СОЗАҚ: САН САЛАДА СЕРПІН БАР

298 көрілім

Созақ ауданында өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 42 млрд 134 млн теңгеге жеткен. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің мәлімдеуінше, инфрақұрылым бағытында ауданға қарасты елді мекендер 100% орталықтандырылған ауыз сумен және 100% электр энергиясымен қамтылған. 2025 жылы магистральды газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, өңірге көгілдір отын жеткізілді. 2026 жылдың 13 ақпанында аудан орталығы Шолаққорған ауылына газ беріліп, 4 600 абонент қосылған. Қазіргі таңда Созақ және Құмкент ауылдарына газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жартытөбе, Бабата және Аққолтық елді мекендерін газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталған.


Брифинг барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге де тоқталды. Өткен жылы негізгі капиталға 2 млрд 35,5 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 101,8 пайызға орындалған. Тамақ өндірісіне 254 млн теңге инвестиция бағытталған.
Су үнемдеу технологияларын енгізу аясында 308 гектар жерге жаңбырлатып суару, 33 гектар жерге тамшылатып суару әдісі орнатылып, жалпы 341 гектар алқап қамтылды. Жоспар 102,4%-ға орындалды. 2025 жылдың қорытындысымен 12 702,6 тонна ет, 8 161,4 тонна сүт, 1 977,5 мың дана жұмыртқа өндірілген.


Құрылыс саласында да бірқатар нысандар пайдалануға берілді. 2023 жылы басталған Шолаққорған ауылындағы заманауи спорт кешені 2025 жылдың қазан айында толық аяқталып, ел игілігіне берілген. Ірі кітапхана құрылысы да аяқталып, 30 қаңтар күні пайдалануға берілді.
Созақ және Тасты ауылдық округтерінде әкім аппараты ғимараттарының құрылысы аяқталды. Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, Жуантөбе, Тасты, Шу, Сызған, Құмкент және Жартытөбе ауылдарында жабық футбол алаңшаларының құрылысы жүргізілген.
Өткен жылы Жеткіншек мөлтек ауданында 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, Шолаққорған ауылында да 2 қабатты 16 пәтерлі баспана пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта аудан аумағында жалпы 76 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы