ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТАЗАЛЫҚҚА ЖҰМЫЛДЫ

35 көрілім


Түркістан облысының орталығындағы ақпарат құралдарының өкілдері дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қаратау өңіріндегі бұлақ көздері мен өзен арнасын тазалау іс-шарасын өткізді.
Өткен сенбінің таңында журналистер Түркістан-Шолаққорған автожолы бойындағы жастар бұлағы және сол жерде көпшіліктің тау баурайындағы демалыс орнына айналған өзен арнасын қоқыстан тазартты.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының және жергілікті медиа өкілдерінің бастамасымен өткен тазалық акциясында филиал төрағасы Мәлік Дәулетов іс-шараның маңызы жөнінде пікір білдірді:

-Табиғат – баршамызға ортақ байлық, келер ұрпаққа аманат. Бұлақтың көзі ашық болса, өзеннің арнасы таза болса, бұл өңірдің де, елдің де экологиялық ахуалы жақсара түседі. Сондықтан бүгінгі іс-шара тек тазалық жұмысы ғана емес, табиғатқа деген жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Журналистер қауымы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, осындай игі бастамаларға үлес қосу арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалысады. Біз табиғатты қорғау туралы жазып қана қоймай, оны сақтауға өз қолымызбен үлес қосуды парыз санаймыз.
«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген дана халқымыздың өсиетін басшылыққа ала отырып, бүгінгі еңбегіміз туған жердің табиғатын қорғауға бағытталған маңызды қадам болсын деген ниетпен келдік.
Шамамен 15 адам 70 қапқа тарта қоқыс жинады. Оны Кентау қаласының тазалық мекемесі арнайы қоқыс полигонына жеткізуді өз жауапкершілігіне алды, – деп іс-шараның мақсаты мен жұмыс ауқымын атап өтті.
Сонымен бірге, Ғани Назарбек: «Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы бастаған игі бастаманы қоршаған ортаға құрметпен қарауды насихаттау және экология мәселелеріне қоғам назарын аударту деп білемін.
Қатысушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында халыққа үндеу жолдап, осында демалысқа келген әр азаматты қоршаған ортаны таза ұстауға және табиғатты аялауға өз үлесін қосуға шақыруда» деп іс-шараның маңыздылығына тоқталса, «Кaz.inform.kz» халықаралық ақпарат агенттігінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Сәбит Тастанбек «экологияға қамқорлық әр адамның жеке үлгісінен басталатыны, күнделікті әдеттер – тазалық сақтау, ресурстарды үнемдеу және жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасатын жеткізді. Сондай-ақ, акцияның бір реттік іс-шара ғана емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс» екенін атап өтті.
Түрікстандық ақпарат құралдарының өкілдері тазалық іс-шарасына атсалысып қана қоймай, алдағы уақытта әрбір азамат туған жерге, қоршаған ортасына деген құрметін осындай шынайы әрекеті арқылы көрсетуге шақырды.


Д.ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы