ӘКЕГЕ САҒЫНЫШ

110 көрілім

Менің әкем Сұлтанбекұлы Дахан 1926 жылы туған еңбек адамы еді. Біз ол кісіні көке дейтінбіз. Көкемнің өмірбаяны бүкіл қазақ даласы көрген ашаршылық, соғыс, конфискация, соғыстан кейінгі еңбек майданы – бәрін қамтыған секілді. Ол кісінің туған жері Сайрам ауданында, руы – Сиқым, соның ішінде Ала күшік руынан тараған.

Әкемнің балалық шағы 1931 жылғы ашаршылыққа тура келеді. Балалардан ағасы Қонысбек деген кісі екеуі ғана қалады. Сонда түнде жазда далада қонып, екеуі сөйлесіп жатады. Азықтан, екеуінің ортасында жарты дорба талқан ғана қалады. Сонда ағасы көкеме: «Сен осы туған елімізде қал, аман болу керексің, мен Арыс қаласында ПЗУ-ға (училище, қазіргі СПТУ) оқуға барамын» деп екеуі бірге (соңғы рет бірге қонады) құшақтасып ұйықтайды. Азанда көкем тұрса, ағасы жоқ. Азғантай талқанды көкемнің қойнына салып кетіпті. Содан хабарсыз жоқ болып кеткен екен.

Аштық жайлап, елдің бәрі жаппай қырылып жатқандықтан, көкем анасы Әкімкүл анамен бірге Тараз қаласына туысқандарын паналап барады. Анасы Тараз қаласындағы Қызылжұлдыз ауылында жерленеді. Ал әкем сол жақта 8 жылдық мектепті бітіріп, орыс тілін жетік меңгеріп, туған жерге оралады. Ауылға келіп бригадир болып, егістіктегі егіншілерге басшы болып жұмыс істей бастайды. Сол егіншілердің ішінен менің анама көзі түседі де, құда түсіп, екеуі келісіммен үйленеді. Содан отау құрып, үлкен отбасының іргетасы қаланады екен.

Әкем Дахан (шын аты – Әбдірахман) мен анам Шамшар екеуі отау құрған соң әкем әскери қызметін өтеуге үш жылға кетеді. Анамызды көршілеріміз Аня апаға еліктеп «мама» деп атайтын едік. Сол кезде анам алғашқы ұлын босанады, атын Өмірәлі деп қояды. Сол жылы қыс қатты болып, баласы шетінеп кетеді. Сонда анам нағашы апам екеуі ғана қалып, колхоздың жұмысына белсене кірісіп кеткен екен. Егін де еккен, сиыр да сауған. Сосын әкем әскери қызметтен келген соң тұрмыстары жақсара бастайды. Үй салып, нағашы апам үшеуі де колхозда еңбек етеді. Әкем әскери қызметте жүргенде ауыр жүк машинасын айдауды үйреніп келеді. Колхозда жалғыз бидай таситын машинаны жүргізеді. Әкемнің басынан да қиын кезеңдер өтеді. Сол кездерде қол ұшын берген адал досы татар ұлтының азаматы Борис Шаригин деген кісі болады. Екеуі өмірінің соңына дейін айнымас адал дос болды, отбасымызбен бірге араласып тұрды. Әкем сөйтіп жүргенде асқазанына жара түсіп, дәрігерлер көлік жүргізе алмай қалады. Сонда көкем совхоздың бір отар қойын алып тауға шығып кетеді. Қой бағуда анам да қасында бірге жүріп, көмектесті. Ал нағашы апам ауылда үйге, бала-шағаға ие болып, үй шаруасымен айналысқан. Әкем сол тауға шыққан соң жазылып кеттім дейтін. Таудың ауасы шипа болған екен. Совхоздың аты ол кезде Фрунзе атындағы совхоз болды. Біз орталықта тұрдық. Әкем мен анам қысы-жазы малды өсірумен,еңбектің соңында болды. Жаз болса біз каникулда 3 ай тауда жүреміз. Күз келгенде таудан отарды айдап ауылдағы фермаға келеді. Отарда мыңнан аса қой болады. Қойлар жібек жүнді, аппақ меринос қойлар болатын. Күзде сол мың қойды қолдан ұрықтандыратын науқан жүретін. Совхоздан жәрдемшілер беретін. Әкем «аға шопан», ал анам әрқашан қасында жүрді. Жәрдемші шопандар да отбасымен бірге жүретін. Шаруаның ең қиыны қыс келгенде, қойлар төлдей бастағанда нағыз қайнаған еңбек майданы басталатын. Күніне отыз қой төлдеп жатады, оның әрқайсысын мәпелеп қарамасаң, өліп қалуы мүмкін. Совхоз бес-алты жәрдемші балаларды сақманшы деп береді. Анам сол кісілердің ас-ауқатымен, ыдыс-аяғымен айналысып әрі малға қарасып бір «шаршадым» деместен, қашан көрсең күліп-ойнап жүретін. Қыс бітіп, жадырап көктем келетін, 8-наурызға орай фермаға «Автолавка» деген дүкен келетін. Ал ферма – мың қойға арналған, іші жап-жарық үлкен комплекс. Күн сайын ішін тазалап тұрады. Совхоздың директорының өзі тексеріп жүретін еді, біз де жәрдем беретін едік. Бірде қыс кезінде анам ауырып, ауруханаға жатып қалды. Жәрдемші шопан көкенің әйелі босанып, ол да перзентханаға түсіп қалды. Мен әкемнің қызы болатынмын, сол кезде 6-сыныпта оқитынмын. Жәрдем беру үшін фермадан 3-4 шақырым жердегі мектепке сол жақтан барып оқып жүрдім. Анам да, жеңешем де ауруханада болған соң 4 сиырды сауу маған қалды. Әкем таңғы 6-да оятады. 4 сиырды сауып, жаяу мектепке баратын едім. Екі аптадан соң шаршадым, сол кезде анамның қандай еңбек ері екенін түсіндім. Жаз да келеді, сөйтіп үкіметке 1000 қойдан 1200 қозы өндіріп беретін еді (егіз туатыны да болады). Еңбек майданы дегенім сол!

Обалы не керек, совхоз да әкемнің бар жағдайын жасап беретін еді. Әкем сол еңбек майданында шаршамай-шалдықпай анам екеуі күліп-шаттанып жүріп алты қыз, екі ұл өсіріп тәрбиеледі. Әрине Мәрен апамның үлесі зор болды. Бәрін оқытты, бәріне жоғары білім берді. Екеуі де ата-анадан жалғыз болған соң, армандары ұрпақтарының көп болғаны еді. Аллаға шүкір, қазір ұрпақтары 100-ден асып қалған болар. Түркістанда оқып, осы жерде тұрмыс құрып, өсіп-өндім. Алла Тағала төрт ұл, төрт қыз нәсіп етті. «Әкем 40 жыл қой бағып, өкіметке қанша қой өсіріп берді екен деп» кейде ойлаймын. Оны статистикаға қалдырайын. Пайғамбарлардың бәрі қой баққан дейді ғой, әкем де жайлауда жүргенде “партийный коммунист” болса да жасырынып намазын оқитын еді. Елге ауызашарын беретін еді, жарықтық. 1986 жылы тұрмысқа шыққан соң, ата-енем бізді екі аптаға Мәскеуге бал айына қыдыруға жіберді.

Сонда гастрономға кірсем, қойдың еті 3 сом екен, ал бізде 5 сом болатын. «Ас болсын» дедім, өйткені қой бағудың қандай еңбек екенін мен әкемнен көргенмін. Мен үшін әкем – әлемдегі ең ұлы адам еді. Маңдайымнан сүйгенін сағындым, дін туралы айтатын уағызын сағындым. Бірде мектептен келе сала көкеме «Құдай жоқ, бар болса көрінбей ме?» дедім. Сонда ол кісі ренжіп қалды да «сен ауаны көрмейсің, бірақ онсыз өмір сүре алмайсың ғой, саған Құдай ауадай керек» деді, менің ойым сол сөздерден кейін дұрыс бағытқа өзгерген еді. Енді сол еңбек майдангері болған әкеме інім ас беріп, мен көңіл түкпірінде жүрген азғантай естеліктерді бөлісіп отырмын. Әке-шешем, нағашы апам бізді жас кезімізден мәпелеп өсіргендеріңіздей, Алла сіздерге жұмақтан орын беріп, мейіріміне бөлесін және пайғамбары-мыздың (с.а.с.) шапағатына бөленулеріңізді тілеймін!

Гүлсара Накипова.

Дахан Сұлтанбекұлының марапаттары:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы