Әлеуметтік желі – құрал ма, қожайын ба?

83 көрілім

21 ғасырдағы жастардың таңы бірдей басталады. Көзін аша салысымен Instagram, TikTok немесе Telegram желілерін тексереді. Бұл платформалар жастар үшін жай ғана байланыс құралы емес, олардың виртуалды мінсіз өміріне айналды. Бірақ бұл құбылыс бізді алға сүйреп жатыр ма, әлде уақытымызды ұрлап жатыр ма?

Әлеуметтік желіні тек бос уақыт өткізетін және зиянды дүние ретінде көру – әділетсіздік. Себебі, заманауи технологиялар жастардың алдына бұрын-соңды болмаған жаңа есіктер ашты. Бүгінде әлеуметтік желілер тек уақыт құрту немесе көңіл көтеру ғана емес, білім, тәжірибе және табыс көзіне айналып отыр. Мысалы, көптеген студенттер кітапханаларда уақытын зая кетірмей, Google платформасы арқылы кей кітаптардың PDF нұсқасын ала алады. Instagram, TikTok немесе YouTube желілерін дұрыс пайдалана алатын адам, желілерден танымдық подкастар, ағылшын немесе басқа да шет тілдерін тегін үйрене алады. Тарих, математика, тіпті өте күрделі ғылыми теорияларды 10-15 минуттық, тіпті 2-3 минуттық креативті, сапалы видеолар арқылы түсініп алса болады. Жастар тек видео көру арқылы ешқандай қымбат курстарсыз-ақ қосымша білімді тегін меңгере алады.

Студенттердің бір шәкіртақыға телміріп жүретін заманы артта қалды. Әлеуметтік желі кез-келген талантты жастың өз көрерменін тауып, қаржылық тәуелсіздікке жол ашты. Екінің бірінде бар смартфонның көмегімен, үйден шықпай ақ мобилография, SMM немесе блогерлік арылы өз табысын таба алады. Желі жастардың өз шығармашылығын, өз өнімін немесе қызметін бүкіл елге таныта алады.

Бұрын басқа қаладағы немесе басқа елдегі адамдармен байланысу ұзақ уақыт алса, қазір бірнеше секундта әлемнің кез келген нүктесіндегі адаммен байланыса аламыз. Жастарға бұл басқа ұлт өкілдерімен өз тәжірибелерін алмасуға және тіл үйренуге таптырмас мүмкіндік. Бірақ “таяқтың екі ұшы бар” екенін ұмытпаған жөн. Әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны сонша оның кейбір зиян тұстарын байқамаймыз.

Мысалға, саябақтарда немесе кафелерде бас қосқан жастардың сыртынан бақылап көрсек, олар бір жерде отырғанымен, көздері бір-біріне емес, смартфонға бағытталған. Бұл адамдардың бір біріне қарап шынайы сырласуды немесе адамның көңіл-күйін сезіну деген нәрсе азайтуда. Бұл адамның шынайы өмірдегі қарым-қатынасына кедергі келтіреді. Әлеуметтік желі адамды тез баурап алады. Мысалға, 5 минутқа хабарламаларды тексеруге кіріп, 2-3 сағат TikTok немесе Instagram Reels-тарды қалай қарап отырғанымызды байқамай қаламыз. Бұл адамды ұйқы режимінің бұзылуына, уақыттың ауаға кетуіне және т.б салдарына алып келеді. Қысқасы, әлеуметтік желі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Ол жастардың уақытын ұрламауы тиіс және оны саналы түрде тек өз мақсаттары мен дамуы үшін пайдалана алуы қажет.

Аружан Досжанова,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 1-курс студенті.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы