Ардагерлердің келелі жиыны осындай ойға жетеледі. Ағымдағы жылдың мамыр айы қоғамдық өмірдегі елеулі оқиғаларға толы болды. Осындай маңызы зор басқосу Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала елі» орталығында өткен болатын. Өңіріміздің ардагерлері, зиялы қауым, мектеп ұстаздары мен оқушылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан облыстық ардагерлер ұйымдарының жұмыстарына мониторинг жүргізу және алдағы даму жоспары талқыланған жиында көпшілікті бейжай қалдырмайтын келелі мәселелер көтерілді. Екі сағатқа жуық болған жиынды Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оспанұлы Рысбеков жүргізіп отырды. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды:
– Биылғы жыл мемлекетіміз үшін тарихи кезең болды. Ағымдағы жылдың 5-қаңтарында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев республикалық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына және саяси реформаларға тоқтала келіп, стратегиялық бағыттарымызды нақтылады. 20-қаңтарда Қызылорда қаласында өткен 5-ші Құрылтайда да мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, саяси реформаларды қоғаммен бірлесе жүргізу мәселелері кеңінен сөз болды. Облыстық ардагерлер кеңесі «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Пленум және Төралқа шешімдерін басшылыққа ала отырып, облыстағы ардагерлер ұйымдарының жұмысын жүйелендірді және құрылымдық бірлігін, сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Қабылданған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында тоғыз бағытта жұмыс атқарылып келеді. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің негізі 17 аудандық, қалалық кеңестеріне біріктірілген 562 бастауыш ардагерлер ұйымын құрайды. Есепті кезеңде 89 жаңа ұйым құрылды. Облыс бойынша 154318 ардагер, оның ішінде алты ҰОС қатысушы, 3305 тыл ардагері бар. Осы есептегі кезеңде ардагерлер саны 22212-ге артып, зейнеткерлікке тіркеу 82 пайызға жетті», – деді баяндамашы. Осы орайда, жиналыстың қызу талқылау үстінде өткенін, жарыссөзге шығушылардың көп болғанын және қордаланып қалған өзекті мәселелердің шешімін табудың қажеттілігі айтылғанын атап өткіміз келеді. Айтылып қана қойған жоқ, баяндамашы Б. Раманқұлов жиын соңында кері байланысқа шығып, сол жерде айтылған ұсыныс-пікірлерді нақтылап, назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің жиынына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы Әліпов бастан-аяқ қатысып, әрбір айтылған ұсынысты қадағалап, бақылауына алатынын айтты:
– Түркістан қаласы берекелі, дамыған өңір. Қала халқы өте еңбекқор. Ардагерлерімізден үйренеріміз көп. Осындай тәрбиелік мәні бар жиындардың көп болғаны дұрыс деп ойлаймын. Мәні бар, маңызы бар дүниелерге көп көңіл бөлейік», – дей келіп, сөзінің соңын залда отырған жастарға арнап:
– Мен де сіздер сияқты жас болғанмын. Кезінде түсінбедік. Үлкендердің ұлағатты әңгімесінің мәнін уақыт өте келе түсінеміз, – деп ашық диалогқа құрылған әңгімесін ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өрбітті.
Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сейдолла Садықов халқымыздың ауызбірлік пен ынтымағының Түркістаннан бастау алатынын тілге тиек етсе, 89 жастағы ардагер Толқын Сейтмұратов Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің саусақпен санарлықтай қалғанын айта келіп:
– Ел басына күн туған сол жылдардың тауқыметін тылдағы бала мен еңкейген қарияға дейін бастан кешіріп, майдан үшін жұмыс істеді. Осы бейбіт өмірімізде олардың да үлесі бар. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілген жеңілдіктер тыл ардагерлеріне де жасалса, – деген ұсынысын айтты. Ардагер Болат Аманқұловтың «Шипа су» шипажайында еңбек ардагерлерінің де тегін демалуына, жалпы суы өте шипалы осы сауықтыру аймағынан ардагерлерге арнап демалыс орнын ұйымдастырса деген пікірі де көпшіліктен қолдау тапты. Қаладағы әлеуметтік дүкендердің кейбірінің сын көтермейтін жағдайы да назардан тыс қалған жоқ.
Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков есепті баяндама жасап, өзі төрағалық еткен уақыттың ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті. Соның қатарында жаратылыстану ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаровтың 80 жылдығына арналып «Ұлы тұлғалар өнегесі – ұрпаққа рухани жол», ардагер Жақсыбек Бейсеновтың 90 жылдығына арналып «Ұлттың ұлылығы – ұрпағының рухани биіктігі», қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серімнің 75 жылдық мерейтойына арналып «Өмір жолы – өнеге» атты тағылымды іс-шаралар өткізілгендігін айтқан ләзім.
Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы Дала елі» орталығында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен өткен бұл басқосу – өткенді екшеп, келешекті болжап, атқарған іс пен атқарылар істерді сарапқа салған, ардагерлердің қоғамдағы орнын айқындаған келелі жиын болды. Шынында да, бүгінгі тіршілік, ұстаным – ертеңгі бағыт! Қоғамның рухани тұтастығына үн қосып отырған ардагерлерімізді әрдайым осындай игілікті істің басынан көрейік!
Р.НАРЫМБЕТОВА
