Бүгінгі күні қазақ өнерінің тарланбозы, киелі шаһарымызға театр өнерінің туын тігіп, негізін қалаған Райымбек ағамыздың рухымен қайта қауышып, керемет күйді бастан кешірдік. 25-жыл! Көзді ашып-жұмғанша ақындар жырға қосып, бозбала жастықты сағындырар жиырма бес жыл өтіп те кетіпті! Өнердің ескірмейтінін, өлмейтінін, мәңгілік екендігін осыдан-ақ біліңіз! Арада осынша уақыт өтсе де күні кеше болған сияқты. Сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Әметтің өнер тарланы Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовтың жанында тұрып «Мінеки, енді бұл ғимарат- сіздердікі!» деген тарихи күннен бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.

«Бала театр» «Дана театрға», Райымбек ағаның өзі іріктеп топқа қосқан жалынды жас шәкірттері салиқалы, сабырлы, шеберліктері шыңдалған сахна саңлақтарына айналыпты! Өмір барда өзгеріс бар. Сол кездегі алғашқы буын, алғашқы құрам толық сақталмаса да, ұлы тұлғаның көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған, мейір-шапағатына бөленген театрдың көркемдік жетекшісі Айдар Наурызбаевты, сахна сырын суда жүзген балықтай меңгерген театрдың аға буын актерлері Қанат Садықбековты, Нұржан Ізтаевты, Бағлан Төлендиевті, Гүлзада Айтбаеваны, театрдың бас суретшісі, поэзия оқудың хас шебері Қанат Шериевті, қазіргі таңда облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып отырған Ержан Исатаевты, қазақ сахнасына әр беріп жүрген Нұржан Төлендиевті, Жұлдызай Дүйсенбиеваларды көргенде, Райымбек аға ортамызда жүргендей тебіреніп, жанарымызға жас келеді. Жасыл бақтай жайнатып соңына қалдырған шәкірттері де әлі күнге дейін аманатқа адалдық танытып, ұстаз сенімін ақтап келеді. Алысты айлық жерден болжайтын көзі қарақты жанның өнер дарындарын таңдауда қателеспегендігін әрдайым дәлелдеп жүр. Бұл толқулы ой, тебіреністі сезімді кешегі күні Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры мерейлі XXV маусымының ашылу салтанатында бастан кешірдік. Өнер сүйер қауым театр төрінде жарқырап тұрған Райымбек Ноғайбайұлының портретінің жанында суретке түсіп, мұраға қалдырған тарихи қойылымын тамашалап, бір жасап қалды. Театр шымылдығы өнер ордасының төлқұжаты, талай елді аралап әлемді тамсантқан, бір ғана Түркия мемлекетіне арнайы шақырумен барып он бір қаласында қойылымды түрік тілінде сөйлеткен Б.Вахапзаденің «Көк түріктер» спектаклімен ашылды. Жеке өз басым бұл қойылымды қанша рет көргенім есімде жоқ. Бірақ, әрбір көрген сайын тұңғыш рет көргендей ерекше әсер аламын. Тіпті де жалықпаймын. Керісінше, көрген сайын бұрын байқамаған тұстарыма тереңірек үңіліп, тағылымынан сабақ алғандай боламын. Ой түйемін. Өзің тілің жетіп айта алмайтын нәрсені тарихи дерекке негізделген қойылым арқылы жеткізген өнер құдіретіне, оның шексіздігіне басымды иемін. «Көк түріктер» тарихи трагедиясы заманымыздағы 630-жылы Қытай империясы жеңіліске ұшыратқан l-ші Көк Түрік Қағанатының ұлт-азаттық күресін суреттейді. Бұл тарихи қойылымда Қытайдың сайқал саясаты түркі қағанатына ішінен іріткі салып, билік, мансап үшін бауырлас адамдар бір- бірінің қанын төгуге дейін барады. Қытай империясы қулық пен айлакерліктің арқасында ешқашан жеңілістің ащы дәмін татпаған, ұлы Көк түрік қағанатына шабуыл жасап орасан зор зардап әкеледі. Алайда, кеш түсінсе де, ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында Көк түрік мемлекеті өзінің елдігін сақтап қалады. Ал осы тарихи шежіреге айналған өлмес дүниені жарыққа шығарған қоюшы режиссёр ҚР Халық әртісі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының бас жүлдегері, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов. Қойылымды музыкалық көркемдеуші – өмірден ерте кеткен дарын иесі Арман Дүйсенов, қоюшы суретші – Қалтөре Жұмағұлов.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, көрермен көзайымына айналған, ел тағдырына алаңдаулы әрбір жанның патриоттық сезімін оятып, терең ой салатын тарихи қойылым басталар алдында жергілікті баспасөз ақпарат құралдарымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Жаңалық жаршыларымен кездесуді Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының директоры, театр тізгінін ұстағалы бері өнер ордасына тиімді өнегелі өзгерістер енгізіп, жаңа заман лебін әкелген іскер басшы, өзі де киелі өнер иесі Арман Алиев ашып, бүгінгі мақсат-мүдделерін ортаға салды.
«Бүгін Түркістан облысында, Р. Сейтметов атындағы өнер шаңырағында- үлкен мереке. Тек біз үшін ғана емес, театр сүйер қауымның да үлкен мерекесі. Әрине,мерейлі XXV-ші маусымымыздың шымылдығын өзіміздің ұстазымыз , театрдың негізін қалаушы Райымбек Ноғайбайұлы қойып кеткен әлемнің талай елдерін аралап , көрерменін тамсандырған тарихи трагедиялы қойылым Б.Вахапзаденің “Көк түріктер”туындысымен ашып отырмыз. Дарынды өнер иесінен мұраға қалған төрт спектаклімізді көзіміздің қарашығындай сақтап отырмыз. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы ұстазымыз Райымбек Сейтметовтың туған күніне орай апталық өткізіп, өзінің қолтаңбасы қалған осы спектакльдерді көрермен назарына ұсындық. Бұл игілікті қадам алдағы уақытта да жалғасын табады, дәстүрге айналады деп ойлаймыз.
Осы орайда көрермендер тарапынан «Өзге театрлар секілді жаңа маусымды премьерамен ашпадыңыздар ма?» – деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Жаңа премьера дайын тұр. Бірақ бәрімізді өнерге жетелеп, көзімізді ашып, тәрбиелеп, театр салған, жалпы Түркістан топырағында театрдың дәнін сепкен, мәдениетін қалыптастырған Райымбек ағамыздың әруағы алдында бас иіп, әр маусымымызды өнер тарланының қойылымымен ашып-жабамыз деген дәстүр қалыптастырып келе жатырмыз. Бұйыртса, театрымыздың жиырма бес жылдығын күнтізбелік жоспарменен бірінші қаңтардан бастап мерейтойға арналған көптеген іс- шаралар өткізілетін болады. Көрмелер, дөңгелек үстелдер, форумдар, кездесулер, естеліктер, осыған лайықты спектакльдер көрермен назарына ұсынылатын болады. Ал театрдың жаңа маусымдағы қоржынын орыс халқының атақты өнер иесі В. Шукшиннің алты прозалық шығармасынан жиынтық жасаған «Ауыл әңгімелері» атты спектакльмен толықты. Қойылым премьерасы 20-21 күндері өтеді. Қойылым режиссері Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафин. Сондай-ақ, театр ұжымы осы қойылыммен қыркүйек айының 18-27 аралығында В.Шукшиннің 95 жылдығына орай Барнаул қаласында екінші рет өткізілетін «Здравсивуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатысады. Ал енді В.Шукшинді таңдау себебіміз, театрымызда орыс авторларының шығармашылығы жоқ. Ресейден, жан-жақтан шақырулар түсіп жатады. Өкінішке орай, біздің апаратын дүниеміз болмай қалады. Қазір өздеріңізге белгілі театр саласында да театр өнерінің жанр түрлері көп. Заманмен тең басып, соларға қатысуымыз керек. Арман-қиял көп. Абай, Шәкәрім сияқты қазақ халқының қаймақтары дүниеге келген өлкелерге Шығыс Қазақстанға, Солтүстік Қазақстандағы бізбен құрдас С.Мұқанов театрына, батыс өңірлерге гастрольдік сапар жасағымыз келеді. Сонымен қатар театр жаңа маусымда жазушы Ш.Айтматовтың шығармасының желісімен түсірген режиссер Мұқанғали Томановтың «Жан пида» қойылымын сахналайтын болады. Алға осындай жоспарлар қойып отырмыз» – деді театр директоры Арман Алиев баспасөз мәслихатында.

Жалпы «Көк түріктер» қойылымы – үлкен энергияны, ерекше есте сақтау қабілетін, сөздің айтылу мәнерін талап ететін дүние. Әрбір актердің рөлінің үлкен-кішіге бөлінбейтін ойып алар орны бар кейіпкерлер. Ақылды, парасат иесі Баға Тарханның (Рауан Шырынбеков) өзі неге тұрады?! Тіпті жағымсыз кейіпкерлердің шебер сомдалғандығы сондай, залдан ызалы дауыстармен «реплика» тастағандар да болды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Зағира және Ұлжан Мұстафаевалар, Сара Таңғатарова, Райхан Нарикова, сынды көрермен қауым өзара әсерлерімен бөлісіп жатты. Ал менің есіме, 2001 жылы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көк түріктер» қойылымын тырп етпей отырып, «протоколдан» шығып, қараңғы түсіп, тік ұшақ ұша алмай қалатын қауіпке қарамай бастан-аяқ көріп, түркістандық өнер иелерінің өнеріне таң қала тәнті болғаны, Райымбек ағаның қолын қысып, өнер құдіретіне, өнер шырағын жаққан тау тұлға дарын иесіне шексіз риза болғаны түсті. Бұл – театрдың ең жұлдызды сәттерінің бірі болатын. Театр өмірінің бір парағы. Мен бұл арқылы өнер алдында ханның да, қарашаның да дәрменсіз екенін, бас иетінін айтқым келеді.
Қорыта келе, қойылымның сәтті шығып, көрерменге жетуі жолында жанкешті еңбек жасайтын, алайда үнемі көзден таса, көңілден қағыс қала беретін барлық әдебиет, қою бөлімі меңгерушілеріне, бутафор- декораторға, костюм, грим, жарық суретшілеріне, дыбыс, жарық беруші операторларға, хореографтарға, сахна машинистеріне алғыс сезімімізді білдіргіміз келеді.
Сонымен, қош келдің, жаңа театр маусымы, мерейлі XXV театр маусымы дейміз біз де! Киелі өнердің де, өнер иелерінің де бағасын білер көрермендеріңіз көп болсын, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов «Хас сұлудың жасындай мөлдір өнер» деп тамсанған театрдың тарландары!
Роза Нарымбетова
