Бүгін Түркістан қаласында «Білім берудегі жасанды интеллект: болашақ мектебін қалыптастыру және оқытудың жаңа модельдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Білім беру саласындағы заманауи цифрлық өзгерістерге арналған жиынға алтыдан астам шет мемлекеттен және еліміздің әр өңірінен жетекші ғалымдар мен сала мамандары қатысты. Халықаралық «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Түркістан облысы бойынша КДИ» филиалы ұйымдастырды. Айта кетейік, конференцияның басты мақсаты – оқу-тәрбие үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың тиімді жолдарын талқылап, педагогтердің кәсіби дамуына ықпал ету болды.

Жиын «Білім берудегі жасанды интеллект» көрмесімен басталып, пленарлық мәжілісте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі, профессор Нажи Генч, Білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Шахзодбек Құрбаниязов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық отырыста шетелдік және отандық сарапшылар жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі рөліне қатысты мазмұнды баяндамалар жасады. Үндістандық маман Chandan Pal Singh пен Өзбекстан Республикасынан келген профессор Мехринисо Пардаева өз зерттеулерімен бөлісті. Сондай-ақ, отандық ғалымдардан Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті Лаура Сулейменова жасанды интеллектті білім беру үдерісіне интеграциялау бағыттарын ғылыми тұрғыда саралады. Нигерияның Найл университетінің профессоры Умар Адам Ибрахим онлайн форматта интеллектуалды видеоинтервьюлер арқылы бағалаудың болашағы жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің ғалымдары жасанды интеллекттің мұғалімнің кәсіби серіктесіне айналып келе жатқанын талқылады.

Конференция барысында жасанды интеллектті қолданудың этикалық және құқықтық мәселелеріне, оқушылардың дербес деректерін қорғау мен мұғалімдерді жаңа цифрлық құралдарды пайдалануға даярлаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу мәселелері де қозғалды.
Жиын аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Түркістан облысы бойынша КДИ» филиалы мен Өзбекстан Республикасы Білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Халықаралық конференция білім берудегі жасанды интеллект мәселесін жан-жақты талқылап қана қоймай, алдағы уақытта бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасуға жол ашты.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
