Өңір журналистері мен медиа саласының қызметкерлерін біріктірген спорттық дода достық пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының және спорт басқармасының қолдауымен, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен спартакиадаға «Тұран БАҚ», «77 TV», «Ontustik» телеарнасы, «Жанубий Қозоғистон» газеті, «Janubiy.kz» сайты, «Turkistan» телеарнасы, «Рейтинг-Собкор», АТО және «УАҚЫТ TV» командалары қатысып, спорттың 4 түрінен өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен, тартысқа толы өткен журналистер арасындағы спартакиада қорытындысы бойынша қатысушылар футбол, волейбол, үстел теннисі және арқан тарту сайыстарында өзара мықтыны анықтады. Тарқата айтсақ, доп додасында алаң иелері жоғары шеберлік пен ұйымшылдық танытты. Тартысты кездесулер нәтижесінде «Тұран БАҚ» командасы чемпион атанса, «Turkistan.tv» командасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал «Рейтинг-Собкор» командасы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы» номинациясы АТО командасының ойыншысы Әділет Әбдіманапқа бұйырса, «Үздік қорғаушы» аталымымен «Рейтинг-Собкор» командасының мүшесі Еркінбек Бейсенұлы марапатталды. «Ontustik.tv» командасының қақпашысы Ержан Өтелов «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді.
Арқан тарту сайысы да ерекше тартысқа толы өтті. Командалардың күш-қайраты мен бірлігі сынға түскен бәсекеде тағы да «Тұран БАҚ» командасы қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын «Ontustik» телеарнасы командасына бұйырса, үшінші орынға «77 TV» командасы тұрақтады. Жарыс барысында көшбасшылық қабілетімен көзге түскен Батырбек Дәрібаев («Ontustik» телеарнасы) «Үздік капитан» номинациясымен марапатталды.
Үстел теннисінен ерлер арасындағы жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан «Тұран БАҚ» командасының өкілі, «Түркістан» газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан бірінші орынды иеленді. Екінші орынға «Рейтинг-Собкор» командасының мүшесі Рүстем Жантілес жайғасса, үшінші орынды «Жанубий Қозоғистон» командасының қызметкері Хуршид Кочкаров қанжығасына байлады.
Қыздар арасындағы үстел теннисі бәсекесінде де тартыс жоғары болды. Нәтижесінде «Turkistan» телеарнасы командасының өкілі Рысгүл Досжанова жеңімпаз атанып, алтын медальға қол жеткізді. Күміс жүлде «Ontustik.tv» командасының мүшесі Аида Ташеваға бұйырса, қола жүлдені «Жанубий Қозоғистон» командасының Малика Эльтаева еншіледі.
Волейбол сайысында командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде «Рейтинг-Собкор» командасы жеңімпаз атанып, екінші орын «Turkistan» телеарнасы командасына бұйырса, «Тұран БАҚ» командасы үшінші орыннан көрінді. Жекелеген номинациялар бойынша «Turkistan» командасының ойыншысы Дариға Машай «Үздік байланыстырушы» атанса, «УАҚЫТ TV» командасының мүшесі Қымбат Жарылқасын «Үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылды. Ал «77 TV» командасының өкілі Ержан Смағұл волейбол турнирінің «Үздік ойыншысы» атағын жеңіп алды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте 56 ұпай жинаған «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екінші орынды 42 ұпаймен «Turkistan» телеарнасы командасы иеленсе, 39 ұпай жинаған «Ontustik» телеарнасы командасы үздік үштікті түйіндеді.
Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл спартакиада журналистер қауымының бірлігін бекемдеп, шығармашылық ортадағы әріптестік байланысты нығайта түсті десек артық емес. Күнделікті ақпарат майданында еңбек етіп жүрген қалам иелері бұл жолы спорт алаңында бас қосып, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Осы орайда, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ, жарысқа қатысқан барлық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымына шығармашылық табыс, шалқар шабыт, мықты денсаулық және толағай жетістіктер тілейміз. Қаламдарыңыз қарымды, ақпарат айдынындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, әріптестер!
«Түркістан ақпарат».
