СОЗАҚТА СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ҚАТАРЫ АРТА БЕРМЕК

107 көрілім

Облыс орталығы Түркістан қаласында кеше «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысқан келелі басқосуда Созақ ауданының да әлеуеті таныстырылды.
Бірінші оқырманға түсінікті болуы үшін маңызды жиынның барысына тоқталып өтсек. Форумда көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар, облыс аумағында іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды. Айта кетейік, жиынның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.
Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.


– Бүгінгі форум – жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Нұралхан Көшеров облыстың инвестициялық әлеуетін баяндады.


Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы инвестжобалар мақұлданды.
Аталмыш жиында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бастаған негізінен құрамында 70-ке тарта кәсіпкер қамтылған бір топ делегация халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Форумда аудан кәсіпкерлері жаңа экономикалық бағыттар, өндіріс көлемін арттыру, нарыққа шығу жолдары бойынша сауалдарын қойып, тәжірибе алмасты. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктері, әсіресе мал шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін көбейту және оларды экспортқа бейімдеу бағыттары бойынша жобаларға басымдық берілгенін айта кету қажет. Және де ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру, суару жүйелерін жаңғырту, агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды енгізу мәселелері шетелдік сарапшылармен бірге талқыланды.
Бұдан бөлек Созақ ауданында жыл көлемінде инвестициялық жобаларды іске асыру тұрғысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен осы жыл ішінде өнеркәсіп саласы бойынша жалпы инвестициялық құны 152 млрд. 700 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда ауданда құны 74,7 млрд.теңгені құрайтын «Катко» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорны» ЖШС» компаниясы «Мойынқұм кен орнының №2 Төртқұдық телімі шоғырларының Оңтүстік бөлігіндегі уранды өндеу кешенінің құрылысы» жобасы шілде айында іске қосылды.
Атап айтқанда, Мойынқұм кен орнының №2 учаскесінде өнеркәсіптік алаң мен өнеркәсіптік ерітінділерді таратуға арналған құбырлардың гидравликалық желілерін салу. Мойынқұм кен орнының №2 учаскесінде өнеркәсіптік алаң мен өнеркәсіптік ерітінділерді таратуға арналған құбырлардың гидравликалық желілерін салу. Қуаттылығы 2000 тонна құрайтын қазақстандық-француздық «Катко» БК» ЖШС Уран өңдеу кешенінің құрылысы.
Екінші жоба «Буденовское» БК» ЖШС» Уран өңдеу кешенін салу. Құны 69,7 млрд. теңге болатын жобаның қуаттылығы 6000 тонна табиғи уранды өңдеу кешені. Екі кезең бойынша іске асыруды көздеп отырған жобаның І-кезеңі 2025 жылы қараша айының соңында іске қосылады деп күтілуде. І-кезеңде жылына 2500 тонна уран өндіріледі деп күтілуде. 350 адамға жаңа жұмыс орны ұсынылмақ. ІІ-кезеңін іске қосу барысында 6000 тонна уранды өңдеу жоспарлануда. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың желтоқсанына қарастырылуда.
Ал үшінші жоба – «Оңтүстік тау химиялық кәсіпорыны» БК ЖШС «Оңтүстік өнеркәсіптік алаң» құрылысы. Жобаның құны 8,3 млрд. теңгені құрайды. Қуаттылығы 2000 тонна. 2025 жылы қараша айында іске асырылады деп жоспарланған өндіріс орны Финляндия мемлекетінен келетін құрал жабдықтарының кешігуіне байланысты құрылыс монтаж жұмыстары 2026 жылдың І-тоқсанына аяқталады деп күтілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы