ТҮРКІСТАН: «АЛДАУ БҰЛТЫ» – ӘМИЯНДЫ БОСАТАТЫН ҚОЙМА

2 көрілім

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы бұлттық сервистерді пайдаланушыларға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді.

Шетелдік дереккөздердің мәліметтері бойынша (https://www.theguardian.com/money/2026/apr/12/apple-icloud-storage-scam-emails,  https://lenta.ru/news/2026/04/13/apple-scam/, https://www.obozrevatel.com/ekonomika-glavnaya/economy/moshenniki-atakuyut-vladeltsev-iphone-kak-dejstvuet-novaya-shema.htm) зиянкестер iPhone пайдаланушыларына iCloud бұлттық қойманың толып кеткені туралы жалған электрондық хаттар, SMS-хабарламалар және хабарландыруларды жаппай таратуда. Хабарламаларда аккаунттың бұғатталатыны және фотосуреттер, бейнелер мен құжаттардың жойылуы мүмкін екені көрсетіледі. Бұл хабарламалар бұлттық платформаларды қоса алғанда танымал сервистердің, ресми ескертулерін толықтай қайталайды, бұл олардың шынайы екеніне сенім тудырып, пайдаланушыны әрекет жасауға итермелейді. Шұғылдық әсерін күшейту үшін пайдаланушыларға сілтеме арқылы өтіп, сақтау көлемін ұлғайту, төлем деректерін жаңарту немесе қолжетімділікті қалпына келтіру ұсынылады. Сілтемені басқан кезде ықтимал құрбандар түпнұсқа сервистерді көшіретін фишингтік сайтқа түседі, онда енгізілген логиндер, құпиясөздер және банк деректері киберқылмыскерлердің қолына түседі.

Осындай жолмен түрлі бұлтты сақтау сервистері (Google Drive, Mail.ru бұлты, Яндекс Диск және т.б.) туралы хабарламалар жіберілуі мүмкін.

Қауіп-қатердің осы түрі тарала бастағанын ескере отырып, ескере отырып, мыналар ұсынылады:

– SMS, электрондық пошта және мессенджерлердегі «шұғыл» хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;

– бұлттық қойманың жағдайын тек ресми қосымшалар немесе сайттар арқылы тексеру;

– бөгде парақшаларда логиндер, құпиясөздер және банк деректерін енгізбеу;

– барлық бұлттық және пошталық аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосу;

– әртүрлі сервистер үшін бірегей және күрделі парольдерді пайдалану;

– бұзып кіру күдігі болған жағдайда дереу құпия сөзді ауыстырып, барлық белсенді сессияларды аяқтау қажет.

Сақ болыңыз: деректердің жойылуы немесе аккаунттың бұғатталуы туралы кез келген хабарламаны тек ресми сервистер арқылы тексеріңіз.

Сондай-ақ, қазіргі қоғамда адамның жеке кеңістігі мен қауіпсіздігі маңызды құндылықтардың біріне айналды. Дегенмен, кейбір адамдар өзгенің жеке өміріне шектен тыс араласып, оны бақылауға немесе мазалауға тырысады. Осындай әрекеттердің жиынтығы құқық тілінде «сталкинг» деп аталады. Мұндай әрекет алғашында зиянсыз көрінуі мүмкін, бірақ, уақыт өте келе ол адамның психологиясына әсер етіп, өміріне қауіп төндіруі ықтимал.

Қандай түрлері бар?

Сталкингтік әрекеттер тек көшеде ғана емес, сонымен қатар телефон арқылы, әлеуметтік желілер мен басқа да байланыс құралдары арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бастапқыда қайта-қайта қоңырау шалып немесе хабарлама жіберсе, кейін адамның жүрген жерін бақылап, қорқытып қысым көрсетеді. Мұндай әрекеттер көбіне бір рет емес, тұрақты түрде жалғасып отырады. Жәбірленуші қарым-қатынасты тоқтатуды сұраса да, қудалаушы бұған құлақ  аспауы мүмкін.

Сталкингтің офлайн-сталкинг түрі шынайы өмірде болатын қудалауды білдіреді. Мәселен, біреу адамның артынан қалмай, баратын жерінде алдынан шығып немесе үй маңында күтіп тұруы мүмкін. Ал, киберсталкинг – интернет арқылы жасалатын қудалаудың бір түрі. Әлеуметтік желілерде үздіксіз хабарлама жіберіп, жалған аккаунттар арқылы жазу, жеке ақпаратты пайдаланып қорқыту немесе бопсалау осы түрге жатады.

Заңда не қарастырылған?

Көп жағдайда сталкинг физикалық зорлық-зомбылықсыз басталады. Бірақ, ол адамның психологиялық жағдайына әсер етеді. Жәбірленуші үнемі өзін аңдуда, бақылауда жүргендей сезініп, қорқыныш пен мазасыздыққа ұшырайды. Сталкингтің салдарынан адам үнемі  стресс пен үрейде жүреді, ұйқы бұзылады, оқу немесе жұмысқа көңіл бөле алмайды, қоғамнан алшақтайды, тіпті кей жағдайда депрессияға түседі немесе ауыр психологиялық күйзеліске ұшырайды. Кейбір жағдайларда қудалау агрессияға ұласып, оның соңы қауіп-қатерге әкелуі де мүмкін.

Соңғы жылдары сталкинг мәселесі заң деңгейінде қарастырыла бастады. Қылмыстық кодекске арнайы 115-1-бап енгізілді. Бұл бап бойынша адамның еркіне қарсы тұрақты түрде қудалау, байланыс орнатуға мәжбүрлеу немесе аңду әрекеттері құқық бұзушылық болып саналады. Заң бойынша айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, белгілі бір мерзімге қамау жазалары қолданылуы мүмкін. Егер қудалау қорқыту, күш қолдану немесе бопсалаумен бірге жүрсе, онда басқа қылмыстық баптар бойынша да жауапкершілік қарастырылады.

Қалай қорғануға болады?

Сталкингке тап болған жағдайда ең бастысы, мәселені елеусіз қалдырмау керек. Қудалауды ерте тоқтату үшін бірінші, ол адаммен байланысты тоқтатып, әлеуметтік желілерді бұғаттау керек. Екіншіден, дәлел жинау үшін хабарламалардың скриншоттарын сақтап, қоңыраулар тарихын жазып алу қажет. Егер қажеттілік туындаса, фото немесе бейнежазбаға түсірген жөн. Үшіншіден, отбасы мүшелері мен достарды жағдайдан хабардар ету де өте маңызды. Төртіншіден, егер қудалау тоқтамаса немесе қауіп-қатер төнетіндей жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына шағымдану қажет.

Сталкинг – махаббаттың немесе қамқорлықтың белгісі емес, ол адамның өміріне нұқсан келтіретін психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Мұндай әрекеттер жәбірленушінің денсаулығына кері әсер етіп, қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан әр адам өзінің жеке кеңістігін қорғауға құқылы. Егер біреу сізді еркіңізден тыс мазалай бастаса, уақыт жоғалтпай, көмек сұраған абзал. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы