БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН ЖАҢА ҚОНЫС

87 көрілім

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

65 жылдық тарихы бар кітапхана бұған дейін өз алдына жеке ғимараты болмағандықтан, кітап қоры уақытша басқа мекемеде сақталып келген еді. Енді балаларға арналған рухани-мәдени орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа нысанға қоныстанды.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, оқырмандар мен қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі өңір руханияты үшін маңызды оқиға екенін атап өтіп, кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

Жаңа кітапханада оқырмандарға арналған заманауи оқу залдары, шығармашылық және зияткерлік алаңдар, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін арнайы кеңістіктер қарастырылған.

Іс-шара аясында кітапхананың 65 жылдық тарихына арналған көрмелер ұйымдастырылып, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын кітап экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды.

Жаңа ғимараттың ашылуы өңірдегі балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, жас ұрпақтың рухани-танымдық дамуына серпін беретін маңызды мәдени оқиға болмақ.

Д.ТІЛЕУХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы