ТҮРКІСТАНДА ЖАСАНДЫ ЖАҢБЫР ТЕХНОЛОГИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

400 көрілім

Бүгін Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті. Орталық Азиядағы үлкен  ауқымда жүзеге асқан алғашқы жоба Түркістан өңірде алғаш рет  қолданысқа енгізілмек.

Жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандардың мәліметінше, технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығы салдарын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба 1980-жылдардан бері ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды көбейту саласында тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.

Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20 пайызға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында кеңінен қолданылып келеді.

Жоба ең алдымен суға сұранысы жоғары ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Аймақтарды таңдау барысында метеорологиялық қызмет мамандары ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және су қажеттілігін ескереді. Технологияның әсер ету радиусы 5 шақырымнан аспайды және ауқымды ауа райы құбылыстарының қалыптасуына ықпал етпейді. Жұмыстар барысында халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.

Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы саласын сумен қамту тиімділігін арттырып, құрғақшылықтан келетін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Алдын ала есеп бойынша, экономикалық тиімділігі жылына 35 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қазіргі таңда БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытып жатыр. Болашақта жобаны еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту және отандық климаттық технологияларды қалыптастыру көзделген.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыруға бірқатар мемлекеттік органдар мен мекемелер қатысуда. Олардың қатарында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті және «Қазгидромет» бар.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы