Кудяров Даулетбек Асилханович
ӨМІРБАЯНЫ
Кудяров Даулетбек Асилханович 1977 жылы 15 қазанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 2001 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008 жылы аталған жоғары оқу орнында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Сайрам аудандық прокурорының статистика және мәліметтерді сараптау жөніндегі аға көмекшісінің міндетін атқарушы қызметінен бастаған. Аталған лауазымда 2001 жылдың наурыз айына дейін жұмыс істеген.
2003–2004 жылдары Түркістан қаласындағы «Нұр» қоғамдық бірлестігінің заңгері қызметін атқарған. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2005 жылдың қаңтар айына дейін Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған ауылдық округі әкімінің міндетін атқарған. 2005 жылдың мамыр айында Түркістан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары міндетін атқарушы. Сол жылдың тамыз айынан бастап аталған бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып, 2007 жылға дейін еңбек еткен.
2007 жылдың маусым айынан 2010 жылдың сәуір айына дейін Түркістан қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2010–2011 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған. 2011 жылдың наурыз айынан 2012 жылдың қараша айына дейін Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.
2012 жылдың қараша айында Түркістан қаласына қарасты Иассы ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. 2013 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында аталған ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарған. 2013 жылдың желтоқсан айынан 2017 жылдың тамыз айына дейін Иассы ауылдық округінің әкімі қызметін жалғастырған.
2019 жылдың қазан айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін Кентау қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы лауазымында еңбек еткен. 2021 жылдың сәуір айында Сауран ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалып, сол жылдың маусым айынан бастап аппарат басшысы қызметін атқарған. Аталған лауазымда 2023 жылдың 29 қаңтарына дейін еңбек еткен. Қазіргі таңда «Санитас» емдеу-сауықтыру орталығы директорының орынбасары.
Еңбек жолындағы қызметі мен қоғамдық өмірге қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 2015 жылғы 16 желтоқсанда «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағына ие болған.
Отбасылы. Төрт баланың әкесі.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«Халық үні – басты бағдар, ел мүддесі – ортақ мақсат!»
Құрметті қала тұрғындары!
Әрбір қаланың шынайы жетістігі зәулім ғимараттарымен немесе жаңа нысандарымен ғана емес, ең алдымен тұрғындарының тұрмыс деңгейімен, әлеуметтік жағдайымен және болашаққа деген сенімімен өлшенеді. Қаланың өркендеуі – баршаға ортақ міндет. Ал осы жолда халықтың талап-тілегін ескеріп, ел мүддесін қорғау – депутаттың басты жауапкершілігі.
Менің мақсатым – тұрғындарды толғандырған мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ету, қаланың тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдау және әрбір азамат үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға үлес қосу.
Осы бағытта мынадай басым міндеттерді жүзеге асыруға күш саламын.
1. ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА – ОРТАҚ МҮДДЕ
– Қаланың барлық аумағында инфрақұрылымдық даму қарқынының біркелкі болуына, шеткі аумақтардағы мәселелердің де назардан тыс қалмауына ықпал ету;
– Сапалы ауызсу, газ, электр энергиясы және кәріз жүйесімен қамту бағытындағы жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын бақылау;
– Көшелерді жөндеу, жол сапасын жақсарту, қоғамдық көлік қатынасын оңтайландыру мәселелерін тұрақты көтеру;
– Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын салу жұмыстарын қолдау;
2. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ – ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ
– Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың мәселелерін шешуге, мемлекеттік қолдаудың әділ әрі қолжетімді болуына ықпал ету;
– Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдау;
– Ардагерлер мен зейнеткерлерге, жалғызбасты қарттарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға атсалысу;
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық өмірге еркін араласуына қажетті жағдай жасау мәселесін көтеру;
3. БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
– Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи оқу ортасын қалыптастыруға ықпал ету;
– Мектептердегі орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту және балабақша кезегі мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарды қолдау;
– Балалардың сапалы білім алуына, қосымша білім беру мен шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасау;
– Жастардың ғылымға, инновацияға, цифрлық технологияларға қызығушылығын арттыратын бастамаларды қолдау;
4. ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚОЛДАУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ КЕПІЛІ
– Жергілікті өндіріс орындарын дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және инвестициялық жобаларды қолдауға ықпал ету;
– Шағын және орта бизнес өкілдерінің мәселелерін тиісті мемлекеттік органдар алдында көтеру;
– Жастарды, жұмыссыз азаматтарды және әлеуметтік осал топ өкілдерін тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалардың тиімділігін бақылау;
– Кәсіптік білім беру мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ұсыныстар енгізу;
5. ДЕНІ САУ ҚОҒАМ – ҚУАТТЫ ҚАЛА
– Медициналық мекемелердің қолжетімділігі мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал ету;
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды қолдау;
– Ауыр дерттердің алдын алу, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын күшейту;
– Аулаішілік спорт алаңдары мен бұқаралық спорт нысандарын көбейтуге бастамашылық жасау;
– Жастар мен балаларға арналған спорттық секциялар мен үйірмелердің қолжетімділігін арттыру.
Құрметті сайлаушылар!
Қала тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың пікірі маңызды. Мен үшін депутат болу – мінберде сөйлеу емес, халықтың ортасында жүріп, оның мәселесін шешуге күш салу. Әрбір ұсынысқа құлақ асып, әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, ел сенімін нақты іспен ақтау – басты ұстанымым.
Біздің мақсатымыз – тұрғындары жайлы өмір сүретін, жастары болашағына сенетін, кәсіпкері еркін еңбек ететін, үлкені құрметке бөленетін, келешек ұрпақ мақтан ететін өркенді қала қалыптастыру.
Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Сол сенімге лайық болу – менің басты міндетім!
