ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АСПАНМЕН АСТАСҚАН ҮЙДЕ ТҰРАДЫ

111 көрілім

Облыс орталығы атанғалы бері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан нысандардың қатары мол. Осыдан 4-5 жыл бұрын 7-8 қабатты үй салынады екен дегенге үрке қарайтын жергілікті халық енді 20 қабатты үйдің тұрғындары атанбақ. Өркениетке бастаған осынау жобалар қасиетті мекеннің күншығыс бөлігіндегі жаңа қала аумағын күн өткен сайын көріктендіре түсуде.

Тарқатып айтсақ, әлгі жиырма қабатты үй деп отырғанымыз тура жаңа қаланың қақ ортасынан яғни, әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерді. Бұл Түркістан облысында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүргізілген құрылыс. Қазіргі таңда 190 пәтерден тұратын 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Тұрғын үйге осы жылдың қазан айында Түркістан облысы аумағында тұратын, тұрғын үй кезегінде тұрған, «Отбасы банк» АҚ-ның салымшылары тарапынан конкурсқа өтінімдер қабылданбақ. «Inter Construction» ЖШС мердігер мекемесі салған тұрғын үйдің барлық пәтері 2 бөлмелі және олардың көлемі 65-80 шаршы метр аралығында екенін айта кеткен жөн.

Сонымен бірге, Түркістанда жыл соңына дейін 1300-ден астам пәтер кілтін өз иелеріне тапсыру жоспарланып отыр. Бұл ретте облыс аумағында баспана мәселесін шешу бағытында ауқымды істер атқарылуда. Сол жұмыстарды зерделеп, танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы 5 қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарын кезекті рет аралады. «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен «Отырар» шағын ауданында салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

– Мердігерлер халық пен мемлекет алдында міндеттеме алған соң өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарулары керек. Жауапты басқармалар мен мекеме басшылары да әр нысанның сапалы салынуын бақылауда ұстасын. Бүгін айтылған кемшіліктер дереу ретке келтіріліп, жұмыс жандансын, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар сын-ескертпе айтты. Үйлердің сыртқы бейнесін біркелкі ету, қасбеттеріне мән беруді тапсырды.

Жұмыс барысына тоқталсақ, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мұндағы 20 үйдің құрылысына 6 мердігер тартылған. Құрылыстың жалпы алаңы 20 мың шаршы метрден асады. 1728 пәтердің 1374-і, яғни, 17 үй биыл тапсырылады деп жоспарланған.

«Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты үйлердің құрылымы да тұрақты қадағалануда. Мұндағы 20 үйді 7 құрылыс компаниясы салып жатыр.

Айта кетейік, биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілсе. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен бой көтеруде. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған. Жалпы 900 мың мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.

«Түркістан-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы