ЖУРНАЛИСТИКА –  БҰЛ ӨНЕР

272 көрілім

Шымкент қаласында «Жапырақтар вальсі» атты журналист,  ұстаз әрі композитор Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлының шығармашылық кеші өтті. Бұл тағылымды кеш қазақ музыкасына өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Бекжігіт Сердәлінің шығармашылығына арналды. Бүгінде оның қоржынында қырыққа жуық ән бар. Әсіресе «Жас жұбайлар», «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Текемет», «ТүркістанымТұраным» сынды туындылары халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ел ішінде кеңінен орындалып жүр.  Өмірі өзгелерге үлгі болып, ерекше қасиеттерімен ел есінде қалған жан.  Бұл мақалада біз үш бірдей саланы меңгерген тұлғаның өмірі мен шығармашылығына үңіліп, оның көпқырлы болмысын ашуға тырысамыз. Сұхбат арқылы өмір жолындағы қызықты оқиғалары мен шабыт көздері туралы сыр шертеміз. 

  Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы 20.09.1960 жылы Түркістан облысы, Үлгілі ауылында дүние есігін ашты. Өз білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде алып, 1987 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған. Кейін 2016 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің өнер факультетін бітірді. 1999 жылы филология ғылымдарының кандидаты (PhD) ғылыми дәрежесін қорғады. Ғылыми қызметінің нәтижесінде 2006 жылы доцент, ал 2017 жылы профессор ғылыми атақтарына ие болды.

Журналистика – қоғамды ақпараттандырумен қатар, шындықты жеткізу өнері. Бекжігіт Сердәлінің айтуынша, ол бұл салаға жас кезінен ынтасы бар екенін айтып, алғашқы мақаласын мектеп қабырғасында жазған. Осылайша журналистика оның өмірінің маңызды бөлігіне айналған.

– Журналистикаға қызығушылығыңыз қалай басталды?

-Мен өзім мектепте жүргенде, мектепішілік іс-шаралар туралы, мектепте кездесетін келеңсіз жайлар мен ауылдағы тыныс-тіршілік жайында аудандық газетке жазып тұратынмын. Жіберген материалдарым ешқайсысы қайтып келмей, жарияланып жататын. Баламыз ғой, ол кезде журналистиканың не екенін түсінбейтінмін. Әкем пошташы болып жұмыс істейтін. Үйге үнемі поштадан газеттер алып келетін. Кейін сол газеттерді ауыл-ауылға тарататын. Ол кезде газетсіз үй болмайтын. Әкем ұйқыға кеткенде, сол газеттерді ашып, парақтап оқитынмын. Өзіме ұнаған газет-журналдарды қорадағы шөптің астына тығып қоятынмын, кейін тағы бір оқырмын деп. 11-сыныпты бітірген соң, «Қандай мамандық таңдайсың?» деген сұрақ қойылғанда, жоғарыда айтқанымдай, журналистика туралы түсінігім болмады. Бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деп шешіп, арман қуып Алматыға, ҚазГу-ге  келдім. Бірақ мұнда 200-ден астам адам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға таласып жатыр екен. Өзімнің бұл салаға түсе алмайтынымды білдім. Сөйтіп, сол жерде көзім «Журналистика мамандығына оқуға талапкерлерді шақырамыз» деген хабарландыруға түсті. Ауылда жұмыс істеген және әскерде болып келген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған екен. Ал мен ауылда, колхозда 3 жыл жұмыс істедім. Әкемнің менің оқуыма қаражаты жетпегендіктен, өзім үш жыл еңбек етіп, тәжірибе жинадым. Осы жеңілдіктің арқасында дайындық бөліміне қабылдандым. Ол жылдары журналистика факультеті тек ҚазГу-де ғана болатын, басқа оқу орындарында бұл мамандық оқытылмайтын. Солайша 25 талапкер қазақ бөліміне, 25 талапкер орыс бөліміне қабылданды. Менің курстастарым, жалғыз факультет болғаннан соң ба, барлығы да өте талантты еді. Олардың қатарында Серікжан Болат, Әміржан Қосанов, Арман Сқабылұлы және Табыл Досымов сынды жігіттер болды. Барлығымыз таласып-тармасып газеттерге мақала жазатынбыз. «Қазақстан пионері», «Жетісу» газеттеріне, «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарына мақала жолдайтынмын. Осылайша, журналистикаға деген қызығушылығым арта түсті.

 Сіз үшін журналистиканың басты миссиясы қандай?

-Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген сөзі бар. Бұрын журналистиканың басты құралы – газет болатын. Біз үшін ең маңызды миссия – сол газет арқылы жазған мақаламызды елге тарату еді. Онда әділдікті, шындықты, ақиқатты жазу керек болды. Әсіресе, еңбек адамдары туралы көбірек жазу қажет еді. Қазіргідей ірі қызметте отырған әлдебіреуді тауып, соны жазу емес. Ол жылдары газетке жарияланатын мақалалардың кейіпкерлері қарапайым еңбек адамдары – дәрігерлер, мұғалімдер, шопандар, механизаторлар және егіс басында жүрген егіншілер болатын. Әншілер немесе басқа жұлдыздар туралы жазу өте сирек кездесетін. Қазір, керісінше, әншілер туралы жазатындар көбейіп кетті. Оның орнына біз кезінде ақындар мен жазушылар туралы жазатынбыз. Міне, журналистиканың басты миссиясы әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Бүгінгі күнге дейін ол ақиқат пен шындықты үндестіріп, таратып, насихаттаумен келеді.

Студенттік жылдарыңызда ең есте қаларлық кезіңіз? 

-Ең алғаш студенттік жылдардағы мына бір оқиға есімнен кетпейді. 2-курста бізді аудандық газетке практикаға жіберді. Мен өзіміздің Түркістан ауданының «Коммунистік еңбек» газетіне тәжірибеден өтуге келдім. Сол кезде редактор маған жас практикант ретінде тапсырма берді.

— Коммуна деген колхоз бар, сол жерде пәлен деген механизатор бар. Соның жайында барып очерк пе, суреттеме ме, сұхбат па – бірдеңе жазып алып кел, – деді.

Содан Коммунаға барып, әлгі кісіні іздедім, бірақ таба алмадым. Ол туралы ешкім білмейді, мүлдем ешқандай ақпарат жоқ. Содан оны танитын адамдардан біраз мағлұмат жинап алдым. Екінші курс студентімін ғой, қалғанын өзімнің студенттік қиялыма ерік беріп, очерк пе, суреттеме ме – әйтеуір, бір материал жазып шықтым.

Жазғанымды таңертең редакторға өткіздім. Ол кезде бәрін қаламмен жазатын заман. Компьютер жоқ. Егер редактор мақұлдаса, жазғанымызды машинкаға бастырып шығарамыз.

Бір кезде редактор шақырып жатыр деді. Барсам, қасында тағы екі-үш журналист отыр, барлығы күліп отыр. Мен ішімнен «Неге күледі?» деп түсінбей тұрмын. Бір кезде маған сұрақ қоя бастады:

— Механизаторды көрдің бе? Өзімен сөйлестің бе?

Мен ештеңені сезбей:

— Иә, көрдім. Иә, сөйлестім, – дедім.

Олар тағы да күліп жіберді. Бір кезде редактор:

— Сен редактордың тапсырмасы жерде қалмасын деп өзің ойдан жазып келгеніңді біліп отырмыз, – деді.

Сөйтсем, менің сипаттаған механизаторым мен шынайы өмірдегі механизатор мүлде екі түрлі болып шығыпты. Сол кезде ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бірақ редактор:

— Сенің мына жазғандарың бізге өте ұнады. Механизатордың образын әдемі етіп ашқансың. Қазір біз ол кісіні редакцияға шақырдық. Қайтадан сөйлесіп, материалды жаңадан жазып шық, – деп арқамнан қаққаны есімде. Сол кезде егер редактор маған ұрысса, мүмкін, журналистиканы тастап кетер ме едім…

  Ұстаздық – білім мен тәрбиені қатар алып жүретін қасиетті мамандық. Біздің кейіпкеріміз тек журналист қана емес, ұстаздық қызметте де зор жетістіктерге жеткен. Оның шәкірттері қоғамға қызмет етіп жүр. Ұстаздық қызмет сіздің жеке өміріңізге қалай әсер етті?

– Ұстаздық қызметке мен кездейсоқ келдім. Өйткені біздің Түркістанда университет ашылды. Мен ол кезде Кентау қаласында «Кентау шұғыласы» газетінде редактордың орынбасары болып жұмыс істейтінмін. Бірде университет «Яссауи университеті» деген газет шығаратын болды, бірақ оны басатын жер таба алмай, Кентаудағы баспаға жүгінді. Университет өкілі біздің баспаға келіп, макетін жасап жүрген. Бірде ол түскі үзіліске кетіп қалады. Мен баспаға барсам, басқа бір газет басылып жатыр екен.

— Бұл қандай газет? – деп сұрадым.

— Түркістан қаласындағы университет газеті, – деді.

Қарасам, газет дұрыс беттелмеген, макеті ретсіз, суреттері қалай болса солай қойылған.

— Өзгертуге бола ма? – деп сұрадым.

Баспагер:

— Өзгерте бер, өздері әрең жасап шықты, – деді.

Біз күнделікті газет шығарып үйреніп қалғанбыз ғой. Әлгі газеттің төрт бетін жарты сағаттың ішінде реттеп, өзімнің редакцияма кетіп қалдым.

Түскі үзілістен келген университет өкілдері газетті көріп, таң қалыпты.

— Мұны кім жасады? – деп сұрапты.

Менің есімімді айтыпты. Кейін маған келіп, алғыстарын білдіріп:

— Осы білгеніңізді студенттерге үйретсеңіз, – деді.

Ол кезде газетте жалақы аз болатын, ал университетте жалақы жоғары екен. Содан таңертең барып көруге шешім қабылдап, университетке келдім. Келсем, кафедра меңгерушісі Сейдулла Садық екен. Ол кісімен танысып, мені жұмысқа қабылдайтын болды.

— Бір дәріске кіріп көрейінші, – дедім.

Сөйтіп, төртінші курстың сабағына қатыстым. Осылайша, ұстаздыққа бет бұрып кеттім. Қазір сол университетте жүріп, шығармашылықтың не екенін, ғылымның не екенін түсіне бастадым. Үш жылдан кейін кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сегіз жылдан кейін доцент болдым. Қазір профессормын. Ұстаздық қызмет маған ерекше ұнайды. Зейнет жасына жетсем де, студенттермен жиі араласып, сабақтан тыс уақытта шай ішіп, пікір алмасып тұрамын. Өзіме ұстаздық ету ұнайды.

Журналистика мен ұстаздық қызметтің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы не айтасыз?

– Журналистика – қазіргі қоғамның үнін, ақиқаты мен шындығын жеткізетін ақпарат құралы. Ал ұстаздық – білім беру құралы. Осы тұрғыдан алғанда, екеуі бір-біріне ұқсас. Журналист әрқашан білімді іздейді. Әр мақаланы жазу үшін, әр сюжетті жасау үшін ақпараттарды ақтарады, ізденеді, кітапханада отырып деректерді зерттейді. Осы жағынан алғанда, журналистиканың да, ұстаздықтың да миссиясы ұқсас. Журналист елге ақпарат жеткізсе, ұстаз жастарға білім береді. Айырмашылығына келетін болсақ, журналистер көбіне әр дерекке, цифрға, датаға мұқият қарап, қате ақпарат кетіп қалмауын ойлайды. Ал ұстаздық көбіне ғылыми журналистикаға бейім келеді. Яғни, журналистиканы ғылыммен байланыстырып, студенттерге сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға, конвергентті журналистиканы меңгертуге ерекше мән береді. Аудиторияда білім алған студент ертең маман болған кезде, кез келген ақпарат құралында жауапкершілігін сезіне отырып, еш қиындықсыз жұмыс істей алуы керек. Сондықтан ұстаздар студенттерді сол деңгейге жеткізіп барып, қолдарына диплом табыстайды.
 Музыка – адамның ішкі әлемін көрсететін ерекше өнер. Біздің кейіпкеріміздің композитор ретіндегі еңбектері де оның рухани байлығының айнасы. Оның әндері тыңдарманның жүрегінен орын алған.

– Композитор ретінде алғашқы шығармаларыңыз қалай жазылды?

-Мен өзімді композитор боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Алғаш оқуға түскен кезде, өзіммен қатарлас оқыған жігіттердің барлығы шығармашылық жағынан өте талантты, дарынды азаматтар болды. Сол кезде жатақханада кешке шығармашылық атмосфера қалыптасатын. Біреу өлең оқып, біреу жаңа туған әнін орындап, енді біреулері айтысып жататын. Осындай ортада жүргендіктен, менде де шығармашылыққа деген қызығушылық ояна бастады. Алғашқы әнім курстасым үйленіп, Қарағандыға барған кезде туды. Қыздардың «Не сыйлық сыйлаймыз?» деген сөздері әсер етті. Ол кезде студенттердің қалтасы жұқа ғой. Осылайша, пойыздың ішінде ең алғашқы әнімді – «Жас жұбайлар» әнін жаздым. Тойда сол әнімді орындаған едім, халықтың ауызынан аузына тарап, ел ішінде шырқалып кетті.

Әндеріңізге шабытты қайдан аласыз?

– Мен өзім «шабыт» дегенге сене қоймайтын адаммын. Шын мәнінде, шабыт деген не екенін түсіне бермеймін. Бірақ кейде бір нәрсеге қатты әсерленгенде – табиғаттың сұлулығына тамсанғанда немесе, жасыратыны жоқ, сұлу қызды көргенде – адамның көңіліне бір әуен келуі мүмкін. Менің әндерім де осылай, әсерден туындайды. Ауылға деген сағыныштан, ана мен әкеге деген құрметтен, сұлу қызға деген сүйіспеншіліктен, табиғаттың әсемдігіне деген таңданыстан әуен туады. Мен нота білмеймін, гитара да, күйсандық та (пианино) ойнамаймын. Көңіліме келген әуенді магнитофонға жазып қоямын да, кейін соған лайықты сөз іздеймін. Сөзін тапқан соң ғана әнді орындаймын. Бірақ әндерімді бірден әншілерге бере салмаймын, оған асықпаймын. Алдымен шағын ортада орындап көремін. Егер тыңдаушылар «жақсы ән екен» деп бағасын берсе, сонда ғана әншілерге ұсынуға дайын боламын.

-Бекжігіт мырза бүгінгі сырлы сұхбатыңызға     рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!    

Журналист, ұстаз және композитор болу  дарындылық, табандылық пен еңбекқорлықтың да нәтижесі. Осындай жандардың өмірі қоғамға қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады. Біздің кейіпкеріміздің әрбір сөзі мен ісі, жазған мақаласы, үйреткен білімі және шығарған әуені – барлығы да ұрпаққа мұра, елге қызмет. 

  Шұғыла Амангелді,    

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы