Домбыра үні ұлықталған күн

62 көрілім

Ұлттық домбыра күні аясында Түркістан қаласы Мәдениет үйінде қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған мәдени шараның басты мақсаты – күй өнерін кеңінен насихаттау, жас домбырашылардың шығармашылық қабілетін шыңдау, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа дәріптеу және қазақтың дәстүрлі күйшілік мектебін дамыту болды.

Байқаудың ашылу салтанаты «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауындағы Марат Бердіғұловтың «Ақсауыт» күйімен басталды. Одан кейін Талғат Қарынбаевтың орындауындағы «Абыз күйші» прологы көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ Қожа Аманбаев «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Арсланбек Сұлтанбектің «Домбыра» әнін орындады. Мерекелік бағдарлама Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен жалғасып, ұлттық өнердің рухын айшықтай түсті. Іс-шара барысында көрермендерге Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнематериал ұсынылды. Шарада сөз сөйлегендер қазақтың қасиетті қара домбырасы халқымыздың тарихы мен рухын, дүниетанымы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан теңдессіз мұра екенін атап өтті.

Өнер додасына Түркістан қаласындағы балалар саз мектептері, жалпы білім беретін мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарынан келген 20 жас күйші қатысып, ұлттық күй өнеріндегі орындаушылық шеберліктерін ортаға салды. Қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсіп, алғашқы кезеңде Д.Нұрпейісованың күйлерін орындаса, екінші кезеңде Төлеген Момбеков немесе Сүгір Әліұлының шығармаларын орындап, кәсіби дайындықтары мен орындаушылық деңгейлерін көрсетті.

Мерекелік жиында Түркістан облыстық мәслихатының депутатыҚалыйма Жантөреева,Түркістан қалалық мәслихатыныңтөрағасы Ғаппар Амантайұлы,Түркістан қаласы әкімінің орынбасарыМадияр Бақтыбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, күй өнерінің жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудегі орнына тоқталды. Сондай-ақ байқауға тәжірибелі мамандар – Қазылар алқасының төрағасы Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, «Яссы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Жакипбеков Ерлан Асқарұлы, Түркістан балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Жаубасарова Айгерім Қасымқызы және «Ақжайық» музыка мектебінің домбыра пәнінің мұғалімі Жұман Бексұлтан Өскенбайұлы төрелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар екі жас санаты бойынша анықталды. Кіші (9–14 жас) топта Бас жүлде «Ақжайық» музыка мектебінің оқушысы Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлына бұйырды. І орынды Түркістан балалар саз мектебінің оқушысы Серікбай Нұрболат Нұрланұлы иеленсе, ІІ орын Түркістан балалар саз мектебінің оқушысы Бәкір Бекнұр Өмірханұлы мен «Ақжайық» музыка мектебінің оқушысы Байбосын Айзереге берілді. ІІІ орынды «Айнамкөз» өнер мектебінің оқушысы Әсілхан Айзере Мәдиқызы мен Б.Саттарханов атындағы футбол академиясының «Домбыра» үйірмесінің мүшесі Серікбай Мадияр Қанатұлы жеңіп алды. Сонымен қатар «Төлеген Момбеков атындағы» номинациямен «Білім кемесі» мектеп-лицейінің оқушысы Сәрсенбек Әділет Талғатұлы, «Сүгір Әліұлы атындағы» номинациямен Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Момиш Алмаз Талғатұлы, ал «Дина Нұрпейісова атындағы» номинациямен «Айнамкөз» өнер мектебінің оқушысы Исмаилова Раян Маратовна марапатталды.

Үлкен (15–21 жас) санатында Бас жүлдені Түркістан қаласының қатысушысы Маханбет Дәурен Қайратұлы жеңіп алды. І орын Асқарұлы Асылжанға бұйырса, ІІ орынды Рамазан Саят Қанатұлы мен Оспан Аманжол Алмасханұлы иеленді. ІІІ орын Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті Абдыхаил Дильназ Русланқызы мен Түркістан балалар саз мектебінің оқушысы Шынтемір Нұрдәулет Қайратұлына табысталды.

Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен, арнайы номинациялармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық домбыра күні аясында өткен «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы қазақтың күй өнерін ұлықтап, жас домбырашылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және жас таланттарды қолдауға бағытталған тағылымды шара ретінде өз мәресіне жетті.

Н.Иманқұлова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы