Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылданып, тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары үздіксіз жүзеге асуда. Осы ретте, бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 348 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Түркістан қаласында «Жібек жолы» тұрғын үй кешені пайдалануға тапсырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барып, баспана кілттерін табыстады. Баспана иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасатынын айтты.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Бүгін біз ерекше қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Өзіміздің бауырларымыз, тұрғындарымыз қоныс тойын тойлайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындарды баспанамен қамту жұмысын күшейтуді тапсырды. Өңірде осы бағытта ауқымды жұмыс жүруде. 2024 жылы шаһарда 961 отбасы баспаналы болды. 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған 3519 тұрғын баспанамен қамтамасыз етілген. Ипотекалық және жеке үйлер де тапсырылуда. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Таяуда еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Енді қаламыз, облысымыз бұдан да жоғары қарқында дамиды. Ал бүгін, Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғындарға жаңа баспаналар табысталуда. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырамыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Сондай-ақ, аталмыш шараға қатысқан облыстық мәслихат депутаттары Сүлеймен Арыстанов пен Инара Намазбаева да қала тұрғындарын қоныс тойымен құттықтап, баспана кілттерін табыстады. Осы күні Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан қала аумағынан сатып алынған 5 қабатты 348 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Оның ішінде, 168 баспана көпбалалы отбасыға, 180 пәтер әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын азаматтарға табысталды. Аймақ басшысы тұрғындармен бірге жаңа пәтерлерді аралап көрді. Қоныс тойын тойлаған азаматтар қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын білдірді. Баспана кілттерін табыстау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 16784 азамат тұр. Биыл жыл соңына дейін 11 жаңа тұрғын үй, яғни 1020 пәтер кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Сонымен қатар кредиттік негізде тағы 800 пәтерлі 20 тұрғын үй жыл соңына дейін өз иелеріне тапсырылмақ.