ОДАҚТЫҢ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫ ТОЛЫҒЫП КЕЛЕДІ

513 көрілім

Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының аудандардағы көшпелі отырысы әр жұма сайын тұрақты өтіп келеді. Бұған дейін баян еткеніміздей, әр кездесуде әріптестердің әртүрлі мәселелеріне қанық болып келеміз. Бұл жолғы сапарымызды шағалалы Шардара ауданынан бастадық. Орталықтан шалғайда орналасқанмен, мұнда да аудан тынысын оқырманға үздіксіз жеткізіп отырған бірнеше газет бар.

Солардың бірі – «Өскен өңір» газеті. 58 жылдан бері шығып келе жатқан газеттің аты бүгінге дейін бірнеше рет өзгерген екен. 2021 жылы жекешеленген басылымның жай-күйімен танысып, алдағы бастамалар мен жобаларды таныстыра келген топты алдымен  газеттің бас редакторы Сәбит Лаханов күтіп алды. Қалалық әкімдіктің екінші қабатында орналасқан редакция жақында жөндеуден өтіп, ескі ғимараттың сәні кіре бастапты. Оның үстіне өткен жарты жылдықта газет барлық қаржылық шығындардан құтылған екен. Қуанышымен бөліскен Сәбит ағамыздың алдағы уақытта әкімдікпен қосымша келісімшарттар арқылы газеттің ауқымын кеңейтуді қолға алмақ ойы бар. Сонымен қатар, топты бастап барған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетов, ардагер журналист, профессор Сейдулла Садық және Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдазым қатысқан жиын барысында «Өскен өңір» редакциясының ұжым мүшелерімен медиасауаттылық және ақпараттық сайттардың жұмысын жетілдіру бағытындағы мәселелер талқыланды. Аудандардағы газеттердің жағдайы мәз емес екені баршамызға белгілі ғой. Соған қарамастан 2800 оқырманға үздіксіз ақпарат таратып отыру, оның үстіне 10 адамды жұмыспен қамту да орасан еңбек. Келелі кеңесте газеттің жарнамасы мен оқырманын көбейтуді қолға алу үшін ақпарттық сайттың да жұмысын қатар алып жүру маңызды екеніне назар аударылды. «Өскен өңір» секілді қарт басылымдардың жеке ақпарттық сайтын қолға алып, сол арқылы аудан әкімдігі тарапынан қолдаулар болса, бұл да ұжым үшін  қосымша табыс әкелетін жақсы мүмкіндік болары сөзсіз. Емен-жарқын мәжілісте осындай мәселелер ортаға салынды. «Жолы болар жігітке жолдан жолдас қосылар» дегендей, сапарымызды естіп, уақыттың тығыздығына қарамай Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев те мәжілісімізге арнайы қатысты. Өз кезегінде оңтайлы сәтті пайдаланып әріптестердің бірнеше мәселесін аудан басшысының орынбасарына жеткізді топ мүшелері. Бауыржан Шомпиев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше назар салып, қолдау танытатынын білдірді.

– Бұл жақсы бастама болды. «Шалғай жерлердегі баспасөздің хәлі қалай» деген мақсаттағы сапарларыңызға тілеулес болып, қуанып отырмыз. Қолымыздан келсе жәрдем берейік, болмаса қолдау білдіретін азаматтарға айтайық деген ниеттеріңізге де рақмет. Қанша дегенмен, сіздер облыста, орталықта болғандықтан, аудан басшыларына біздің айта алмай жүрген арзуымызды жеткізуге сеп болатындарыңызға сенеміз – деп Сәбит ағамыз ағынан жарылды.

Бұдан бөлек «Шартарап-Шарайна» газетінің редакциясына да бардық. «Шартарап-Шарайна» газетінің редакторы, ауданның «Құрметті азаматы» Нұрмахан Қары ағамыз бастаған ұжым қуана қарсы алды. 4 жылдан бері денсаулығына байланысты редакцияға келмеген ел ағасы бүгінгі жиын үшін қайратын жинап, қайта жұмысқа келіпті. Денсаулығы сыр берсе де, аудандағы журналистерге алаң боп жүрген Нұрмахан ағамыздың дархан көңіліне дән риза болдық. Ал газеттің бүгінгі ахуалы жаман емес екен. Таралымы 2550 дананы құрайтын 20 жылдық тарихы бар басылым биыл 16 млн. теңгеге мемлекеттік тапсырыс орындаған. Ұжымда 7 қызметкер жұмыс жасайды. Түрлі-түсті әрі тартымды газеттің әрбір мақаласы QR-кодтармен безендіріліп, оқырманға газетті гаджеттен оқуға бар мүмкіндік жасалғанын айта кетуіміз керек. Осындай заманауи игіліктерді өз кәдесіне жаратып жатса, аудандық газет үшін бұл да жетістік деп ауыз толтырып айтуға болатын шығар. Келгендегі мақсатымыз да осы еді. Бірлі-жарым біліп, естіп жүрген жайттарды көзбен көріп, көңілге түйгеннің маңызы басқа, әрине. Осылайша, Шардарадағы өңір журналистикасында өз үлесі бар аудандардағы ағалардың жанкешті жұмысына қанық болдық. Олар да саладағы сан түрлі өзекті тақырыптарды талқыға салып, тәжірибелерімен бөлісіп жатты. Соның бірі газеттің тиражын арттыруға қатысты Нұрмахан ағамыздың «Франция елінде жергілікті басылымдарды идеология құралы ретінде бағалап, әрбір жас газет-журнал оқып, танымын кеңейтуі тиіс деген ұстаныммен мемлекет есебінен бір оқушыны бір газетке жаздырады екен. Сол секілді еліміздің әр өңірінде жергілікті газетке оқушылар жазылса мемлекеттің бізге жасаған үлкен қолдауы болар еді», деген ұсынысында айтарлықтай салмақ барын айта кеткеніміз жөн болар.

Шардарадан шығып, Жетісай қаласындағы журналистермен жолығудың сәті түсті. Бұл ауданға сапарымыздағы санаткерлер сапына «DIDARBEK.kz» ақпараттық агенттігінің директоры Әсет Әссанди ағамыз бен «KUNGEI.kz» ақпарат порталының басшысы  Арай Есенбек және «Рейтинг» газетінің бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы әріптестеріміз де қосылды. Жетісай және Мақтаарал аудандарынан жиылған журналистермен баспасөз брифингін жасап, одақтың алдағы жұмысы мен сапардың мақсатын таныстырдық. Жетісайдың өзінде 5 газет шығатыны көңілге қуаныш ұялатады. Дегенмен, маман тапшылығы бұл ауданда да әріптестердің «бас ауруына» айналған. Мәжілістің өтуіне ұйытқы болып, осындағы журналистерді бір орталыққа жинаған «SANUR» телеарнасының басшысы Гүлмира Саржанованың сөзіне сенсек, ең жас маманның жасы 34-те екен.

– Қазір оқуын аяқтаған жастар ауылға қайтқысы келмейді. Ең болмаса, 1-2 жылға келіп жұмыс жасаса, жастар практикасы бар, басқа да жергілікті биліктен қолдаулар бола жатар, әйтеуір маман тапшылығын жоюға септігі тиер еді. Мен газетте жұмыс жасайтын әріптестерімнің жағдайын көріп, жаным ашиды. Қазір газеттің шаршы сантиметрінің құны 156 теңге болса, соның құнын 200-220 теңгеге көтеруге болады. Бұны облыстық мәслихатта да мәселе ретінде көтерген жөн. Мәселен, былтырғы жылы телеарналарға министрліктен баға бекітіліп келді. Бірақ, еліміз бойынша әр облыс өз бағасын қойған. Атырауда басқа баға, Оралда басқа баға дегендей… Осыдан соң біз облыстық мәслихатқа 5-6 телеарна басшылары хат жолдап, эифр минутының бағасы көтерілсін деген ұсынысымыз орындалды. Айтайын дегенім, эфирдің минутына есептелетін баға мемлекетке төлейтін қаржыны, қызметкерлердің жол ақысы мен жалақысын ақтап жатқан жоқ еді. Осы өтінішіміз өз шешімін тауып, шүкір, қазіргі баға көңілімізге қонымды. Дәл сол жағдайды газеттерге де жасаса, жағдай жақсарар еді, – дейді Гүлмира Саржанова.

Әріптестермен еркін диалогқа ұласқан кеңесте тағы бір өзекті мәселе айтылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Жетісайдан 5 газет және Мақтааралдан 2 газет жарық көретін болса, оларға жазылу жайы басқа аудандардағыдай журналистердің жанайқайына айналып  барады. Жалпы алғанда газет үшін ең басты үш нәрсе болса, алдымен оқырман және жазылушылар жайы, кейін баспахана мен баспана мәселесі болатыны анық. Осы ретте жергілікті журналистер білім, медицина секілді іргелі салалардағы қызметкерлердің газет оқуға, тіпті оған жазылуға да құлықсыз екенін ашық айтып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында газеттің қоғамдағы маңызын арттыру тетіктерін талқыладық. Сонымен қатар, аудандық баспасөз құралдарына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін арттыруға күш салу керегі де назардан тыс қалмады.

Әрине, одақтың алдағы жоспары осындай бірқатар мәселелермен толығып келеді. Жетісайдағы жиында одақ жұмысының келешегіне қатысты да біраз бастамалар айтылды. Төраға міндетін атқарушы Мәлік Дәулетовтің бастамасына қолдау танытып жатқан жетісайлық журналистердің де бірнеше ұсынысы бар екен. Оның бірі – одақ мүшелерін «тазалау». Әріптестердің айтуынша, кейбір журналист атын иемденген одақ мүшелерінің орашолақ әрекеттері қоғамдағы, өңірдегі ақпарат саласы мамандарының абыройына кір келтіріп жатыр. Әрине, «күріштің арқасында күрмек су ішетіні» рас. Сонымен қатар, кеңеске келген әріптестер кейінгі кездері журналистердің қоғамдағы беделін арттыру жұмыстары кенжелеп қалғанын алға тартты. Облыс көлеміндегі марапаттарда әріптестердің есім-сойы естілмей, еңбектері еленбей жатқаны – бізді бірлік пен ұйымшылдыққа шақыратын белгі деп түйдік.

Басқосуда тәуелсіз «Орта Азия», «AQPARAQ» газеттерінің бас редакторлары Боранбай Құдияров пен Жаппар Ғаппар, «Жаңа Жетісай»  газетінің бас редакторы Алтынбек Тастанбеков, осы газеттің жауапты хатшысы Эльмира Өсербекова, «Мақтаарал» газетінің директоры – бас редакторы Сәбит Қалдыбаевтар жергілікті БАҚ аудандардың бет-бейнесін, өмірі мен тыныс-тіршілігін жан-жақты, толыққанды көрсетіп, халықтың үні, бұқараның рухани тірегі болуға күш салып келе жатқанын айтты. «Бізде де басқа аудандардағы секілді тендерде мемлекеттік саясатты насихаттауға қаржының аз бөлінуі, редакция қызметкерлерінің жалақысының төмендігі, газет таралымының құлдырап, азайып кетуі, журналистердің  баспана кезегіне тұрып, коммуналдық үй алуға мүмкіндігінің болмауы, шипажайларда демалып, денсаулығын жақсарту үшін жолдама берілмеуі, жоғарыдан «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» т.б. марапаттарға мүлдем ұсынылмауы секілді мәселелердің бар екені айтылып, бұл өтініш, ұсыныс-пікірлерді облыстық Журналистер одағы қарап, қолдау, көмек берсе» деген тілектерін білдірді.

– Бір ғана тендер мәселесіне қатып қалуға болмайды. Мемлекетке де мұң шаға берудің қажеті жоқ. Өзімізде ізденіс пен талпыныс қалыптасса, бәсекелестік болса, жаңа әдістер жасалса, қаржылық мәселелер де шешімін табады деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жайт, жыл сайын айлық есептік көрсеткіш өзгеріп отырады, сол сияқты мемлекет тарапынан газетке, телеарнаға, ақпараттық сайттарға қойылатын баға да өзгеруі керек. Мысалы, сайттарда бір таңба 6 теңге болса, ол бағаның өзгермегеніне бірнеше жыл болды. Осы аралықта интернет қызметтері де, мамандардың қызметі де қымбаттады. Ал баға сол күйінде қалды. Кейбір газеттердің жағдайын ескерсек, олар пайдаға емес, шығынға жұмыс жасап жатыр. Осы шаруаларды қолға алып, ұжымдық хат жазсақ, ісіміз өрге басады. Бізге нақты алгоритмдермен жұмыс жасау керек.  Әсіресе, Youtube, Instagram, TikTok, Facebook секілді әлеуметтік желілер және ақпараттық сайттар арқылы жұмысымызды жандандыруға әрекет жасау керек. Кешіріңіздер, қазіргі таңда кез келген БАҚ саласы әлеуметтік желіге ұтылып бара жатыр. Оны мойындау керек. Себебі ақпарат шапшаңдығында әлеуметтік желі мен сайттардың салмағы  басымырақ. Бұл тұрғыда газеттер танымдық не зерттеу жағына ауысса деп ойлаймын. Ол сайттарға бәсекелес бола алмайды. Тіпті телеарналардың өзі бәсекелес бола алмайды. Сондықтан, қазір телеарналар шоуларды және жаңаша бағдарламаларды көбейтіп жатыр, – деді Арай Есенбек. Жасыратыны жоқ, шалғай аудандарда өз қазанында қайнап жатқан журналистер қауымында бәсеке аз екені байқалады. Бұл бізге ортақ кемшілік болғандықтан, баршамыз бірлесе атқаратын ауқымды жұмысқа айналуы шарт. Заманға сай жаңа үлгіге ауысқан газеттердің, телеарналар мен ақпараттық сайттардың жұмысы жанданса, ол да біздің ортақ жетістігіміз болмақ.

Әр кездесуде сөз алған көшпелі мәжіліс тобының мүшелері де кезегімен салаға жаңашылдық әкелетін ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Соның алғашқысы Арай Есенбектің көтерген мәселесі өзара талқыға түссе, «DIDARBEK.kz» ақпараттық агенттігінің директоры Әсет Әссанди ағамыз да қазіргі уақытта әріптестеріміздің жас шамасына қарамастан заман талабына сай қызмет көрсету қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде әлеуметтік желілерді қолдану арқылы ақпараттық порталдың қызметін жетілдіруге қол жеткізу тұрғысында тәжірибесімен бөлісті. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафедрасының негізін қалаған ардагер ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов жоғары оқу орнының қабырғасында журналист мамандар дайындау жақсы жолға қойылғанын  тілге тиек етті. Облыс, аудан деңгейінде жұмыс істеп жатқан БАҚ өкілдері де ел мен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қойып, қазіргідей алмағайып заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген шынайы ақпараттар ұсынғаны жөн деген ойын айтты. Басқосуда тәуелсіз, жаңашыл журналист «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы әріптестерін қоғамдық пікірдің маңызды факторына айналған кезеңде  ескі, таптаурын әдіс-тәсілдерден айығу қажеттігін, бос сөзділіктен аулақ болуға, әрдайым оқиғаның ортасында жүріп, елді алаңдатып, толғандыратын мәселелерді батыл көтеріп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен, сан түрлі мәселелер көтерілген кеңесте «Қазіргі қазақ журналистикасының деңгейін оңтүстік өңір көтеру керек» деген ізгі тілектер де айтылып жатты. Әрине, «сөз бен істің арасы мың шақырым». Осы ретте қорытынды сөз алған Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Жұмаханұлы өңірдегі ақпарат саласындағы әріптестерді бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Айтылған дүниелердің бәрі тек одақ төрағасының мойнындағы міндет деп қарауға болмайды. Осынша мәселелердің оң шешімін табуына ықпал жасау үшін алдымен бірлікті жұмыс жасайық. Аудандардағы маңызды жұмыстарға келгенде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жатсақ, одақ жұмысы да, өңір журналистикасы да жанданады, – деді Мәлік Дәулетов.

Осылайша, жыл соңына дейін аудандардағы әріптестердің жай-күйін, толғантқан мәселелерін сараптай келе, одақтың жоспары бекітілмек. Сондай-ақ, желтоқсан айында, облыс орталығында журналистердің және аудан-қала басшыларының қатысуымен өзекті тақырыптар турасында үлкен кеңес ұйымдастырылады.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы