Лудомания – әдет пе әлде ауру ма?!

180 көрілім

Лудомания – құмар ойынға патологиялық тәуелділік. Немесе «ақылы ауысқанша ойнау» десек те болады. Аталған дертке шалдыққан адам өз-өзін басқара алмайды, соңғы тиынына дейін үмітпен қарап не болмаса таныстарынан ақша сұрап ойынға тігеді. Ол әр жеңіліс сайын келесіде ұтамын деген өтірік сенімді миынан шығара алмайтын адам. Бұның салдарынан қаржылық қиындықтан бөлек психологиялық қиындықтарға да душар болады.

Психологтардың зерттеуінше, отбасы немесе туыстардың ішінде лудоманның болуы өте қауіпті. Себебі, өзінің ауруын басқаға да жұқтыруы мүмкін.

Лудоман адамды уақытының біраз бөлігін депрессияда өткізуінен және мазасызданып жүргенінен байқауға болады. Сонымен қатар, телефонда ұзақ уақыт отырып, жан-жағына назар аударғысы келмейді. Бұл жағдайлар көбіне соңғы ақшасын тіккен адамдардан байқалады. Мамандардың айтуынша, дертке шалдыққандар өзінің лудоман екенін жасырады. Букмекердің кесірінен қанша адам жақындарына жиі өтірік айтып, соңында шарасыздықтан шығатын жол таппағандар суицидке барады. «2022 жылғы ресми статистика бойынша, Қазақстанда 735 адам құмар ойын салдарынан өмірімен қош айтысқан», – дейді https://el.kz/.

Қазіргі таңда құмар ойыннан 350 млн адам зардап шегіп отыр. ДДҰ-ның мәліметінше, жер жаһанда өмір сүретін ересектердің 3% лудоман. Еліміздегі ажырасудың өзі де осыған келіп тіреледі. Себебі ажырасып жатқан әрбір үшінші отбасы ставканың құрбаны болып отыр.

Әлемде бірталай спорт түрлері бар және қаншама ойын түрлері шығып жатыр. Солардың ішінде жиі кездесетін ойындар:

1. Казино ойындары;

2. Онлайн казино және мобильді қосымшалар;

3. Букмекерлік кеңселер;

4. Лотореялар.

Осы ойындардың ішінде жастар букмекерлік кеңсеге кіріп кеткен. Тіпті мектеп оқушыларының телефонында Олимп немесе 1Хбет қосымшасы бар. Сондай-ақ жастардың сүйіп көретін блогерлерінің көпшілігі құмар ойындарды жарнамалайды. Оны көрген ақылы толыспаған бала жақсы не жаман екенін ажырата алмай, оңай ақша табу жолын таңдайды. Оларды нақты лудоман деп айтуға келмейді, бірақ сол жолға жақындап бара жатқандары біршама. Жастықпен “қойып кетемін кейін, бір көтеріп алайын, өшіріп тастаймын” деген сөздермен өз-өздерін алдап, қалай кіріп кеткенін аңғармай да қалады. Сол себептен баланың телефонын, оның әрбір іс-әрекетін байқап жүрген абзал. Көңіл күйі болмаса не болғанын, не себептен ашуланшақ болып кеткенін отырып, сабырмен сөйлесіп білген жөн. Жалпы мектепте, басқа да оқу орындарында лудомания жайлы түсіндіру және алдын алу шараларын өткізу – бірден-бір қажеттілік. Қазіргі таңда лудомания мәселесі Президенттің де тікелей назарында. Осыған сәйкес қазақстандықтар 21 жастан бастап eGov Mobile (https://egov.kz/) арқылы құмар ойындары мен бәс тігуге қатысудан 10 жылға дейін өз бетінше бас тарта алатын болды. Сервис кез келген азаматқа барлық лицензияланған ойын алаңдары мен букмекерлік компаниялардың онлайн платформаларына кіруін шектеп, ол азамат құмар ойындарына қатыса алмайтын болады, өтініш қайтарып алынбайды. Бұл өкіметтің халықты лудомания дертінен сақтау жолындағы маңызды қадам болғанын атап өткен жөн.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, оңай ақша табамын деп оңбай қалмас үшін ерте бастан қолға алған дұрыс. Өйткені лудоманияның алдын алмаса, оған шалдыққанды қайтару – қиынның қиыны.

Данияр Бердәлі,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ

Журналистика мамандығының 4-курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы