Киелі шаһар төріндегі облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында тағы бір тағылымды әрі рухани кештің куәсі болдық. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бүгінгі кеш – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақстан Жастар Одағы сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналды. «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты ән-жыр кеші айтулы ақынның қазақтың рухын, ұлттық болмысын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, махаббат пен сағынышқа толы сыршыл поэзиясын ұлықтаған ерекше сәт болды.

Кештің шымылдығы Арман Бексұлтанның әуеніне, Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған «Бала кез» әнімен түріліп, кештің алғашқы минуттарынан-ақ «Жаңа леп» шығармашылық тобы ұсынған әдеби композиция мен Бақытжан Турсуманов орындаған «Қазағым» термесі ұлттық рухты асқақтатты.
Айта кетейік, аталған кешке облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, Қасымхан Бегмановтың қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі ақын-жазушылар арнайы келіп қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ақын әрі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі консультанты Қалқаман Сарин, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, академик Қансейіт Әбдезұлы, заңгер-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов, Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар облысы филалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иегері Серік Елікбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Момбек Әбдәкімұлы және өңірлік әдеби орта өкілдері мен зиялы қауым, жалпы оқырман қауым болды. Арнайы қонақтар атынан Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлы және ҚР Президент әкімшілігінің консультанты, ақын Қалқаман Сарин сөз сөйлеп, Қасымхан Бегмановтың шығармашылық болмысын, азаматтық ұстанымын және ұлттық әдебиеттегі орнын атап өтті.

Кеш барысында ақын сөзіне сөзіне бүгінге дейін жазылған 120-дан астам әуезді әндердің ең таңдаулылары орындалды. Гауһар Әлімбекованың «Көктемге хат» әнін Айгерім Смайлова орындаса, Мұқан Байбосыновтың әуеніне жазылған «Тоғыспаған тағдырым» әнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айжан Тәженова көрерменге әсерлі жеткізді.
Туған жерге деген сағыныш пен перзенттік махаббатты арқау еткен «Туған ауыл» әнін Бекжігіт Сердәлідің әуенімен Дана Ынтықбаева орындады. Сонымен қатар, «Алматым әнім, тағдырым», «Бақыттымын өзіңмен», «Аяулым», «Қош махаббат», «Ол көктем оралмайды» секілді жүрекке жеткен әндер де көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Кеш барысында ақын ағамыз өз өлеңдерін оқып, шығармашылық жолы жайлы сыр шертті. Ақынның әрбір сөзін көрермен зор ықыласпен қабылдады. Кеш соңында залдағы оқырмандар мен өнерсүйер қауым ақынға «еркін микрофон» арқылы сауалдарын қойып, пікір алмасты.

«Қазақ деп мұңға батқан» ақын кешінің қорытынды сөзі жүрекжарды алғыспен аяқталды. Осылайша, туған топырағынан төр алған айтулы ақын Қасымхан Бегмановтың жүрегінен шыққан жырлар мен әнге айналған әсерлі өлеңдер көрермен көңіл көкжиегін кеңейтіп, әдебиетті жанымен сүйетін қауымға ұмытылмас әсер сыйлады.
Д.ТІЛЕУХАН.
