ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ МҰРАСЫ МЕН ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

102 көрілім


Бүгін Түркістан қаласындағы Киіз үй кешенінде «TURKISTAN – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты республикалық конференция мен Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі Орталық кеңесінің отырысы өтті. Ауқымды жиынды «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Түркістан облыстық мәслихаты бірлесіп ұйымдастырды.


Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген мәслихат төрағалары мен депутаттар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, туризм және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Басқосуда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау, Түркістанның тарихи-рухани маңызын арттыру, ішкі туризмді дамыту және жергілікті өкілді органдардың қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлін күшейту мәселелері талқыланды.


Конференция барысында Түркістанның Тәуелсіздік жылдарында жаңа даму кезеңіне қадам басып, бүгінде түркі әлемінің рухани астанасына айналғаны ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ерекше мән беретіні, қаланың тарихи әрі рухани маңызы жөніндегі айтқан пікірлері де жиында кеңінен сөз болды.


Сондай-ақ жуырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің дәл осы Түркістанда жоғары деңгейде өтуі шаһардың халықаралық беделін айқындай түскені айтылды. Саммит аясында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбының көтерілуі Түркістанның болашақта түркі интеграциясы мен технологиялық дамудың маңызды орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсетті.


Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, Түркістанның түркі халықтарының рухани өзегі әрі тарихи жады екенін атап өтті. Ол соңғы жылдары өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық, мәдени және туристік жобалар қаланың халықаралық беделін арттырғанын жеткізді. Сонымен қатар Ясауи мұрасын сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізуде мәслихаттардың жауапкершілігі зор екенін айтты.


Өз кезегінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев Түркістанның бүгінде тек киелі шаһар ғана емес, халықаралық мәдени-өркениеттік диалогтың маңызды орталығына айналғанын айтты. Оның пікірінше, туризм тек экономикалық бағыт емес, тарихи сана мен ұлттық рухты жаңғыртудың маңызды құралы.
Жиында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Өңірлік даму жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Каналимов сөз сөйлеп, Түркістанның тарихи мұрасын креативті индустриялармен және цифрлық технологиялармен ұштастырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, тарихи мұра мен заманауи мәдени индустрияның тоғысуы Түркістанды халықаралық туристік бренд ретінде дамытуға жаңа мүмкіндік береді.


Іс-шара аясында Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі Орталық кеңесінің отырысы өтіп, ұйымның атқарған жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, мәслихаттардың қоғамдық ықпалын күшейту, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу және ішкі туризмді дамыту бағытындағы ұсыныстар қаралды.


Қазақстан мәслихаттарының ресми өкілі Абылайхан Қалназаров конференция барысында Түркістанның соңғы жылдары түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі тарихи мәртебесін жаңа мазмұнда жаңғыртып келе жатқаны ерекше аталғанын жеткізді. Оның сөзінше, Ясауи мұрасы бүгінде тек тарихи немесе діни құндылық ретінде ғана емес, түркі халықтарын біріктіретін ортақ өркениеттік негіз ретінде бағалануда.


Жиын қорытындысында қатысушылар Түркістандағы бұл басқосудың ұлттық руханиятты, тарихи сананы және өңірлік дамуды тоғыстырған маңызды қоғамдық алаңға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанның халықаралық деңгейдегі мәдени, рухани және туристік орталық ретіндегі әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған іс-шара аясында қатысушылар Әзірет Сұлтан музей-қорығы мен Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, Түркістан, Отырар және Ордабасы аудандарындағы бірқатар туристік және өндірістік нысандарды аралайды.
Ердәулет Сағындық

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы