ТӨЛ МЕРЕКЕ ТОЛАҒАЙ ТАБЫСПЕН ТОЙЛАНДЫ

278 көрілім

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, тарих пен бүгінгі заманды тоғыстырған қасиетті мекен. Ұлы даланың терең тарихына тамырланған бұл киелі қала жыл сайын жаңғырып, әрбір жаңа күнімен заманауи тыныс алып келеді. Түркістанның қайта түлеуі мен оның ерекше мәртебеге ие болуына деген ұмтылыс қазірдің өзінде бүкіл елдің назарында.

Бүгінгі Түркістан тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар қарқынды дамып жатқан заманауи қала ретінде айқындалды.

Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтары «Қала күні» мерекесін ерекше салтанатпен қарсы алды. Түркістанда бұл мереке онкүндік ауқымды шаралармен атап өтілді.

Әр салада түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, Түркістанның мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығы екендігі тағы бір мәрте дәлелденді. Республикалық футбол турнирінен бастап, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік сынды шаралар қала тұрғындарына ерекше рухани дем берді. Әсіресе, Ясауи хикметтерін жатқа айту мен ұлттық және эстрадалық әндер концерті мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы гала-концертте сөйлеген сөзінде Түркістанның 6 жыл ішінде дамудың жаңа деңгейіне шыққанын атап өтті. Әкім өз сөзінде қалада атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, алдағы уақытта қаланың «Ерекше мәртебесі» туралы заңның қабылдануы Түркістанды одан әрі гүлдендіруге мүмкіндік беретінін айтты. Әкім қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бекем ел озады» деген халық даналығын еске сала отырып, барша тұрғындарды Түркістанның игілігі үшін белсенді әрекет етуге шақырды.

Киелі Түркістан әрқашан бекем бірлігімен, ырысты ынтымағымен танылған, қазақ халқының жүрегіне жақын қала. Оның өткені де, бүгіні де ерекше – ғасырлар бойы рухани әрі мәдени орталық ретінде өз мәртебесін сақтап, тиянақты тірліктің, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп келеді. Ал алты жыл бұрын, Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғанда, оның тарихындағы жаңа парақ ашылды. Бұл тарихи қадам қаланың дамуында жаңа серпін, тың бастамалар мен зор мүмкіндіктер әкелді. Алты жыл ішінде Түркістан өзінің рухани маңыздылығын сақтай отырып, заманауи қалалық инфрақұрылым мен экономикалық өрлеудің жарқын үлгісіне айналды. Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға сапары осы еңбектердің оң бағасын алуына себеп болды. Президенттің өзі бұл нәтижелі еңбекті қала тұрғындарының бірлесе атқарған қажырлы күш-жігерінің жемісі деп атады. Түркістан халқының саны бүгінде 234 мыңнан асып отыр. Бұл тек демографиялық өсім ғана емес, қаланың барлық салаларындағы даму көрсеткіштерінің айғағы. Түркістанға құйылған инвестициялар көлемі жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері қаланың экономикасына 273 миллиард теңге тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артық.

Қала күн сайын өзгеріп, өсіп келеді. Құрылыс алаңдары мен жаңа ғимараттардың саны күн санап артып, өнеркәсіптің қарыштап дамуы қала экономикасының қозғаушы күшіне айналуда. Инфрақұрылым жүйесі – су, кәріз, электр желілері де жаңарып, тұрғындардың күнделікті өмірін айтарлықтай жақсартты. Қаланың 98 пайызы бүгінде көгілдір отынмен қамтамасыз етілгені – осының бір дәлелі. Түркістан – тек қазақстандықтар үшін емес, шетелдіктер үшін де тартымды туристік нысанға айналды. Рухани орталыққа ағылған туристер саны жыл санап артып келеді. Туристік инфрақұрылым да осы өсімге бейімделіп, қонақ үйлер мен басқа да туристік нысандар саны артуда. Бұл тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, Түркістанның әлем алдындағы мәртебесінің артуына да септігін тигізуде. Түркістанның даму жолындағы жетістіктері бір ғана статистикалық деректермен шектелмейді. Бұл – қала тұрғындарының берік бірлігі, еңбектегі табандылығының нәтижесі. Жаңа мектептер, спорттық нысандар, мәдени орталықтар, денсаулық сақтау мекемелері – бәрі де халық игілігіне қызмет ету үшін бой көтеруде.

Түркістанның қала күні – тек өткен жетістіктерді атап өтудің емес, қаланың жарқын болашағына үміт артудың да символы. Мерекелік іс-шаралар, гала-концерттер, фестивальдер – барлығы да рухани әрі мәдени тұрғыдан бай Түркістанның өркендеу жолында екендігін көрсетеді. Түркістан алты жыл ішінде көне дәстүрі мен жаңашылдықты үйлестірген, тарихы мен келешегін ұштастырған қаланың үлгісіне айналды. Бұл – қала тұрғындарының қажырлы еңбегі мен елдің қолдауының нәтижесі. Түркістанның жарқын болашағы алда, ал оның тарихындағы ең маңызды кезеңдері енді ғана басталуда.

Қала күніне арналған қорытынды мерекелік концерттің негізгі ерекшелігі – еңбегімен көзге түскен адамдарды құрметтеу болды. Түркістанның дамуына өз үлестерін қосқан жандар түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар халыққа тамаша ән шашуларын арнап, мерекенің сәнін келтірді. Бұл мереке Түркістанның жаңа заманға сай қарыштап дамып келе жатқанын, тек мәдени-рухани орталық қана емес, заманауи ордаға айналу жолында екенін көрсетеді. Қала күні – Түркістанның өткені мен бүгінін байланыстырып, болашағына үлкен үмітпен қарайтын ерекше мереке. Түркістанның әр күні жаңашылдық пен даму жолындағы қадамдарына толы. Бұл қала келешекте де түркі әлемінің жарқын жұлдызы болып қала бермек.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы