«БІЗДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ ДА ЕЛІМІЗДІҢ ГҮЛДЕНУІ ҮШІН ҚЫЗМЕТ АТҚАРУЫ ҚАЖЕТ»

130 көрілім

Түркістан қаласы – тек тарих пен руханияттың ғана емес, білім мен парасаттың да алтын бесігі. Осы қасиетті шаһарда өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы тәрбие дарыту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген білікті басшылар аз емес. Солардың бірі – қаламыздағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің директоры, білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар, іскерлігімен де, адамдық болмысымен де көпке үлгі бола білген Дәуленбай Сазанбекұлы.

Ұстаздықты өмірлік мұрат еткен, мектеп басқару ісін жаңашыл көзқараспен ұштастыра білген кейіпкерімізбен әңгіме барысында бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер, мектептің тыныс-тіршілігі, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік пен болашаққа деген сенім жайлы кеңінен сөз қозғадық. Тәжірибелі басшының ойлы жауаптары мен пайымды пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.

– Педагогика саласына ғұмырыңызды арнаған, саналы өмірін біліммен байланыстырған азаматсыз. Қырық жылдан аса уақытқа созылған ұстаздық жолыңызға көз жүгіртсек, қандай белестер мен кезеңдер сіз үшін ерекше есте қалды?

– Көп рақмет, расымен менің педагогика саласында еңбек еткеніме 42 жыл болыпты. 19 жыл білім бөлімінде жұмыс істедім, 17 жыл мектепте директор болдым. 2009 жылдан бастап Шорнақ мектебінде жұмыс істедім. Одан кейін киелі шаһарымыздағы Ататүрік атындағы мектепте 3,5 жыл еңбек еттім, сонымен қатар, Ж.Еділбаев атындағы мектебінде 5 жыл қызмет атқардым. Ал осы, яғни, А.Байтұрсынов атындағы білім ордасында еңбек еткеніме 5 жыл 5 ай болыпты. Кешегі желтоқсан айынан бастап зейнетке шықтым. Құдай абырой беріп зейнетке жеттік. Бұрынғы атамыз қазақ айтқандай, «әр нәрсенің өз уақыты болады». Сол себептен жастарға да орын беру керек. Кезінде Бұхар жырау Абылай ханға айтқан екен:

Абылай, өзің абайла,

Тыңшы бар деп маңайда,

Естіп қойса оңай ма?

Шаттығыңды әрдайым

Әке-шешең жамай ма?

Жасың алпыстан асқан соң,

Жастарға орын бер, жарай ма?! – деп. Сол айтқандай енді біздің де жастарға орын берер кезіміз келді. Пайғамбар жасына жеттік, Құдайға мың да бір шүкір!

– Өзіңіз атап өткендей, осы мектепке басшылық еткен бес жылдан аса уақыт ішінде бірқатар ауқымды жұмыстар атқардыңыз. Осы кезеңді қорытындыласақ, өзіңіз ерекше атап өтетін жетістіктер қандай?

– Осы 5 жылдан аса уақыт көлеміндегі А.Байтұрсынов атындағы мектепте істеген еңбектеріме өзім қанағаттанамын. Осы білім ордасынан 5 алтын белгі шығып отыр. Биылғы жылы да 4 алтын белгі шыққалы отыр. Одан кейінгі мектептің ішкі мектепішілік, облыстық, қалалық мұғалімдер арасында, оқушылар арасындағы олимпиадада жүлделі орындарға ие болдық. Өнер фестивалінен бас жүлде алдық. І, ІІ орынды да алдық. Осы жұмыстардың барлығы еңбек пен бірліктің арқасы деп білемін. Мектепке 2020 жылы короновирус індеті кезінде келдім ғой. Ол кезде мектепте жарық жоқ еді, қиылып тасталған. Қай жерден үзілгенін білмедік. Газдың да жағдайы мәз емес еді. 3-қабатқа су көтерілмейтін еді. Оның үстіне газ келген кезде құжаттары болмағаннан кейін оны қоса алмай көптеген әлекке қалған едік. Соның барлығын қалпына келтірдік. Алдымен жарықты қостық. Одан кейін мектептің ауласын көгалдандыру бойынша түгелдей арықтарын қазып, тал егіп тастадық. Тал егетін жер қалған жоқ. Жеміс ағаштары бар, басқасы да бар. Сол себептен талдарымыз көгеріп, жайқалып тұр. Мектептің айналасы көкпеңбек болып тұрғаны жақсы ғой? Жылда көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені мектептің алды жайнап тұратын болса, ол да оқушы мен ұстазға керемет әсер сыйлары анық. Одан кейінгі бір атқарған жұмысым Ахмет Байтұрсыновтың бюстін тұрғыздық. Жанына кітабын қойдық, одан бөлек тау тұлғаның сөзін әдемі етіп жаздырып қойдық. Бұдан кейін мектепте ішкі безендіру жұмыстары да маңызды болды десек артық емес. Мектеп жаңадан ашылғаннан кейін «үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, мына мектептің ішіндегі безендіру жұмыстары әйнектерде перде жоқ еді. Осылардың бәрін қалпына келтіріп, кабинеттерді түгел жабдықтадық. Ал былтырғы жылы мектептегі бүкіл 65 сыныпқа 65 камера қойғыздым. Сұранысқа байланысты және қаржы бөлдіруге байланысты және оны атқаруға байланысты қазір біз мұғалімдердің қалай сабақ өтіп жатқандығын, қай сыныпта қандай деңгейде сабақ өтіліп жатқанын біз алдымыздағы экраннан көріп отырамыз. Сондай деңгейге жеттік. Оның да пайдасы өте көп. Кейбіреулер бұл әрекеттерге келіспейтінін де айтты. Бірақ біз оның тек пайдасын көріп отырмыз. Пайдасы сол – біреудің заттары жоғалады, болмаса біреуді-біреу соғып кетеді, ерегістер болып қалады сондай жағдайда біз камера арқылы барлық ақпарат пен дәлелді біле аламыз. Кез келген сыныптың сабағын дауысын шығарып қойып, мұғалімнің сабақ өту деңгейін анықтай аламыз. Одан кейінгі мәселе – біз жылда жеке пәндер бойынша апталықтар өтеміз. Барлық пәннен жылда апталық өтеді. Апталықтың ашылуы болады, оған мұғалімдеріміз жақсылап дайындалады. Сол кезде химия-биология бірлестігі, тарих-география бірлестігі, ағылшын-орыс тілі пәндері, бастауыш сыныптар дайындалып, барлық жұмыстарын көрсетеді. Мұғалімдер ашық сабақ көрсетеді. Сыныптан тыс жұмыстарын көрсетеді. Одан кейінгі мәселе деңгейін анықтайды. Түрлі іс-шара өткізеді. Соған сай қорытындысын жинақтаймыз. Қандай мұғалім қандай деңгейде өзінің жұмысын көрсете алды және оны мектептегі педкеңесте қорытындылаймыз. Бұл да бір үлкен жетістіктің бірі деп ойлаймын. Біз кез келген уақытта мұғалімнің сабағына кіре бермейміз. Қазір заман сондай. Мұғалімнің рұқсатымен ғана кіру керек. Ал енді апталықтарда кіріп көруге толық мүмкіндік бар. Сол себептен бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Тағы бір айтарлық жайт – әр бірлестік өзінің жетістіктері жөнінде есеп беріп отырады. Қай мұғалім пәндік олимпиадаға қатысып, оқушылары қандай жүлдеге, жетістікке жетті дегендей марапаттарды жинақтап отырамыз. Одан бөлек Ахмет Байтұрсынов мектебі орталықта болғаннан кейін бізде облыстық, қалалық, мектепішілік семинар үнемі тоқтаусыз өтіп отырады. Оның бізге пайдасы көп. Әсіресе, облыстық семинар болғаннан кейін өзіміздің жұмыстарымызды да көрсетеміз. Мәселен, облыс көлемінде химия пәнінен семинар өткізілетін болса, химия пәніне байланысты жақсы жетістіктеріміздің бәрін көрме ретінде ұйымдастырамыз. Барлық ауданнан келген мұғалімдер көзбен көріп, қолмен ұстап, нәтижелерімізбен танысатын болады. Сондай кездері сырттан келген әріптестер мектебіміздің жетістіктерін көріп, риза болып жатады. Сондай-ақ, облыстық, қалалық семинарларға біздің мұғалімдер түгел қатысып отырады. Сырттан келген мұғалімдердің тәжірибесімен танысады және олардың жақсы жұмыстарын өздеріне алады. Осылай дамуға, ілгерілеуге ұмтылысымыз мол.

– Қазіргі білім беру мекемесінде жайлы орта қалыптастыру – басты талаптардың бірі. Мектептегі материалдық база, мұғалімдерге жасалған жағдай, оқушылардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жұмыстар қалай жолға қойылған?

– Мектепте ыстық тамақпен толық қамтылған. Асхананың орындықтары талапқа сай және рұқсат етілмеген заттар сатылмайды. Тағы бір айтатын нәрсе – мектептің ішкі безендірілуі бойынша. Өзіміздің кабинетімізден бастап түгел жаңа жабдық алдық. Парта, орындық, стол, стулья, шкаф, дивандардың бәрін жаңартып алдық. Мұғалімдер кабинетін де жабдықтадық. Онда барлық компьютерлер қойылған және біздің мұғалімдеріміз үйге барып сабаққа дайындалмайды. Сабағы біткен соң мұғалімдер кабинетіне кіріп келесі күнгі сабаққа дайындалады. Мұғалімдеріміз де қазір өте ынталы, жігерлі, тәжірибелі. Соңғы жылда бізге түскен жас мұғалімдер жоқ, тәжірибесі аз деген мұғалімдердің өзі 3 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан әріптестер. Мектепте ұстаздарға толық жағдай жасалған. Мектептің ішкі тәртібі бойынша жұмыстарымызды да жүргізіп отырамыз. Кезекшілік мәселесі, ата-аналар жиналысы, қоғамдық ұйымдардың жиналысы, өрт сөндіру, терроризм бойынша тағы басқа жиындардың барлығы мерзімінде өткізіліп отырады. Біз оны тоқтатпай жиналыс жасап отырамыз, жинақтап отырамыз. Одан кейін мектепте қыздар ұйымы бар. Олардың жиналысы жеке болады. Сонымен қатар, жоғары сыныптармен бөлек, аралас сыныптармен бөлек мерзімінде үздіксіз жиналыстар өткізіп отырамыз. Қазір мектептің деңгейі өте жақсы, жетістігіміз өте көп деп ауыз толтырып айта аламыз.

– Кейінгі жылдары Түркістан өңірінде рухани-танымдық бағыттағы пәндерге ерекше мән беріліп келеді. Ясауитану ілімін білім беру үдерісіне енгізу жөніндегі бастама мектеп қабырғасында қалай жүзеге асырылуда? Бұл пәннің оқушы санасына берер тәрбиелік маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Ясауитану бойынша білім бөлімі тарапынан хат келген болатын. Біз жоғары сыныптарға Ясауитану пәнін факультатив ретінде 1 сағаттан енгізіп қойдық. Қазір ол жоспарлы, сабақ кестесіне енген Ясауитану пәні деп жазылды. Оған тарих және география пәндерінің мұғалімдері және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері дайындықпен кіреді. Қазір Фарабитану бойынша, Ясауитану бойынша материалдар өте көп. Бұрынғы жәдігерлерді таныстырып отырады. Ол жағы дұрыс жолға қойылған.

– Биыл Мемлекет басшысы жылды Жасанды интеллект жылы деп белгіледі. Қазіргі таңда білім саласында цифрландыру мен жаңа технологиялардың рөлі артып келеді. Осы бағытта мектепте қандай ізденістер бар? Ұстаздарды жаңа заман талаптарына бейімдеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Жасанды интелект туралы интернетте көп ақпарат шығып жатыр ғой. Біреу пайдасын, біреу зиянын айтады. Көпшілігі «дайын асқа – тік қасық» деген сияқты нәрселерді айтып жатыр. Бірақ ол қазіргі заманғы өзгеріс, яғни, бізге қажет нәрсе. Ол кез келген семинарда міндетті түрде қозғалады. «ЖИ-ді іске асыру жолдары, онда қандай өзгерістер болуы қажет? Негізгі мақсаты не және оның нәтижесі қандай болады?» деген сұрақтар үнемі маңызды. Жаңалықтар мен өзгерістерден қалыс қалмауымыз керек. Оны өз игілігіміз үшін міндетті түрде жүзеге асыру керек.

– Сіз ұзақ жылдар бойы білім беру саласында басшылық қызмет атқарып, мол тәжірибе жинадыңыз. Бүгінгі және келешек жас ұстаздарға, мектеп басшыларына айтар өмірлік кеңесіңіз қандай? Өскелең ұрпақтан не күтесіз?

– Білім саласында ұзақ жылдар қызмет атқарғаннан соң менде тәжірибе жетеді деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін педагогика саласында жұмыс істеп келе жатырмыз. Өте қарқынды әрі маңызды, жауапкершілікті талап ететін жұмыс болғаннан соң қиын жағдайлар өте көп болады. Басшы болып еңбек етудің өзі өте қиын. Әр нәрсе өзінің жауапкершілігімен болады ғой. Сол себептен ең бірінші мектеп басшыларына айтарым, ерінбей, талмай, қиынсынбай, адал еңбек ету керек деп ойлаймын. Жемқорлық дейміз, басқа дейміз. Оған жол беруге құқығымыз жоқ. Педагогика – ұлы мамандық. Сол атаққа лайықты болайық, адал болайық. Болашағымыз – балаларымыз. Ал балаларымыз қандай болуы керек? Әрине адал, білімді, тәртіпті, елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең біздің ұрпағымыз да еліміздің гүлденуі үшін қызмет атқаруы қажет. Қазір сүйсіне қарайтын бір дүние – өте жақсы қарқынмен адал азаматтар көбейіп келе жатыр. «Алмас қылыш жатпас қаптың түбінде» дегендей жап-жас қыз-жігіттеріміз қылыштай болып, өз білімдерін адал көрсетіп, адал қызметін істеп жатыр. Сол балаларымыз ел басқаратын адам болсын. Бар арманымыз сол. Әріптестеріме тек қана амандық тілеймін! Әрқайсымыздың еңбегіміз жансын! Бір-біріміз үшін қуанып жүрейік. Осы білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтар – бүкіл елдің айнасы болып есептеледі. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген сөздің ұғымы, түйіні осыған келіп тіреледі ғой. Сол себепті барлық әріптестерімді ерінбей, талмай еңбек етуге шақырамын!

– Сұхбатыңызға, тағылымды әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен:

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы