ТҮРКІ АҚЫНДАРЫ ТАШКЕНТ ТӨРІНДЕ БАС ҚОСТЫ

297 көрілім

Қараша айының 26-30 күндері ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында түркі ақындарының халықаралық форумы өтті. Әдеби форумға еліміздің атынан Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдәзім, алматылық ақын Мұратхан Шоқан, саурандық арқалы ақын, режиссер Сайлаухан Жоланов пен отырарлық ақын Нұрғали Сердалиев және ақын Эльмира Сәрсенбайқызы қатысты.

Сондай-ақ, қазақтың қабырғалы қаламгері, ҚР Жазушылар одағының төраға орынбасары Қасымхан Бегманов пен мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет айшықты іс-шараның қонағы болды. Халықаралық деңгейдегі әдебиет тойына қатысқан ақын Айдар Сейдәзімнің айтуынша, бұл дәстүрлі форум 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

– «Түркі поэзиясы» фестивалі өзбек ағайындардың атсалысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шекарадан күтіп алып, «Қыбырай» мөлтек ауданында орналасқан Өзбекстан жазушылар одағына қарасты «Дорман» қонақүйіне жайғастырды. Фестиваль екі күнде үш-төрт бөлімнен құралып, екінші күні қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығына арналған мүшәйра өтті. Бұл мүшәйра сайыс негізінде емес, өлең оқумен айшықталды. Қырғыз, өзбек, түрік, қазақ, азербайжан шайырлары арқырап жыр оқыды. Айтпақшы, бұл жыр фестивалі екі жылда бір өткізіліп тұрады екен. Биыл 16-шы рет ұйымдастырылып, бізге де арнайы қатысуға мүмкіндік жасаған ҚР жазушылар одағына алғыс айтамыз, – дейді А.Сейдәзім.

Осы жылдар ішінде фестиваль Түркістан, Алматы, Бұрса, Бішкек, Баку сияқты ірі қалаларда өткізіліп, түркі мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын-жазушыларды танытуға бағытталған. Шара барысында Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет өкілдері үлкен құрметке бөленді. Мысалы қазақстандық ақын Ұлықбек Есдәулет Түркі халықтарының үздік ақыны атанып, өзбекстандық зиялылардың алдында зор мәртебеге ие болды. Ал, екі қазақстандық ақын Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі атанып, сый-сияпатқа қол жеткізді. Бұл шара түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің терең байланысын көрсетіп, екі елдің ақындары мен жазушылары арасындағы достықты нығайтты. Ал фестивальдің басты мақсаты – заманауи түркі әдебиетінің дамуына үлес қосқан шайырлардың шығармаларын насихаттау. Бұл жолы ақындардың шығармалары «Гүлдесте» атты жинаққа топтастырылып, алдағы уақытта баспаға шығуы жоспарлануда. Өзбекстандық қонақтардың қонақжайлылығы, ақындарға деген құрметі мен жасаған сый-сияпаттары ерекше әсер қалдырды дейді Айдар Сейдәзім. Әсіресе, жазушылар одағының жаңа ғимараты мен Ташкенттің шетінде орналасқан демалыс аймағының салынуы, сондай-ақ ақын-жазушыларға жеңілдікпен баспана беру үрдісі қазақстандық ақын-жазушыларды қызықтырып, таңғалдырғанын айтады.

– Өзбекстандық ақын-жазушылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты мақтан етіп, біздің аузымыздан суымызды «ағызып» жіберді үш күннің аралығында. Мемлекет басшысы жазушылар одағына жыл сайын 25 млрд сом қаржы бөліп, биылдың өзінде 150 автордың шығармаларын баспадан басып шығарыпты. Жаңа Ташкент мөлтек ауданынан жазушылар одағының жаңа ғимараты мен қала шетінен жап-жаңа демалыс аймағын салып жатыр дегенде қызғанып та, қызығып та кеткеніміз рас. Ол аздай соңғы үш-төрт жылда өзбекстандық ақын-жазушыларға жеңілдікпен баспана беру үрдісі де сәтті жалғасын тауып келе жатыр екен. Әттең-ай, біздің елде де осындай мүмкіндік қарастырылып, ақын-жазушыларға тиісті деңгейде көңіл бөлінсе екен деп армандап та кеттік, – дейді түркістандық ақын.

Бұл фестиваль Түркі әлемінің әдебиеттегі бірлігін, бауырмалдығын және ортақ мұратын тағы да бір мәрте паш етті. Өзбекстандағы өткізілген жыр мерекесі тек әдебиетшілер үшін ғана емес, жалпы түркі халықтары үшін маңызды оқиға болды.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы