Қазақстандағы МӘМС жүйесі әлеуметтік болғандықтан мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жарналарды төлеуді жалғастыруда. 2025 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды (мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 1,9%, яғни мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылға дейінгі орташа айлық жалақы).
Жеңілдік санаттарына кіретіндер:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);
5)жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
6) мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
7)бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
8)зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
9)қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;
10)тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар;
11) жұмыс істемейтін қандастар;
12)”Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
13) мүгедектігі бар адамдар;
14) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
Жүйедегі мәртебені қалай анықтауға болады?
-Медициналық қызметтерді тұтынушының мәртебесін тексеру қызметі (сақтандырылған/ сақтандырылмаған) енді Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшаларына енгізілді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексерудің және соңғы 12 айдағы төлемдерді көрсетудің қолжетімді тәсілдерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Енді бұны кейбір екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) мобильді қосымшаларында жасауға болады.
Өткен 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені Халық банкінің қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін Halyk мобильді қосымшасын орнатып, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС» бөлімшесінде ЖСН жазу керек. Halyk арқылы медициналық ұйымға тіркелгені туралы ақпарат қолжетімді. «Мемлекеттік қызметтерге» кіріп, «Анықтамалар» батырмасын басқан кезде тұрғылықты мекенжайы, емхананың атауы, тіркелген күні көрініп тұрады.
Өткен 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені ЦентрКредит Банкінің қосымшасы арқылы да білуге болады. BCC.KZ мобильді қосымшасын орнатқаннан кейін, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС туралы ақпарат» бөлімшесінде ЖСН жазу қажет.
Сондай-ақ Kaspi.kz мобильді қосымшасын орнатып, Kaspi Bank қосымшасында сақтандырылған мәртебесін тексеруге болады. Авторизациядан өткеннен кейін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, ары қарай «МӘМС мәртебесін» таңдау керек.
Соңғы 12 ай ішінде төленбеген кезеңдер болса, оларды банк қосымшаларында төлеуге болады. Төлемдер тексерілгеннен кейін «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі.
М.Махат,
Түркістан қалалық емханасының СӨСҚ дәрігері.