Қазіргі медицинада рентгенологияның орны ерекше. Бұл сала – дәрігерлердің ауруды көзбен көрмей-ақ, дәл анықтауына мүмкіндік беретін ғылым. Рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография сынды зерттеу әдістері көптеген дертті ерте кезеңде анықтауға жол ашады.
Бүгінде рентгенолог – тек суретке түсіретін маман емес. Ол – диагноз қоюда шешуші рөл атқаратын сарапшы. Рентгенологиялық тексеріс арқылы сүйек жарақаттары, өкпе, жүрек, ішкі ағзалар мен жүйке жүйесінің көптеген ауруларын анықтауға болады. Бұл әдістер емдеу тактикасын дұрыс таңдауға және науқастың сауығу жолын бақылауға мүмкіндік береді.
Рентгенолог болу үлкен жауапкершілікті, дәлдікті және үнемі білімін жетілдіруді қажет етеді. Әсіресе жас резидент-дәрігерлер үшін тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігі мен заманауи құрал-жабдықтарда жұмыс істеу – кәсіби қалыптасудың басты бөлігі.
Рентгенология – көзге көрінбейтін, бірақ денсаулықты қорғауда маңызды үлес қосып жүрген сала. Әрбір сурет пен кескіннің артында – адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған үлкен еңбек жатыр.
С.БЕКМЕТОВА,
Жалпы практика дәрігері, рентгенолог-резидент
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Постдипломдық білім беру кафедрасы
