Бүгін Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Жаңа қала ықшам ауданында орналасқан «Turan Mall» ойын-сауық орталығының маңында өтті. Жәрмеңке қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қатаң бақылауда.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында жалпы 3500 тонна картоп, 2500 тонна сәбіз, 1700 тонна қырыққабат және 2200 тонна пияз бар. Ал көкөніс сақтау қоймасында 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 25 тонна қырыққабат, 200 тонна бакалеялық өнімдер, 62 мың дана жұмыртқа сақтаулы. Қоймада картоптың көлемі жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ. Ішкі нарықта картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында базарлар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкен сөрелері және жәрмеңкелерде 100 теңгеден ұсынылып келеді.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры үйлестіреді. Бұл жәрмеңке тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен және қолжетімді бағада ұсынылатын тауарларды ұсыну мақсатында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорынан алынған өнімдер сатылды, осылайша қала тұрғындары әлеуметтік қажетті азық-түлік өнімдерін тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды.
«Түркістан-ақпарат»