Елушақты түтіні бар шағын ауыл кеңестік дәуірде Куйбышев учаскесі деп аталатын. Менің туған жерім. Бақытсыздау балалық шағым осы жерде өтті. Өзіне магнитше тартып тұратын оттай ыстық мекен. Араға жылдар салып аралай қалсам, ауылымның қадір-қасиетін сезінгендей боламын. Шаңын бұрқыратып жүгірген көшеміз, атыз-арықтар, доп қуалайтын алаңқай, қыста Зейнолла ағамыз қолдан жасап берген ағаш конькимен, шанамен сырғанақ тебетін мақталы алқап, ауыл іргесіндегі қысы-жазы су ағып жататын канал, қолмен қазылған арықтың арғы бетіндегі жүзім шаруашылығы – есімде мәңгі қалып қойған балалығымның бейнелі көріністері осылар.
Ұзындығы бір шақырымдай көшенің екі жағында балшықтан тұрғызылған тоқал тамдар болатын. Үшінші қатардағы үйлер күре жолдың бойын жағалай тұрғызылған. Кезінде партияның ХХ съезі атындағы совхоз деп аталған шаруашылық ауыл іргесіндегі Киров каналының арғы бетінде, ал оң қапталда 1 Май учаскесі аталатын шағын елді мекен. Ауылдың батыс жақ іргесінен Кемер аталатын қыратқа дейін мақталы алқап ұзыннан-ұзаққа созылып жатыр. Тіршілік көзі – мақта шаруашылығы еді. Қазір де солай.
Сонау қырқыншы жылдардың соңында осы ауылдың уығын қадап, шаңырағын көтерген әкем Садық Жоланұлы. Ауылдастарым мұны қазір де айтып отырады.
Кезінде Мырзашөл өңірінде бой көтерген ұжымшарлардың негізі руластар болып келеді. Біздің ауылымыз Қоңыраттың түйе қабырғалы тоқал Қаракөсе руының мекені. Бірлі-жарым кірме рулар да бар. Оларды ешкім де бөліп-жармаған. Көршілес ауылдарда байлар-жандар, алғи, көшік, көбек, құлшығаш секілді рулар қанат жайған.
Әкем Садық ел басқарған, төңірегіне текті кісі ретінде танылған. Кезінде арабша оқыған, орысша және латынша жазуды жетік игерген. Кеңес үкіметін орнатуға белсене араласып, ұйымдастырушылық дарынымен ерекшеленген. Жиырма жетінші жылы партия қатарына қабылданып, отызыншы жылы Қазақстан КП Шымкент облыстық Комитетінің пленум мүшесі болып сайланған екен. Мырзашөл өңіріндегі Мақтарал ауданының «Қызылабат», «Интернационал» колхоздары мен Киров ауданындағы Куйбышев атындағы колхозын өз қолымен құрып, осы шаруашылықтарға ұзақ жылдар бойы басшылық еткен. Кезінде МТС-тің директоры болып дүрілдеген. Адал еңбек, халық қошеметі Садықтың абыройын асқақтатып, даңқын биікке көтерген. Көне тарих былайша сөйлейді: Садық Жоланов 1935 жылы Мәскеуде өткен колхозшылардың І съезіне делегат болып сайланып, президиумда отырады. Маленковтың баяндамасын тыңдап, колхозшылардың жарғысын қабылдауға дауыс береді. Сол жолы ұжымшар құрылысы жолында ерен еңбектерімен ерекше көзге түсіп, қошеметке ие болған бір топ колхозшыға Иосиф Сталин өз қолымен сыйлыққа патефон үлестіреді. Олардың арасында сұлу мұрты, ажары назар аударатын қаймана қазақ Садық Жоланұлы да болады. Содан кейін Молотов кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тағады. (Патефон Мақтаралдағы мұражайға тапсырылған).
Кезінде Сталиннің қолынан патефон алған Садық ата туралы ел аузында әңгіме көп айтылатын. Баяғы көнекөз қариялар түгелдей дерлік өмірден өтіп кетті. Сол аталарымыздың соңғы тұяғы болған, тоқсаннан асқан шағында бақилық сапарға аттанған, кезінде Садық әкеміздің шарапатын көріп, қарауында қызмет еткен інілерінің бірі Әди Ахметов көкеміз бізге былайша сыр шертіп еді:
– Ұшқан құс қанаты күйетін, кенезесі кеуіп жатқан Мырзашөл өңірін гүлдендіруге Садық жәкеміз өлшеусіз еңбек сіңірді, жан аямай тер төкті, – деп бастады әңгімесін. – Мырзашөлдің өн бойына қан жүгірткен Киров каналын салуға басшылық еткен аяулы азаматтарымыздың бірі біздің жәкеміз Садық Жоланов болатын. Жолан атамыздың екі ұлы болған. Үлкені Садық, кішісі Майрық еді. Майрық жәкем сол дәуірдің серісі болды, ел де басқарды. Басқасын айтпай-ақ қояйық, біздер, Қаракөсе әулетінің үлкенді-кішісі, Садық жәкемнің көлеңкесінде жүріп есейіп, ел қатарына қосылдық. Ағайын арасында жәкеміздің жасы да, жолы да үлкен еді. Ол кісінің алдында ешкім де қия баспайтын, айтқаны заң, шешім кесімді болатын. Ел тізгінін ұстаған ағамыз ағайынның қазаны қайнап тұруына баса мән беретін, қатаң қадағалап отыратын. Жетім-жесірлерді әрдайым желеп-жебеп, өзім дегенге өзегін суырып беруге дайын еді ғой. Жарықтық жәкем өтірік-өсек айтқанды әсте ұнатпайтын. Ондайларды қатаң жазалап отыратын. Темірдей тәртіптің адамы еді. Әр ісінен, жүзінен иман төгіліп тұратын. Біз Садық жәкемізден үлгі-өнеге алып алып өстік. Кезінде жәкеміздің жанында жүрген аталас бауырлары Тәжібекей, Телқозы, Рахым, Есет, Жасұзақ, т.б. ол кісінің шарапатын көріп, жанына жалау болды. Бұл ағаларымыздың ұрпақтары өсіп-өніп, түйеқабырғалы Қаракөсе руының бекем уығына айналды. Туған інісі Майрық жайлы көп айтуға болады…
Осы сөзімнің айқын дәлелі ретінде талай жылдар ел аузында жүрген мына бір оқиғаны айта кетейін: Садық жәкеміз колхозшылардың Алматыда өтетін үлкен жиынына шақырылады. Ол кезде машина дегеніңіз сирек. Іссапарға шығудың өзі ақырет болса керек. Біраз күн бөгеліп, аман-сау ауылға оралады. Рабаш жеңешеміз ас қамына кірісіп, қазанға ет сала бастайды.
– Бұл қайдан келген ет? – деп сұрайды Садық жәкеміз. Жеңешеміз еттің жайын түсіндірсе керек.
– Шақыр ана Майрықты! – дейді түсі бұзылып, түнеріп кеткен Садық жәкеміз көмекшісі болып жүрген Есет інісіне.
Мәселе былай болған екен. Інісі Майрық іссапарда жүрген ағасының жанұя жағдайын білуге келіп, мұндағылардың азық-түліктен тарығып отырғанын көреді. Бұл отызыншы жылдардың аяғы болса керек. Ауыр аштық азабынан шыққан ел әлі де ес жия қоймаған. Күндерін ілдәлап әрең көріп отырған халықтың жайы ауыр. Майрық болса көрші колхоздың бастығы. Мән-жайға қаныққан інісі ауылына келеді де бір қойды сойдырып, ағасының үйіне жеткізеді ғой…
Ашу-ызадан булығып отырған Садық інісі Майрықты қамшының астына алады…
Пәдәріңе нәлет, елдің жайы болса мынау. Ет жеп отыратындай, біздің олардан қай жеріміз артық! – дейді қамшысын құлаштай сермеген Садық жәкеміз қалшылдап.
Сонымен не керек, қазандағы және жаймадағы еттің бір түйірін де қалдырмай қапқа салдырып, Майрыққа арқалатады. Етті колхоз қоймасына өткізіп, жетім-жесірлерге, қарттарға қылдай бөліп беруді қатаң тапсырады. Ұзамай-ақ бұйрықтың қалай орындалғанын өз көзімен көріп қайтады да әрең дегенде сабасына түседі…
Мырзашөл өңірінің даңқты ақыны Мұса Жұманазарұлы мен Садық жәкеміз арасынан қыл өтпес дос болды. Қырқыншы жылдары Мұса ақын «Жоланның ұлы Садық» деген көлемді поэма жазды. Қатырма мұқабалы қалың дәптерге бастан аяқ толық көшірілген сол жырды мен де әлденеше рет бас алмай оқыдым. Өкінішке орай, сол поэма кейіннен жоғалып кетті. Оған иелік ететіндей емес, Садық жәкеміздің балалары тым жас еді. Алла тағала өзі кешірсін, айып бізден, есі кірген інілерінен, бауырларынан болды. Құнды қолжазбаға иелік ете алмадық. Осындай жауапсыздығым ойыма түскенде, әлі күнге дейін жүрегім сыздайды. Ұяттан өртеніп бара жатқандай болам. Сол поэмадан мына бір шумақ есте қалыпты:
Атың жұртқа жайылды,
Жоланның ұлы Садық деп.
Көркейдің, бәйге-сыйды алып,
Алматы-Мәскеу барып кеп…
Атағы дүркіреп, ел басқарған жәкеміз дүние-мүлік жинамаған кісі. Жәкеміз жетпіс беске таянған шағында 1956 жылы дүниеден өтті. Әлі есімде, ол кісінің сойыс малдарын өзіміз ұйымдастырдық. Артындағы балалары мен жеңгеміз Рабашқа мұраға қалдырғаны тоқал там ғана болды. Ия, Садық жәкеміз өзі үшін ешнәрсе жасамаған, өзгелерге болсын деген абзал да үлкен жүректі асыл жан еді.
Садық жәкеміздің дүниеден өткеніне алпыс жылдан асып барады екен-ау. Артында қалған сендерді жәкемнің аруағы қолдап-демеп келе жатқан болар, өсіп-өндіңдер, атына кір келтірмедіңдер. Тұйғын, Жадыра, Сапаркүл қарындастарымыз бен Зейнолла, Сапар және өзіңнен дүниеге келген немере, шөбере-шөпшектері ата аруағы алдындағы перзенттік парыздарын абыроймен атқарып келе жатқанына күмәніміз жоқ. Бәріңнің де қандарыңда Садық жәкемнен дарыған тектілік бар. Осыны сезініп жүрсеңдер әкелеріңнің аруағы сендерді дәйімі биікке көтеріп жүреді», – деп әңгімесін аяқтаған еді Әди көкеміз.
Ол кісі де дүниеден өтті. Садық жәкесі, менің әкем жайында жан-жүрегімен ақтарылған болатын. Ең бір өкініштісі сол, қайран әкемнің жүзін көріп, қолын алған жандардың бәрі де бақилық сапарға аттанған.
Әкеміз өз дәуірінің нағыз патриоты болса керек. Коммунист Садықтың атағы дүрілдеп, әңгіме-жырдың арқауына айналған. Алпыстан асқан шағында ауру меңдей бастайды. Дегенмен де билік тұғырынан түспейді.
Бірде анам өзі куә болған мынадай жайтты айтып берді:
– Елу үшінші жылдың көктемінде Сталин дүниеден өткенде ақсақалым етбетінен жатып үш күн бойы жылады, – деп бастаған анам әңгімесін сабақтады. – Ол кезде бір жарым жастасың. Бұрын ондайың жоқ еді, бесікте жатқан сен сол күндері мазасызданып, қолды-аяққа тұрмай, әкеңмен қосылып жылай бердің. Онсыз да бірер күннен бері нәр татпай, қамығып жатқан әкеңнің шыдамы таусылса керек «Рауғаш-ау, бұл бала Сталиннің басын жұтты ғой» дегені есімде қалыпты. Неге олай дегенін білмеймін…
Ауылда Сталиннің басын жұтқан бала атанып кетсем керек. Әкеміз жетпіске таяған шағында төсек тартып жатып қалды. Дәм-тұзының таусыла бастағанын сезсе керек:
– Әттең, дүние-ай!…Өкінішім сол, балаларым тым жас қалатын болды-ау, Рауғашым. Өзіңе аманат, – депті әкем бірде.
Ол кезде ең үлкені, анасы бөлек Тұйғын әпкеміз жиырмада, Жадыра он үште, кішісі Сапаркүл бір жаста екен. Зейнолла – он, Сапар – жеті, мен бес жастамын.
– Ақсақалым сені ерекше жақсы көрді ғой, Шиланым, – деген еді анам. – «Осы ұлымнан түбінде жөні түзу адам шығады. Ал ана екеуі осының көлеңкесінде жүріп адам болады» деуші еді жарықтығым.
Анамның осы сөзі жылдар бойы жанымды жаңғыртып, жадымда жүрді. Қатты қиналып, қамыққан сәттерімде жаныма жалау болды. Адамдық қалыптан айнымауға тырысып келемін. Бейнесі еміс-еміс есте қалған әкенің талай рет түсіме кіріп, аймалағанын, маңдайымнан сипағанын, көкке көтергенін ұмыту мүмкін емес. Аруақ қолдап жүр дейтініміз осы болар, сірә.
Сейдулла САДЫҚҰЛЫ,
журналист-жазушы.
