ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: САЙЛАУ  ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

14 көрілім

Сайлау – сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны. Азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны болып табылады. Демократиялық қоғамда сайлау мынадай міндет атқарады:

– мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады;

– саяси элита мен жетекшілерді іріктейді;

– үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды;

– мемлекеттің қызметіне қоғамның бақылау жасауына мүмкіндік береді;

– саяси жанжалдың алдын алады. Осы міндеттер атқарылу үшін сайлау жалпыға бірдей, тең, төте, жарыспалы, ерікті түрде өтуге тиіс.

2026 жылғы 15 наурызда өткен бүкілхалықтық республикалық референдумның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциясына маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл реформалардың басты мақсаты – елдегі саяси жүйені жаңғырту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту және азаматтардың саяси қатысу мүмкіндіктерін кеңейту болды. Конституциялық өзгерістер сайлау жүйесіне де елеулі ықпал етті.

Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілді.

Преамбулада: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.» деп көрсетіліп отыр.

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі новеллаларының ішінде мыналарды атап өтуге болады:

145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал, депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.

Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Бұл Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады.

Вице-президент институтын құру. Ол ҚР Президентінің атынан Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.

Адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияда бекітілді.

Зияткерлік меншік құқығын қорғау қамтамасыз етілді.

Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдарға, сол құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеуге тыйым салуды және кінәсіздік презумпциясы қағидаттарына, қоса алғанда, азаматтардың құқықтарына кепілдік күшейтілді.

«Миранда ережесі» бекітіледі.

Сонымен қатар, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасында ескірген терминологиялық аппарат мәселесі кешенді түрде шешілуде.

Еліміздің жаңа Ата Заңының мәтіні қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, халықаралық беделді, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы Қазақстанның айқын басымдығын атап көрсетеді, ол сенімді түрде болашаққа көз тастайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік құрылымның қалыптасуына және Қазақстанның тарихи дамуында маңызды рөл атқарған қазіргі Конституцияға құрмет көрсетіледі.

Жаңа реформалар саяси партияларды тіркеу талаптарын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде саяси бәсекелестік күшейіп, азаматтардың әртүрлі саяси күштер арқылы мемлекеттік басқаруға қатысуына жағдай жасалды.

Конституциялық өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды. Ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау тәжірибесі кеңейтіліп, жергілікті халықтың өз өңірін басқаруға қатысу мүмкіндігі артты.

Жаңа Конституциядағы сайлау саласына қатысты өзгерістер Қазақстандағы демократиялық институттарды дамытуға ықпал етеді. Азаматтардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндігі кеңейіп, депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігі күшейді. Сонымен қатар, саяси плюрализмді дамытуға және қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыруға құқықтық негіз қаланды.

Қайрат БЕРДИКУЛОВ,

Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы