Адам ғұмыры жылдармен өлшенгенімен, оның қоғамдағы орны артында қалған жақсы ісімен, ел жадында сақталған жарқын бейнесімен, өзінен кейінгі ұрпақтың жүрегіне ұялаған құрметімен сақталады. Арамыздағы кейбір құрметі бар адамдардың өмір жолына үңілгенде, бір адамның тағдыры тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналғанын аңғарасың. Олар өз ғұмырын жеке басының қамына емес, елдің еңсесін көтеруге, өзі таңдаған саланың өркендеуіне, айналасына ізгілік дәнін себуге арнағанын сезесің. Мұндай азаматтардың есімі уақыт өткен сайын көмескіленбейді, керісінше, кейінгі буын үшін қадірі артып, тұлғалық болмысы айқындала түседі.
Қазақ журналистикасының оңтүстік өңіріндегі шежіресінде осындай айрықша орны бар бір азаматты айшықтап айтқым келіп отыр. Ол – біреуге аға, біреуге ұстаз Байдулла Қонысбек. Биыл ардагер журналист, публицист, тележурналистика менеджері, сыйымен ел жадында қалған арда азаматтың туғанына 85 жыл. Сексен бес жылдық белес тұтас бір өңірдің ақпарат кеңістігі мен рухани өмірінің тарихына үңілетін кезең.
Байдулла ағаның есімін атағанда, ең алдымен, көкейге облыстық газеттің сарғыш беттері, облыс телеарнасның алғашқы жылдары, қос редакцияның қарбалас тіршілігі, редакторлық ізденістің жауапкершілігі, сөзге деген адалдық пен адамға деген құрмет оралады. Оның өмір жолы – мамандыққа адалдықтың, мақсатқа табандылықтың, азаматтық ұстанымға беріктіктің тағылымды үлгісі.
Менің Байдулла ағамен таныстығым өнердің ортасында, ән мен көңілдің тоғысқан бір сәтінде басталып еді. Облыстық «Үкілі үміт» ән байқауына қатысқан кезім. Сол байқауда эстрадалық жеңіл сипатты даңғырадан гөрі, ұлттық дәстүрдегі «Бұл қазақ» және «Айналайын жеңеше» деген екі әнімді бәйгеге қосқанмын. Бағым – қазылар алқасының құрамында Байдулла ағамдай халық әуенінің мәйегін түсінетін адамның отыруы болды. Әннің табиғатын, оның терең тамырын, ұлттық бояуын бағалай білетін азаматтың назарына ілігу жас өнер иесі үшін үлкен қуаныш болды. Сол жолы Байдулла аға «шу» дегеннен-ақ менің өнеріме ерекше ықылас танытып, жанашырлық білдіріп отырды. Мені танымаса да, залда отырғанымды байқамаса да, әнге деген шынайы құрметі мен ағалық қамқорлығын аңғартып, әр кезең сайын дұрыс бағақойып, шығармашылық шабытыма ақ тілегін арнап, қанаттандырумен болды. Оның сол бір жылы сөзі мен қолдауы мен үшін өмір бойы ұмытылмас әсер қалдырды. Байқау барысында ұлттық дәстүрдегі әндердің дұрыс бағалануына, жүлдеге лайық деп тікелей қолдау көрсеткенін ешқашан ұмытпаймын. Ол кісінің сол кездегі жанашырлығы шығармашылық жолыма деген сенімнің алғашқы белгілерінің бірі еді. Өнер жолына енді ғана қанат қағып келе жатқан мен үшін осындай аңызадамның бір ауыз жылы сөзі, шынайы ықыласы талай марапаттан да қымбат болды. Байдулла ағаның сол ықыласы менің көңілімде мәңгі сақталып қалды.
Содан кейінгі кездесулерімізде арамыздағы сыйластық біртіндеп аға мен іні арасындағы жарасымды жақындыққа айналды. Қай жерде кездесе кетсек те, алыстан танып, жүзіне күлкі үйіріліп: «Әй, композитор інім!» деп арқамнан қағатын болды. Осы бір ғана сөздің өзінде қаншама жылылық, қаншама бауырмалдық жататын. Мейірімді жүзінен өнерге ұмтылған інісі деп қабылдайтын кең жүрегін сезетінмін. Кейде адамның кім екенін бір ауыз сөзінен, амандасқандағы ықыласынан, қол алысқандағы мейірімінен танисың. Байдулла аға сондай жан еді. Оның амандығыңды сұрауының өзінде шынайылық болатын.
Байдулла ағаның бейнесін көз алдыма елестетсем, ең әуелі жүзіне үйіріліп тұратын тап мына суреттегідей жұмсақ жымиысы есіме түседі. Болмысында бір ерекше мейірім бар-тын. Үнемі жымиып жүретіндей көрінетін. Бұл адамның ішкі дүниесінен, кең пейілінен, айналасына деген мейірімінен туындайтын қасиет еді. Кейбір мінберге жақын ағаларымдай емес, қабағын түйіп, кісіге жоғарыдан қарайтын, өзін өзгеден биік ұстайтын мінез байқалмайтын. Қай ортада жүрсе де, адамдармен тез тіл табысып, үлкен-кішінің көңілін таба білетін. Әңгімеге араласқанда әзілін де орнымен айтатын, тыңдаушысының жүзін жадыратып жіберетін. Журналистикадағы атақ-абыройы мен өмірлік тәжірибесі оны тәкаппарлыққа емес, керісінше, қарапайымдылыққа жетелегендей. Нағыз биіктік те осында шығар. Өзіңнің кім екеніңді өзгеге дәлелдеуге тырыспай-ақ, айналаңның құрметіне бөлену – кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін бақ.
Байдулла Қонысбектің журналистік жолы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында басталды. Оның ұзақ жылдар бойы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп, басылымның жауапты хатшысы деңгейіне дейін көтерілуі – кәсіби қалыптасуының үлкен мектебі. Газет редакциясының қазанында қайнап, сөздің салмағын, ақпараттың жауапкершілігін, редакторлық талғамды меңгерген адам ғана журналистиканың ішкі табиғатын терең түсінеді. Ол кезде журналист болу бүгінгідей дайын ақпаратты өңдеп, жариялай салу емес еді. Әр деректің соңына түсіп, әр сөйлемнің астарына үңіліп, әр материалдың қоғамдық маңызын саралау қажет болатын. Қаламгердің қалыптасуына редакцияның тәртібі, әріптестердің талабы ұстаздық етті. Байдулла аға осы мектептен өтті. Газет жұмысының қара жұмысы мен жауапты қызметінің бәрін көрді. Хатшылықтың ұқыптылығы мен ұйымдастырушылық қабілетін, бөлім жұмысының талдау мен ізденісін, жауапты хатшылықтың редакциялық талаптарын бойына сіңірді. Сондықтан кейін теледидар саласына келгенде, оның қолынан тек эфирді ұйымдастыру ғана емес, тұтас шығармашылық ұжымның жұмысын үйлестіру оңайға соқты.
Бүгінде оңтүстік өңірдің ақпарат кеңістігін «Оңтүстік» телеарнасынсыз елестету мүмкін емес. Ал осы арнаның дүниеге келу тарихында Байдулла Қонысбектің табандылығы мен ұйымдастырушылық еңбегі жатыр. 1987 жылы облыстық телерадио комитетіне басшылық қызметке келгенде, өңірде жеке телеарна ашу мәселесі оңай шешіле қоятын шаруа емес еді. Техникалық мүмкіндік шектеулі, қаржы тапшы, маман жетіспейді. Радионың қалыптасқан жұмысын жалғастырудың өзі оңай болмаған кезеңде облыстық телеарна ашу туралы ой айту – үлкен тәуекел. Бірақ Байдулла аға тәуекелге барды. Өйткені ол телеарнаны жай ғана жаңа мекеме немесе кезекті ақпарат құралы ретінде қарастырған жоқ. Өңірдің өз үні, өз мінбері, өз ақпарат кеңістігі болуы керектігін түсінді. Халқы көп, тарихы терең, рухани әлеуеті мол аймақтың өз телеарнасы болуы – уақыт талабы екенін дәлелдей білді.
Мұндай бастаманы көтеру бір басқа да, оны өмірге әкелу бір басқа. Байдулла аға сол арманын жүзеге асыру үшін талай табалдырықты тоздырды. Қажетті құрал-жабдықтың есебін жасатты, техникалық мамандар іздеді, қаржы мәселесін шешудің жолдарын қарастырды. Кейде журналистің өзіне бейтаныс техникалық саланың қыр-сырын меңгеруге тура келді. Бірде үміттендірген шешімнің орнына жаңа кедергі шықты, бірде келісілген мәселе басшылықтың ауысуымен қайтадан кейінге шегерілді. Бірақ ол мойымады. Өйткені оның алдында жеке мансаптың емес, тұтас өңірдің мүддесі тұрды. Ақыры 1990 жылы «Оңтүстік» телеарнасының шаңырағы көтерілді. Бұл – оңтүстік жұртшылығының ақпараттық өміріндегі жаңа кезеңнің басталуы еді.
Экранға шығып сөйлеу, хабар тарату… Оның ар жағында үлкен ұжым, күрделі техника, шығармашылық ізденіс, редакциялық тәртіп, уақытпен санаспайтын еңбек жатыр. Осылардың бәрін бір арнаға тоғыстыру үшін басшының кәсіби білімімен қатар, адам танитын қасиеті, ұйымдастырушылық қарымы, сабырлы мінезі болуы керек. Байдулла ағаның басқарушылық қабілеті дәл осы тұста айқын көрінді. Ол әр маманның қабілетін бағалай білді, өз ісіне сенетін адамдарды іздеп тапты, ұжымға топтастыра алды. Телеарнаға келген адамның бәрінен бірдей дайын маман талап еткен жоқ, керісінше, бойындағы қабілетін танып, соны іске жаратуға мүмкіндік берді. Ұжымның жетістігі басшының жеке беделінен ғана емес, әр қызметкердің еңбегін бағалай білуінен қалыптасатынын жақсы түсінді.
Оның басшылығымен облыстық телеарна алғашқыда аптасына жеті күн, күніне бір сағаттық хабар таратып, кейін эфир уақытын біртіндеп ұлғайтты. Тәулігіне он сегіз сағат хабар көрсететін деңгейге жетуі – сол кезеңдегі тележурналистердің қаншама еңбегінің нәтижесі. Бірақ бұл жетістіктің бастауында жүйелі жұмыс пен алға қойған мақсатына адал басшы тұрды. Байдулла аға қиын кезеңде қызметкерлерінің тағдырына да бейжай қарамады. Қаржы тапшылығы сезіліп, жалақы төлеу қиындаған тұстарда ұжымның тарап кетпеуіне күш салды. Мамандарды сақтап қалу үшін демеушілер іздеп, түрлі мекемелердің есігін қақты. Мұндай әрекет оның басшылықты қызметтік лауазым емес, жауапкершілік деп түсінгенін көрсетеді. Қарамағындағы адамды тек жұмыс күші ретінде емес, өзімен бірге ортақ мақсатқа қызмет етіп жүрген әріптесі ретінде бағалады.
Осы тұста тележурналистикадағы басшының тағы бір қырына тоқталғым келеді. Жақсы басшының барометрі – өзі сөйлеген сөздің көптігі емес, өзі қалыптастырған ортаның сапасы. Байдулла аға басқарған телеарнада журналистік ізденіске, қоғамдық мәселелерді көтеруге, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға жол ашылды. «Бетпе-бет», «Жүздесу», «Шарайна» секілді хабарлар көрерменнің ықыласына бөленіп, өңірдің қоғамдық өміріндегі маңызды мәселелерді талқылайтын мінберге айналды. Телеарна эфирі арқылы ел ішіндегі өзекті мәселелер айтылып, өнер адамдары мен зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірі көрерменге жетті. Өзі де сол хабарлардың бір парасында тележүргізуші болып танылды. Қазір «подкаст» деген жанр бедел жинап жүр. Алғашқы подкасттарды осы Байекең жүргізді ғой деп ойлаймын кейде.
Байдулла ағаның тележүргізушілік ерекшелігі туралы айтқанда, оның журналистік табиғатын тұтас қарастыру керек. Ол экран алдында өзін көрсетуге ұмтылған жүргізушіден гөрі, әңгімелесушісін сөйлете білетін, сұрақтың салмағын сезінетін, сөздің табиғи өрбуіне мүмкіндік беретін журналистік мектепті қалыптастырды. Теледидардағы шынайылық – дауыс көтеру немесе әсерлі қимыл жасау емес, экранның ар жағындағы көрерменмен сырласу, сұхбаттасушының жан дүниесіне жол табу, оның айтпағын ашуға көмектесу, әңгімені негізгі арнадан бұрмай, тыңдарманға түсінікті етіп жеткізу. Бұл тележүргізушіге тән үлкен шеберлік. Байдулла ағаның экрандағы болмысы, міне, осы қарапайымдылық пен салмақтылыққа негізделді. Ол журналистиканың сыртқы жылтырақтан емес, мазмұннан басталатынын жақсы ұғындырды. Сондықтан да ағаның теледидардағы қолтаңбасы тек жүргізген хабарларымен емес, қалыптастырған журналистік талғамымен бағалы.
Байдулла ағаның журналистік болмысын даралайтын тағы бір ерекшелік – сөзге деген жауапкершілігі. Журналистиканы кез келген адамның қолына ұстата салатын құрал емес, қоғам алдындағы үлкен аманат деп түсіндірді. Ақпараттың ақиқаттығы, сөздің тазалығы, қаламгердің ары мен ұяты ол үшін бәрінен жоғары тұрды. Журналистің жеке басының мүддесін қоғамдық мүддеден биік қоюына, ақпарат құралын біреудің есебін түгендейтін құралға айналдыруына үзілді-кесілді қарсы болды. Арзан сенсация мен жалған дақпыртқа, біреуді даттау арқылы бедел жинауға тырысатын әрекеттерге жаны қас еді. Мұндайда ойын бүкпесіз айтатын. Өйткені ол журналистиканың қадірін өз басынан өткеріп, оның қоғамға қаншалықты ықпал ете алатынын терең сезінді. Оның азаматтық ұстанымы – шындықты айту, елдік мүддені қорғау, ұлттық құндылықты бағалау, әділетсіздікке бейжай қарамау. Бұл ұстанымын қызметте жүрген кезінде де, зейнет демалысына шыққаннан кейін де өзгерткен жоқ.
Байдулла Қонысбектің журналистикадағы абыздығы тек көп жыл еңбек еткендігімен өлшенбейді. Абыздық – уақыттың сынынан өткен тәжірибе, сөздің парқын білетін парасат, кейінгі буынға жөн көрсете алатын ұстаздық қасиет. Ол кісі осы үш өлшемнің де үдесінен шыққан тұлға. Журналистер ортасында беделінің биік болуының бір себебі – ешкімге жалтақтамай, кәсіби мәселеге кәсіби тұрғыдан қарай білуінде. Жастардың талабын қолдап, талпынысын бағалап, қажет жерінде жөн сілтеп отыратын. Біреудің жетістігін көре алмайтын тар түсініктен ада болды. Қайта, кейінгі толқынның өскенін, өзінен де озық шыққанын қалайтын кеңдік танытты. Жас журналистің бойынан ізденісті, шынайылықты, еңбекқорлықты көрсе, соны қолдап, қанаттандыруға тырысатын. Менің «Үкілі үміттегі» өнеріме көрсеткен ықыласы да осындай кең жүректіліктің бір көрінісі. Ол жерде мен оның қарамағында жұмыс істеген қызметкер де, ұзақ жыл бірге жүрген әріптесі де емес едім. Тек өнерге талпынып жүрген інісі болатынмын. Соған қарамастан, өнеріме назар аударып, қолдау білдірді. Бұл – адамды қызметіне, атағына қарап емес, бойындағы қабілеті мен талантына қарап бағалайтын азаматтың қасиеті.
Ол кісінің журналистер арасындағы абыройын сөз еткенде, замандастарымның «журналиссимус» деп таңбалайтын атауын да айналып өте алмаймын. Бұл – жай ғана теңеу емес, ұзақ жылдар бойғы еңбектің, кәсіби беделдің, қаламгерлік мәдениеттің жемісі. Көрнекті жазушы Мархабат Байғұттың Байдулла ағаға деген ерекше ықыласы мен әзілге толы бағалаулары да осы құрметтің бір дәлелі. Екеуінің арасындағы жарасымды әзіл мен сыйластықтың өзі бөлек әңгіме. Осындай азаматтардың өзара сыйластығы қазіргі әлеуметтік желіде бірін-бірі келемеждеп жататын кейбір әріптестерімізге үлгі. Байдулла ағаның төңірегіне талантты адамдардың топтасуы да тегін емес. Ол кісімен араласқан адам өзін еркін сезінетін, пікірін ашық айта алатын, әзілдесіп, ой бөлісетін. Адамды өзіне тартатын осындай табиғи қасиет кей-кейде бәрімізге де керек.
Байдулла аға журналистикамен ғана шектеліп қалған жоқ. Елдің рухани, мәдени, қоғамдық өміріне белсене араласты. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына жетекшілік етіп, қаламгерлер қауымының басын біріктіруге күш салды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік құрылымында еңбек етті. Қазығұрттың тарихы мен тағылымын насихаттауға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға атсалысты. Оның «Биік мұрат», «Бетпе-бет», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүрек бар» секілді кітаптары да азаматтық ой-толғамының, өмірлік тәжірибесінің, журналистік ізденісінің айғағы. Қай салада жүрсе де, елге пайдалы іс атқаруды басты мұрат санады. Қызметтен кеткен соң да қоғамнан қол үзбей, қаламын тастамауы оның табиғатына тән қасиет еді.
Оның бойындағы қарапайымдылықты ерекше атап өткім келеді. Өйткені кейде адам биік лауазымға көтерілген сайын айналасынан алыстап, өзіне жақындауға мүмкіндік бермей жатады. Ал Байдулла аға керісінше, биіктеген сайын қарапайымдана түскендей әсер қалдыратын. Жас-кәрі демей амандасып, жағдай сұрап, әңгімеге тартып отыратын. Оның болмысы, жүріс-тұрысы, сөзі мен жүзіндегі жылылық-ақ айналасына кім екенін аңғартатын. Кейде бір ауыз қалжыңымен-ақ ортадағы салмақты сейілтіп жіберетін.
Қаншама журналист оның тәлімін көрді, қаншама жас маман оның қолдауымен кәсіби жолын тапты, қаншама өнер иесі оның ықыласын сезінді. Телеарна ашу – үлкен еңбек. Бірақ сол телеарнада қызмет ететін адамдардың жүрегінде жақсы басшы ретінде қалу одан да үлкен жетістік. Байдулла аға осы екеуін де қатар алып жүре білді. Ол қалыптастырған кәсіби орта, журналистік дәстүр, адамға деген құрмет уақытпен бірге жоғалмайды.
Байдулла Қонысбек – оңтүстік журналистикасының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, теледидардың өңірлік мектебін қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірген, сөзі мен ісі қабысқан азамат. Оның ғұмыры бізге мақсатқа адал болуды, мамандықтың қадірін түсінуді, адамға құрметпен қарауды үйретеді. Ол кісінің мейірімге толы жүзі, үнемі жымиып жүретін жарқын бейнесі, жасқа да, жасамысқа да бірдей көрсеткен ықыласы көңілімізде мәңгі сақталады.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
