Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесені маңындағы көне қалашық қорғаның бір бөлігене ғылыми реставрация жүргізіліп жатыр.
Қалашық қорғаны көне шаһарға жүргізілген археологиялық зерттеулер негізінде 2000 жылдары топырақ кесектермен тұрғызылған. «Соңғы 2-3 жыл бойы тұрақты мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде қамал қабырғасының жыл сайын 10-15 сантиметрге ығысып бара жатқаны анықталды. Осыған байланысты ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бастадық. Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апаттық учаскенің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қалпына келтіру барысында іргетасы нығайтылып, кірпіштері мен шлакоблоктары қайта қаланады», – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК филиалының директоры Нұртулла Бекбергенов.
«Қазқайтажаңарту» РМК реставрация жұмыстарын биыл қараша-желтоқсан айларында аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаға сәйкес, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің қолданыстағы конструкциясы толық реставрацияланады. Қайта қалпына келтіру барысында алынған материалдар іргетас салынғаннан кейін қайтадан қаланады.
Ғылыми реставрация цитадельдің тарихи келбеті сақтай отырып жүргізіледі.

Әлқожа ата кесенесі реставрацияланып жатыр
«Қазқайтажаңарту» РМК-ның Тараз филиалы Түркістан қаласында орналасқан Әлқожа ата кесенесін реставрациялап жатыр. Ғылыми реставрация ескерткіштің тарихи келбетін сақтай отырып, бірнеше бағытта жүргізілуде. Алдымен кесене қабырғаларындағы бүлінген кірпіш қалауы ауыстырылып, жіктері арнайы ерітіндімен толтырылды. Ескерткішті ылғалдан қорғау үшін, іргетастың сыртқы бөлігіне гидрооқшаулағыш қабат төселді. Сонымен қатар, терезе ойықтарының ағаш элементтері лакпен өңделді.
Кесененің үлкен залы – зияратхана интерьерінде қабырғалар, бағаналар, күмбездер мен аркалардың сылақ қабаты цементті ерітіндімен қалпына келтіріліп, әк бояумен сырланды. Сондай-ақ, ескі үлгідегі кірпіш төселіп, едені жаңартылды. Көрхана бөлігінде сегіз қырлы құрылымның бағаналары мен күмбездерінің сылағы қалпына келтіріліп, ішкі қабырғалары әктелді. Ал айван бөлігінде кірпіш қалауының жіктері қайта өңделіп, еденіне цементті қабат төселді. Әлқожа ата кесенесіндегі реставрациялық жұмыстар әлі аяқталған жоқ. «Қазқайтажаңарту» РМК-ның Тараз филиалы ғылыми реставрациялық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтайды.
