- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Құрылысы қайнаған рухани астананың даму қарқыны қарыштау үстінде. Облыс орталығы мәртебесі берілгеніне бір жарым жылға жуықтаған шаһардың тынысы ашылып, күн санап көркейіп келеді. Гүлденген, түрленген Түркістанның өткен жылдағы жағымды жаңалықтарынан күллі қазақ елі хабардар һәм тілекші. Айшықты оқиғаға айналған шежіре тарих қойнауына алтын әріптермен жазылды. Сонымен өткен жылда орын алған тарихи сәттер тізбегін оқырман назарына ұсынбақпыз.


04.01.2019 жыл. “Түркістан-Шымкент” жедел пойызының алғашқы рейсі жолға шықты. Мегаполис пен жаңа облыс орталығын байланыстыру мақсатында ашылған темір жол бағытындағы рейс – дүйсенбі мен жұма күндері аптасына екі рет жүргізіледі.


23.01.2019 жыл. Түркістанның жалынды жастары Жастар жылының ашылу салтанатын тікелей эфир арқылы тамашалады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Нұр-Сұлтан қаласында өткен форумға Түркістан облысынан Жазира Мұхтарқызы делегат ретінде шақыртылды. 27 жасында 3 қыз, 4 ұлды дүниеге әкелген батыр ана жастарды көпбалалы ана болудан қорықпауға шақырды.



24.01.2019 жыл. Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жарықшамдар шығаратын зауыттың капсуласы салынды. Іргетасы қаланған компанияның құрылысы 3 жылда аяқталады деп күтілуде. Зауыттың өнімдері Қазақстаннан бөлек көршілес мемлекеттерге де экспортталуы жоспарлануда.


21.02.2019 жыл. Облыс орталығында жастар жылына орай, алғаш рет көпфункционалды заманауи, жаңа үлгідегі «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты ашылды. Жаңа үлгідегі орталық – бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсетіп отыр. Қала әкімдігі тарапынан жастарға қолдау білдіру мақсатында ойын-сауық іс-шаралары қолға алынып, түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, аптасына бір рет «Квартирник», «Шабыт», «Домбыра пати» секілді ерекше жобалары соның бірден-бір дәлелі.



