ТҮРКІСТАНДА «ТҰРҒЫНДАР АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ ЖОЛ АШТЫ

50 көрілім

Түркістан қаласында жұмысын биыл бастаған «Жаңа қала» бастауыш партия ұйымы «Тұрғындар аманаты» жобасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердегі 300-ге жуық пәтердің насос жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етті. Жоба шеңберінде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, фракция мүшелерінің халықпен есеп беру кездесулерін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өткізіп, бұл кездесулерге мүлік иелері бірлестіктерінің және пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты. Облыс орталығы – Түркістан қаласы мен аудан, қалаларда осы бағыттағы 38 кездесу өткізіліп, еркін мазмұнда өткен жиындарға 1867 тұрғын қатысты.

Партияның «Тұрғындар аманаты» жобасы қолға алынған қысқа уақыт ішінде облыс көлемінде 13 тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өтіп, тұрғын үй қатынастары саласы бойынша 73 азаматтың мәселелері тыңдалды. Тұрғындар білдірген ұсыныстардың 30-ы немесе 41 пайызы оң шешімін тапса, 40 сұраныс бойынша немесе барлық өтініштердің 57 пайызына көтерілген мәселелердің құқықтық реттеу тетіктері түсіндірілді. Айтылған ұсыныстар негізінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан 22 ойын алаңшалары жөндеуден өтті.

Осы мәнде өткен кездесулердің барысында Түркістан қаласында электр энергиясының тұрақсыз берілуі мен кернеудің жиі ауытқуы салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердегі электр насостары жиі істен шығатыны белгілі болды. Тұрғындар көтерген бұл мәселені «Жаңа қала» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Жанар Оразметова басшылыққа алып, істен шыққан су және кәріз жүйелерінің насостарын тұрғын үйлерді салған мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында қалпына келтіру жөнінде талап қойды.

«Жаңа қала» БПҰ жетекшісі Жанар Оразметова «Тұрғындар аманаты» жобасының мақсаты халықтың күнделікті тұрмыста кездесетін нақты мәселелерін назардан тыс қалдырмай, дер кезінде шешілуіне ықпал ету екенін айтты.

«- Көпқабатты тұрғын үйлердегі насос жүйелерінің жиі істен шығуы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселе екені анық байқалды. Әсіресе электр қуатының тұрақсыз берілуі мен кернеудің күрт ауытқуы салдарынан су және кәріз жүйелеріндегі электр насостары жиі жарамсыз күйге түскен. Бұл жағдай тұрғындардың орынды наразылығын туғызды. Осыған байланысты біз мәселені жан-жақты зерделеп, тұрғын үйлерді салған мердігер ұйымдарға кепілдік міндеттемелері аясында істен шыққан жабдықтарды өз қаражаты есебінен қалпына келтіру жөнінде нақты талап қойдық. Себебі кепілдік мерзімі ішінде инженерлік инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне мердігер мекемелер жауапты болуы тиіс. Бүгінде бірқатар үйлердегі насос жүйелері қалпына келтіріліп, тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапты», – деді Жанар Оразметова.

«Тұрғындар аманаты» жобасы аясында өткен кездесулерде тұрғындардың пікірі тікелей тыңдалып, мәселе ашық айтылғанын осы шағын аудан, 11-көше, 25/1 үйдің тұрғыны Гүлжанат Жалықасымова атап өтті. «- Бұған дейін көпқабатты үйдегі су насостары жиі істен шығып, тұрғындар үлкен қиындық көрді. Кейде жоғарғы қабаттарға су көтерілмей, кәріз жүйесінде де мәселелер туындап жататын. Әсіресе кернеудің тұрақсыздығы техникаға қатты әсер етті. Бұл мәселені бірнеше рет көтергенімізбен, нақты нәтиже болмаған еді. Партия өкілдері мен жауапты азаматтар мердігер мекемелерге нақты талап қойып, насос жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастады. Қазір көптеген үйлерде жағдай тұрақталып келеді», – деді ол.

Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысында бүгінгі таңда 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікке алынған. Түркістан қаласының 2018 жылы облыс орталығы болып жарияланғанға дейін 142 көппәтерлі тұрғын үй болған және бұл үйлерде сервистік қызмет көрсету талаптары мүлдем болмаған. Жаңа облыс орталығында құрылыс қарқыны артып, жаңадан 357 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Қазір бұл түрғын үйлерге 3 басқарушы компания қызмет көрсетеді.

“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы