Ата-аналар Ұлттық ұланның Түркістандағы әскери бөлімімен танысты

352 көрілім

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөліміне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы генерал-майор Аян Есжанов арнайы жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында ұйымдастырылған Ашық есік күні шарасы әскер мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуды мақсат етеді. Әскери бөлім қақпасы бұл күні ата-аналар мен мектеп оқушылары үшін айқара ашылып, қонақтар сарбаздардың күнделікті өмірін өз көзімен көрді.

Шара барысында ата-аналар балаларына жасалған жағдайды, тәртіп пен тәрбие жұмысын, жауынгерлік даярлық пен тұрмыстық қолдау деңгейін жоғары бағалады. Әсіресе, сарбаздардың ас мәзірі, медициналық және психологиялық қолдауы, дене шынықтыру мен әскери дағдыларының жүйелі түрде орындалатыны қонақтардың көңілінен шықты.
Қатардағы сарбаз Досбол Дамбековтың әкесі Жұмаберген Әбдіхалықов «Қазіргі әскер – нағыз ер азаматты қалыптастыратын мектеп екен. Ұлымыздың осындай ортада өсіп, шыңдалып жатқанына дән ризамыз», – деп ризашылығын білдірді. Мұндай пікірді басқа да ата-аналар қуаттап, ұлдарының Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Ашық есік күніне келген мектеп оқушылары үшін шара ерекше әсерлі өтті. Олар әскери техникаларды көріп, қару-жарақ түрлерімен танысып, әскери киім үлгілерін киіп көруге мүмкіндік алды. Әскери қызметкерлердің ширақ қимылы, саптағы тәртібі, өз ісіне деген адалдығы оқушылардың қызығушылығын оятып, болашақта Отан қорғаушысы болуға деген арманын күшейте түсті. Кездесу соңында оқушылар командирлер мен сарбаздарға өз ризашылықтарын өлең жолдарымен, жүрекжарды лебіздерімен жеткізді.

Генерал-майор Аян Әбдуғаниұлы шара соңында әскери ұжымның ұйымдастырушылық деңгейіне және жастармен, ата-аналармен байланыс орнату жұмысына жоғары баға берді.

Ашық әрі жылы жүздесу 5574 әскери бөлімінің халық сеніміне ие екенін тағы бір дәлелдеді. Түркістан төріндегі бұл тағылымды күн сарбаздардың рухын биіктетіп қана қоймай, ата-аналар мен жастар жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін одан әрі нығайта түсті.

Ерімбетова Ақнұр Болысбайқызы,

Түркістан қаласы Ұлттық Ұлан 5574 әскери бөлімінің Клуб бастығы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы