білім беру саласындағы кәсіпкерлікті дамыту, сала өкілдерінің мүддесін қорғау және заманауи білім беру жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.
