Соңғы уақытта әлеуиеттік желі аудиториясы жалпыға бірдей емес, әрқайсысына жеке бағытталған контентті көбірек қалайтын болады. Бизнес иелері де солай бағыттайды. Осы арқылы екі ортада терең байланыс орнайды. Әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін көрсетсе, ұтады. Деректерге анализ жасау арқылы брендтер қолданушылардың қызығушылығын да дөп басатын болады. Соған қарай персонал контент жасайды. Ал ол болса, лоял клиент санын арттырады. Қазіргі таңда қала тұрғындарының назарына маңызды ақпараттарды «Керек дерек» айдары арқылы ұсынып отырмыз.
Бұл жерде персонализация, эмоциялық байланыс маңызды. Осыны ескергендердің саудасы ғарышқа ұшады. Осы технологиялармен интеграция жасай білгендер де ұтады. Өйткені бұл маркетиң мен әлеуметтік медиадағы басты трендтің бірі болады. Мысалы Apple Vision мен оның баламалары шықты. Бұл сәнді қазақстандықтар да іліп әкетіп жатыр. Бизнес иелері осы кеңейтілген реалити технологияларын пайдаланып виртуал интерактив дүкендер мен іс-шаралар жасай алады. Одан қала берді ағарту, ойын-сауық бағытындағы контент дайындауға да болады. Нәтижесінде аудитория белсенді бола түседі, эмоциялық байланыс та нығаяды. Сарапшылар инновациялық жарнама кампаниялары осы AR-технологиялар арқылы жасалады деп отыр. Мысалы дүкенге бармастан киімді киіп көру мүмкіндігін іске қосуға болады.
Әлеуметтік медиа мен маркетиңде виртуал инфлюенсер мен дижитал кейіпкер көбейеді. Соның арқасында дженератив дизайн мен анимация технологиялары дами түседі. Компьютер графикасының көмегімен жасалған виртуал образдар аккаунтарын ашып, блог жүргізіп, жарнама кампанияларына қатыса бастайды. Осы арқылы брендерге елден ерек болатын мүмкіндік сыйлайды. Ондай кейіпкердің пайдасы көл-көсір: хабарламаларды толық бақылауда ұстай аласыз, тәуекел жоқтың қасы.
Қазақстанда әлеуметтік желілер бұрынғы кезге қарағанда қарқынды өсіп келе жатыр. Сала мамандары мен сарапшылардың деректері бойынша Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың саны биылғы жылы 17,73 млн құрайды, яғни еліміздің барлық тұрғындары интернетті пайдаланады. Мысалы TikTok-тан келген Қазақстандағы жаңа бір тренд – қазақ тіліндегі контент танымалдылығының артуы мен өсуі. Қазақ және орыс тілдерінің арақатынасы туралы нақты статистика жоқ, бірақ әлеуметтік желіні пайдаланатын жастардың легі қазақ тілінде контент жасауды жөн көреді. Сондықтан тренд айқын, бірақ әзірге нақты статистика жоқ. Аталған трендтер Түркістан облысында да кең танымал боп жатқандықтан, «Керек кеңестің» бүгінгі маңызды ақпараттарын әлеуметтік желідегі жаңа трендтерге арнауды жөн санадық.
Қазіргі таңда Қазақстанда интернетті пайдаланушылар мен әлеуметтік желілерді пайдаланушылар 66,8%-ды құрайды. Оның 56,5%-ы әйелдер, 43,5% –ы ерлер аудиториясы және 86,3% – ы 18 жастан асқан пайдаланушылар (осы жас санатының жалпы есебі бойынша). Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде күн сайын жаңа трендтер пайда болуда. Желі қолданушылары қазір не көргісі келетінін сорттап, түнгі уақытта хабарламалар келіп мазаны алмас үшін үнсіз режим қолданып, іздегенде оңай табылсын деп папка ашып қоятын болған. Бұл дегеніміз өзіне маңызды контентті ғана алып, ақпарат ағынына фильтр жасайды деген сөз. Осыны брендтер іліп әкете алады. Әлеуметтік желіде парақша ашып қана қоймай, қолданушылардың персонал әлеміне жол табуы керек. Демек, маркетологтар осы бағытта біраз терлеуі керек болады. Аудиторияның қызығушылығын, қалауын ескеруді үйрену қажет. Контент ұсынғанда осы сынды талап-тілектерді тыңдағанда ғана лоял клиент табады.
