«Әділет» партиясының Түркістан облысындағы сайлауалды кездесулері ұлттық спорт, қолөнер және туризм саласының өкілдерімен жалғасты. Басқосуларда ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны ел экономикасы мен қоғамдық дамудың маңызды бағытына айналдыру үшін заңнамалық, инфрақұрылымдық және мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту мәселелері талқыланды.
Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өткен кездесуге ұлттық спорт түрлерімен айналысатын 200-ге жуық спортшы, жаттықтырушы және федерация мүшелері қатысты. Жиында ауылдық жерлердегі спорт мектептерін қолдау, жас спортшыларға қолайлы жағдай жасау, ұлттық спорт инфрақұрылымын дамыту және ұлттық ойындарды кеңінен дәріптеу мәселелері көтерілді.

Штаб мүшелері өңірлерде ұлттық спортқа арналған алаңдар мен ат спорты базаларының жеткіліксіз екенін, сондықтан бұл бағыттағы қаржыландыруды ұлғайтып, материалдық-техникалық базаны нығайту және қауіпсіздік талаптарын күшейтуді сөз етті.
“Олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда ұлттық спортқа бөлінетін қаржы көлемі төмен, өңірлер арасында едәуір айырмашылық бар. Сондықтан Үкіметтің бюджет жобасына тиісті мемлекеттік органдармен келісе отырып осы бағытта нақты түзетулер ұсынылады. Білікті бапкерлер мен төрешілердің, жас мамандардың салаға келуін қамтамасыз ету және оны шешу жолдары қарастырылады», – деді делегаттардың бірі, Құрылтай депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжан.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай ұлттық спорттың халықтың тарихы мен рухани болмысын сақтайтын маңызды құндылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл мен қала жастарының спортпен айналысу мүмкіндігі тең болуы тиіс.
«Сайлауалды бағдарламамызда өңірлерді дамытуға ерекше басымдық берілген. Бұл ұлттық спорт саласына да тікелей қатысты. Ұлттық спортты дамыту үшін жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, мамандандырылған спорт мектептерін қолдау және ауылдағы талантты жастарға мүмкіндік беру қажет», – деді ол.

Кездесуге қатысушылар да өз ұсыныстарын ортаға салды.
Партия өкілдері қолөнершілер және туризм саласының мамандарымен де кездесті. Басқосуда ұлттық қолөнерді қолдау, креативті индустрияларды дамыту және ішкі туризмнің әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебай Мемлекет басшысы туризмді ел экономикасының басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын еске салып, қолөнершілердің құқықтық мәртебесін нақтылайтын арнайы заң қабылдаудың маңызын атап өтті.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
