Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды. Осыған байланысты Түркістан қаласында сайлауды заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өткізуге бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласында Құрылтай сайлауын өткізуге 68 сайлау учаскелері дайындалған, оның ішінде 2 жабық учаске бар. Сайлауды ұйымдастыруға қала бойынша 549 комиссия мүшесі тартылған. Олардың 89,5 пайызы әртүрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар.
2026 жылғы 5 шілдеге қала көлемінде 136 035 сайлаушылар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар 1467 ерекше қажеттілігі бар сайлаушы тіркелген.
Негізгі дайындық бағыттары: сайлау учаскелерінің толық әзірлігін қамтамасыз ету; учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту; сайлаушылар тізімін нақтылау; дауыс беру орындарын қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау; азаматтарға сайлау тәртібі мен сайлауға шақыру қағаздарын тарату, Түркістан қаласынан тыс жерде дауыс беретін азаматтарға есептен шығару куәлігін беру; мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау; сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Түркістан қаласының әкімдігі мен сайлау комиссиялары сайлаудың заңдылық, ашықтық және әділдік қағидаттарына сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Сайлау комиссиясы мүшелерін оқыту – сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ететін маңызды кезең. Оқытудың негізгі мақсаты – комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру және олардың сайлау заңнамасын дұрыс қолдануын қамтамасыз ету. Түркістан қаласында сайлау комиссиясының мүшелерін 3 кезеңге бөліп оқыту жоспары бойынша семинарлар өтеді.
Оқытуда Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы және конституциялық негіздері, сайлау комиссияларының құқықтары мен міндеттері, сайлау учаскесін ашу және дауыс беру процесін ұйымдастыру, дауыс беру күні комиссия мүшелерінің іс-әрекет алгоритмі, дауыс санау, хаттамаларды рәсімдеу және нәтижелерді жоғары тұрған комиссияға ұсыну, байқаушылармен, сенімді өкілдерімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу тәртібі, даулы жағдайлар мен сайлау заңнамасын бұзу фактілеріне әрекет ету тақырыптары қатылады.
Оқыту дәрістер, семинарлар, практикалық жаттығулар, ситуациялық тапсырмалар және тестілеу түрінде өткізіледі. Практикалық дайындық комиссия мүшелеріне нақты сайлау күні туындауы мүмкін жағдайларды тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде комиссия мүшелері өз міндеттерін заң талаптарына сәйкес, кәсіби және жауапкершілікпен орындауға дайын болады, бұл сайлауға деген қоғамдық сенімді арттыруға ықпал етеді.
Біздің басты міндетіміз – дауыс беруді заңнамаға сәйкес өткізу, электораттық науқанның барлық кезеңдерінде жариялылық пен ашықтықты, қоғамдық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Баршаңызды 23 тамыз күні өз учаскелеріңізге келіп, сайлауда дауыс беріп, белсенділік танытуға шақырамыз.
Масабаев Әділхан Атымтайұлы,
Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары.
