ЖАСТАР ФОРУМЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН КИБЕРҚАУІПСІЗДІККЕ АРНАЛДЫ

84 көрілім

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» кешенінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Digital Jastar. Цифрлық қоғам. Заң мен тәртіп» форумы өтті. Облыс жастарының диалог платформасына «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Есен Елеукен қатысты.

Форумға қатысушылар алдымен Түркістанның туристік орталық ретіндегі мәртебесін айшықтайтын нысандағы тарихи экспозициялармен танысты. Дала мәдениетін, түркі дүниесінің ортақтығын білдіретін 3D проекциядағы тарихи оқиғалардың бейнереконструкциясын тамашалады.

Жастардың әлеуетін арттыруға, ел болашағына қызмет ететін белсенді буынның басын қосқан маңызды диалог алаңын партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Еркебұлан Мадиярұлы жүргізді. Ашық пікір алмасу алаңына аудан, қалалардағы партияның жас көшбасшылары, депутаттық корпус құрамындағы жаңа толқын қоғам белсенділері, жас кәсіпкерлер, студенттер, барлығы 300-ге жуық жастар қатысты.

Форум қатысушыларына құттықтау сөзін арнаған облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, цифрлық технологиялардың дамуы мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы екенін айтты. Жастарды білімге, жауапкершілікке және белсенділікке шақырды.

« – Түркістан облысы – жастарының әлеуеті жоғары, рухы мықты өңір. Өңірдегі жастардың үлесі 670 мың адамнан асады. Жас толқынның басым бөлігі – 75 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Сондықтан бүгінгі форумға 14 ауданның, облыстық маңызы бар 3 қаланың жастары қатысып отыр. Облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерінің ішінен көшбасшылар іріктеліп, облыстағы 794 елді мекеннің барлығына бекітілді. Бізге белсенді жастар ғана емес, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын саналы ұрпақ қажет деп белгіледік. Осы міндет аясында, «рухтастардың» 17 аудандық, қалалық бөлімше төрағалары, жоғары оқу орындары мен колледждердегі бөлімше жетекшілері және ауылдардағы 150 жас лидерлер «Жас көшбасшылар» курстарына қамтылды», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Еркін форматта өткен жиында Есен Елеукен қазіргі қоғамда жастар үшін сауаттылықтың бірнеше бағыты аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі заман жастары тек білімді ғана емес, сонымен қатар цифрлық, құқықтық, қаржылық және діни тұрғыдан сауатты болуы қажет деп байыптады. «- Қазіргі жастар технологияны жақсы меңгергенімен, кез келген ақпараттың рас-өтірігін ажырата білуі керек. Әлеуметтік желідегі әр мәліметке сене беру дұрыс емес. Саналы қолданушы ғана цифрлық қауіптердің алдын алады», – деді ол.

Осы тақырыпқа кеңінен тоқталған Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев ең алдымен цифрлық сауаттылық мәселесін қозғады. Ол қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын айтып, жастардың ақпаратты дұрыс пайдалана білуі аса маңызды екенін жеткізді. Әсіресе жалған ақпараттың көбеюі, интернет алаяқтық, кибербуллинг және жеке деректердің қауіпсіздігі мәселелері қоғамда өзекті болып отырғанын атап өтті. Цифрлық сауаттылық тек гаджет қолдану емес, ақпаратты саралау, қауіпсіздікті сақтау және цифрлық мәдениетті қалыптастыру маңызды болып табылатынын жеткізді.

Форум барысында сөз сөйлеген Ақерке Искандерова технологияның қарқынды дамуына қоғам болып бейімделудің маңыздылығын атап өтті. Спикер өз сөзінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері артып келе жатқанын, оны саналы әрі тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.

«- Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар өмірімізге терең еніп жатыр. Күн сайын жаңа платформалар, жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Мұның барлығы адам өмірін жеңілдетуге бағытталған. Бірақ кез келген технологияны дұрыс пайдалана білу өте маңызды. Жасанды интеллектіні саналы қолдану – қазіргі заманның басты талаптарының бірі. Әсіресе соңғы уақытта интернет алаяқтық фактілері көбейіп, көбіне зейнет жасындағы азаматтар түрлі алаяқтардың құрбанына айналып отыр. Осыған байланысты азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Осы бағытта «AMANAT» партиясы «Цифрлы қоғам» жобасын бастады. Жоба аясында тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік электронды қызметтерді пайдалану жолдарын түсіндіру, интернет қауіпсіздігі бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері азаматтарға цифрлық қызметтерді пайдалануда тұрақты түрде көмек көрсетуде», – деді ол.

Форум барысында жастар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты. Қатысушылар әсіресе жасанды интеллектінің болашақтағы рөлі, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік, интернет алаяқтықтан қорғану жолдары, қаржылық сауаттылықты арттыру және құқықтық мәдениет мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Кездесу жастар үшін пайдалы пікір алаңына айналып, олардың заман талабына сай ой қалыптастыруына, құқықтық мәдениетін арттыруына және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына серпін берді деген сенімдеміз.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы